Тәжікстан: 13 мың еркек сақалынан айырылды

Dalanews 01 ақп. 2016 10:20 317

2015 жылы тәжік билігі елдің Хатлон облысындағы 13 мың ер адамның сақал-мұртын еркінен тыс алып тастаған. Бұдан сырт екі мыңға тарта әйелге хиджаб кигені үшін айыппұл салыныпты.

Сақал мен хиджабқа қарсы күресті тәжік полициясы «Сырттан енген және тәжік дәстүріне сай келмейтін салттарға қарсы күрес» науқаны аясында жүргізіп жатқанға ұқсайды.

Жалпы бүгінге дейін қауға сақал өсірген 100 мыңнан аса ер адам полицияның «қаһарына» ұшыраған екен. Олардың аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайын анықтағаннан кейін құқық қорғаушылар оларды мәжбүрлей отыра сақал-мұрттарын алып тастаған.

Негізі, науқанға бастамашы болған ел президенті Эмомали Рахмон болатын.

«Бөгде құндылықтарға қызықпаңыздар! Бұл мүлде бөтен елдің мәдениеті! Қыз-келіншектерге айтарым, хиджаб кигенше, өзіміздің ұлттық үлгідегі әсем көйлектерімізді киіңдер. Тәжік қызы ешқашан қара киім кимеген. Тіпті, қаралы жағдайда да киімнің өзі ақ түсті болатын», –  дейді Мемлекет басшысы.
Сарапшылардың айтуынша, ел президенті осылайша елдің ой-түсінігін өзгертпек. Тәжікстанды зайырлы мемлекетке айналдырмақ.

Мәселе бұл науқан қалай жүріп жатыр? Сақал-мұрттарынан айырылғандар «бізді полиция ұрып-соқты» дейді.

Соның бірі – Жауди Әкрамов. Айтуынша, көліктен түскен бірнеше полиция қызметкері 7 жастағы баласын мектептен алып келе жатқан Әкрамовты тоқтатып алып, полиция бөлімшесіне сүйрелей жөнелген.

«Мені бас-көз жоқ боқтай бастады. «Сәләфит, радикал, халық жауысың» деді. Үш полицей болатын. Екеуі қолымды қайырды да, біреуі сақал-мұртымды ала бастады».

Артынан Әкрамовты бөлімшеден қуып шыққан.

«Бұл жағдай – нағыз надандық. Менің намысыма тиді. Сақалды қойшы, ертең-ақ өседі. Қазіргі полицияда ар жоқ. Адамды мазақ қылады. Бұлай жасауға болмайды, алдымен істің мән-жайын түсіндірсе болар еді ғой», – дейді жәбір көрген азамат.

Бірақ, өзінің әділетке жетеріне Әкрамов сенбейді.

«Жұртты бұлай түзеген жөн емес. Керісінше, бұл елдің ашуына тиеді. Соның салдарынан радикалды көзқарас одан сайын өрши түседі», – дейді ол.

Бірақ, тәжік билігінің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар. Айтуларынша, алдымен бұл науқан «мәдениетті» түрде басталған.

Билік Ресейде сақал өсіргені үшін орыс скинхедтерінің қолынан қаза тапқан тәжік жігіті Омар Бободжановтың тағдырын қайталамау үшін өзге азаматтарды сақал-мұртын басып жүруге шақырыпты. Алайда бұған құлақ асқан жан болмаған.

Айта кетелік, Тәжікстандағы барлық мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге  тыйым салынған.  Хиджаб киген әйелдер киім үлгісін ауыстырмаса, жұмысқа қабылданбайды.

Ел президенті Эмомали Рахмон көтеріп отырған тағы бір бастама «балаға ат қою» мәселесіне байланысты. «Балаларымызға өзіміздің ұлттық дәстүрге сай аттарды қоюымыз қажет» дейді президент.

Айта кетелік, Тәжікстан тұрғындарының 99 пайызы ислам дінін ұстанады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x