Сұлулық байқауында астаналық ару білімі төмен екенін байқатты (фото, видео)

Dalanews 11 желт. 2016 16:45 246

Актер Әнуар Нұрпейісов «Астана аруына» тосын сұрақ қойып, жұрт алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырды, деп хабарлайды Вaq.kz.

Сұрақ қоярдан бұрын актер өткен жылы «Қазақстан аруы» байқауына қатысушы кітап оқымайтынын мойындағанын еске алды.

Informburo.kz порталының мәліметінше, бұл жолы әділ-қазылар құрамында болған белгілі актер «Астана аруы» Елназ Нұрсейітовадан болашақта балаларына қандай үш кітапты оқуға кеңес беретінін сұрады. Ару бұл сұрақты күтпесе керек, сасып қалды.



«Мен өз балама Әнуар Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясын оқуға кеңес берер едім» , – деп жауап берді Елназ Нұрсейітова.

Әнуар Нұрпейісов қыздың сөзін бөліп жіберіп, бұл кітаптың авторы емес екенін ескертті.

«Кешірім өтінемін, «Қараш-қараш оқиғасы», – деп екінші кітапты атады «Астана аруы». Содан кейін залдың көмегімен тізімге «Абай жолын» қосты.

Жауапқа көңілі толмаған Әнуар Нұрпейісов қазақстандық қыздарға кірпік өсіргенше, кітапты көбірек оқуға кеңес берді.

«Қыздар, сұлулық байқауларына жалған кірпіктеріңді көрсетуге келуді доғарыңдар. Білім алуға ұмтылыңдар, білімнен жарысыңдар», - деді ол.

Айта кетерлігі, астаналық арудың анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан аруы-2016» байқауын қызылордалық Гүлбану Әзімханова жеңіп алды.

Ал 1-ші вице мисс атағын астаналық Елназ Нұрсейітова, 2-ші вице-мисс атағын көкшетаулық Жанара Найманбаева алды, 3-ші орын өскемендік Анастасия Усольцеваға бұйырды.

Осылайша, сайыстың жеңімпазы 5 млн теңге көлемінде сыйақыға ие болып, «Әлем аруы-2017» халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алды.

 

https://www.youtube.com/watch?v=LgD58fruaXA

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x