Мәжіліс депутаты Көксу ауданын аралады

Dalanews 12 қаң. 2017 14:38 254

Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін үкімет тарапынан көптеген игі шаралар атқарылуда. Ел жүрегі жарыла қуанатын осындай игілікті істер Алматы облысы Көксу ауданында ойдағыдай іске асуда. Таяу жылдардан бері ауданның дамуы қарқынды екені барша игі жақсыны қуантуда.

Қаңтардың он екінші жұлдызында жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов ауданға келді. Мәжіліс депутатымен бірге Қазақстан Коммунистік халық партиясы Алматы облысы филиалының бірінші хатшысы Сәуле Бигарова ауданға арнайы ат басын бұрды. Ондағы мақсат – қарапайым халықпен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыс пен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында» айқындалған міндеттер қалай жүзеге асырылып жатқанын бағамдап, қарапайым халықтың хал-жағдайын біліп, кеңінен әңгімелесу.

Жұмыс сапарымен келген халық қалаулысы аудан әкімінің орынбасары Әлия Садықованың бастауымен аудандық емханаға арнайы барды. Мәжіліс депутаты осыдан екі жыл бұрын іргетасы қаланған емхананың тіркеу бөлімі, рентген-диагностикалық бөлімі, флюорография бөлімі, ерлер және әйелдерді тексеру бөлімі, алдын ала тексеру және скринингтен өткізу бөлімі қатарлы барлық құрылымымен жеке-жеке танысып, медицина саласындағы қызметкерлердің қарапайым халықтың денсаулығы үшін үздіксіз еңбек етулеріне тілектестік білдірді. Емхана басшыларының көз және рентгенолог саласында мамандар жетіспейді деген өтінішін тыңдап, бұл мәселенің алдағы уақытта шешімін табатынына сенім білдірді.

Халық қалаулысының іссапары Темірғали Исабаев атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Білім ордасындағы ұстаздармен маңызды кездесу өткізіп, үш тілде білім беру жүйесі туралы кеңінен әңгімелесті. Әрбір оқушы қазақ, орыс, ағылшын тілінде емін-еркін сөйлеп, әлемдегі озық білімді игеруі керек.  Бұл бір жылдың шаруасы емес, бірақ оны уақытты жоғалтпай бастау қажет екендігін ерекше атап өтті. Оқушылардың нұрлы болашаққа деген талпынысын, білімге деген құштарлығын үздіксіз арттыру үшін ұстаздарды үздіксіз жұмыс жасауға шабыттандырды. Халық қалаулысы ұстаздардың айтқан өтінішін мұқият тыңдады. Туған ауылына арнайы келіп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан Мәжіліс депутаты ауданда атқарылған шаруаларға оң бағасын берді.

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ, Алматы облысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x