"Бұдан ары жұмыс істеу ұят". Шенеунік өз қателігін мойындады.

Dalanews 08 мам. 2017 09:14 262

Соңғы кездері басынан дауы арылмаған Атырау облыстық орман шаруашылығы инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев ақыры қызметтен кетіп тынды. Осы уақытқа дейін қаншама кемшілікке жол берсе де, орнынан мызғымаған басшының өз еркімен арыз жазуына жақында Ресейге кедергісіз өтіп кеткен 4 тонна балық себеп болған.

Жақында қарамағындағыларға соңғы жиналысын өткізген Мұрат Ермекқалиевтің айтуынша, соңғы кездері өзі басқаратын мекеменің жұмысы мен тікелей өзіне айтылатын сын-ескертпе тым жиілеп кеткен.

Қызметімді қалтқысыз атқара алмадым деген басшы оның себептерін де тізбелеп берді. Мысалы, жақында қызметкерлерінің бірі мас күйінде көлік жүргізіп келе жатып, енді бірі 30 келі қызыл балық және қара уылдырықпен қолға түсіпті.

Ал бір апта бұрын Атырау арқылы ың-шыңсыз өтіп, Ресей жерінде ұсталған 4 тонна бекіреден соң жұмыс істеу тіпті ұят дейді. Сол себепті өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған. Айта кетейік, Мұрат Ермекқалиев бұл қызметті 2014-ші жылдың қазанынан бері атқарып келді.

Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі  инспекциясының ендігі экс-басшысы Мұрат Ермекқалиев:

- Өзім басқаратын инспекцияның қазіргі жағдайын ескере отырып және Құрманғазы ауданындағы «Ақсу-Қиғаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі лимитке қатысты оқиғалардан соң жұмыстан кетемін деп шештім. Бұлар мен жол берген кемшіліктен, қателіктен болды деп білемін.

 

Дереккөзі: ktk.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x