"Былықтарыңды әшкерелеймін!". Генералдың не айтқысы келеді?

Dalanews 08 мам. 2017 08:56 273

Рақымшылыққа ілікпей қалған Нұрлан Жоламанов түрмеде отырып әшкерелеуші материалдарын жариялағалы жатыр. 11 жылға сотталған Шекара қызметінің экс-басшысы бұрын бірге жұмыс істеген  әріптестерінің бар былығын ашпақ. Тіпті деректерін тізіп Ақордаға жолдап та қойыпты. Бұл жайында КТК арнасы хабарлады.

Өз кезегінде Нұрлан Жоламановтың қорғаушысы Мұстахим Төлеев:
- Ол бұрын да Президент әкімшілігіне хат жазған.  Шекара қызметінің жүйесінде кең етек алған қылмыс әрекеттерін, мемлекеттің қаржысы талан-таражға салынғанын жазған. Тіпті, лауазымды адамдардың аты-жөнін көрсеткен. Бірақ ол жабулы қазан күйде қалды. Таяуда мен кездесуге барғанда ол: «Өз тарапынан ресми арыз әзірлеп жатырмын. Көп қылмыстардың бетін ашамын» деген болатын, - дейді.

Жоламановтың ашулануына себеп те жоқ емес. Өйткені, ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілікпей қалыпы.

Сот зейнет жасына жеткен Шекара қызметінің экс-директорын амнистияға іліккендердің  тізіміне қоспаған. Енді ол соттың шешіміне қарсы қайта шағымданбақ.

Естеріңізге салсақ, Жоламанов 2014-ші жылы ұсталып, былтыр 11 жылға сотталған болатын. Лауазымды әскериге пара алды, қылмыстық топ құрды деген айыптар тағылған.

Жәудір Оразхан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x