Қазіргі заман реакторларының қауіпсіздік деңгейі қандай?

Dalanews 23 қар. 2022 04:33 186

Соңғы жылдары биік мінберлерден жиі айтылып жүрген мәселенің толғағы жеткен сияқты. Мамандардың айтуынша, еліміздің энергетикалық тапшылығын жойып,  қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір жол – АЭС салу. Осы саланы зерттеп, бүге-шігесін жақсы білетіндер бұл түйткілді талай жылдан бері көтеріп-ақ жүр. Алайда, енді ғана тоқтамға келдік.


2018 жылы Қазақстанда АЭС салудың техникалық-экономикалық негіздемесінің маркетингтік бөлімі әзірленді. Ал биыл мамыр айында Үлкен ауылы аумағында қуаты 1,4 ГВт-қа дейінгі және жалпы қуаты 2,8 ГВт-қа дейінгі 2 блоктан тұратын АЭС салу ұсынылды. Бұл атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қолдау тапты.

АЭС туралы сөз болса, теріс көзқарас пен жағымсыз пікірді ұстанатындар көп. Бірақ бұл мәселенің түпкі шешімі емес. Бізге бәрібір тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ететін АЭС керек және оның қажеттігі нақтыланды. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин еліміздегі алғашқы атом станциясы 2035 жылы салынып бітуі мүмкін екенін айтса, тиісті министрлік мұны Алматы облысындағы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылынан салынатынын жеткізді.
Қала типтегі Үлкен ауылы. Фото: Тимур Батыршин/Informburo.kz

Жасыратыны жоқ, сонау кеңестік кезеңнен келе жатқан дүниенің бәрі ескірді. Мұны президенттің өзі де «Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызы және су құбыры желілерінің жартысына жуығының тозығы жеткен» деп тілге тиек еткен. Қазір ірі қалалардың өзінде жарық жиі сөнетін болды. Себебі, біз энергияның 70 пайызын көмірден аламыз. Оған балама көз ретінде қарастырып отырған жел, күн энергиясы да тығырықтан шығарар емес. Ол ол ма, мамандар «Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізілетінін айтып дабыл қағуда. Бұдан кейін ел экономикасы бәсекеге қабілетсіз болып шыға келмек. Өкініштісі, бізде газ жоқ. Сайып келгенде, ең ұтымды шешім – АЭС салу.

АЭС – атомның бейбіт мақсатта қолданатын түрі. Ол – көмірқышқыл газын бөлмейтін энергия көзінің бірі. Бүгінде көп мемлекет көміртексіз энергетиканы таңдап отыр. Мамандардың айтуынша, мұны атом электр станциясыз жасау мүмкін емес. Өйткені күн станциялары, жел станциялары тұрақты жұмыс істей алмайды. Олар көбінесе ауа-райына тәуелді болып келеді. Ал АЭС тәулік бойы, аптасына жеті күн жүз пайыз өз энергиясын бере алады.


Әрине, көптің көңіліндегі үрейді де түсінуге болады. Кезінде Чернобыльдағы, Фукусимадағы апаттың зардабын тартқан және содан секем алған жұрттың алаңдаушылық білдіруі заңдылық. Десе де, мамандар қазір ғылым  мен технология дамыған уақытта қарастылып жатқан 3+ буындағы реакторлардың қауіпсіздігі жоғары дейді. Яғни, онша-мұншаға балқып кетпейді, радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайды.

Сонымен, АЭС салу жұмысын бастап кетсек, қазіргі заман реакторларының қауіпсіздік деңгейі қандай? Қазақстан қай мемлекеттің тәжірибесіне иек арту керек? Білуімізше, қазір Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция Қазақстанда АЭС салу бойынша өз жобаларын ұсынуда. Энергетика министрі Болат Ақшолақов таяуда қандай да бір технологияға басымдық бермес бұрын, барлық «артықшылықтар» мен «кемшіліктерді» зерделеу қажет екенін мәлімдеді.

Ал «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің Жоба басқару жөніндегі бас менеджері Әсет Махамбетовтің айтуынша, елімізде АЭС салуға ниетті KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), CNNC (Қытай) кәсіпорындарының ұсыныстары қарастырылып жатыр. «АЭС салу мақсатында вендорды таңдау бойынша жұмыстар әлі де жүргізілуде. Қарастырылып отырған реакторлар III немесе III+ буыны анықтамасына сәйкес келеді. Бұл жоғары қауіпсіздік пен оң экономикалық көрсеткіштерді білдіреді. Қазіргі жетілдірілген технологиялар тәуекелдерді азайтуға кепілдік береді», – дейді білгір маман.


Айта кету керек, ядролық-энергетикалық технологияларды жеткізушіні таңдау кезінде Фукусимадан кейінгі талаптарды ескере отырып, станцияның қауіпсіздігі, эксплуатация және жаңа станцияларды салу тәжірибесі, кадрларды даярлау мүмкіндіктері, оқшаулау дәрежесі, нормативтік база және құжаттама даярлығы сияқты бірқатар негізгі көрсеткіш қарастырылады. Қазір таңдауға түскен 4 компанияның ұсынысы да осы талаптарға сәйкес көрінеді.

Ал Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің Жоба басқару жөніндегі бас менеджері Әсет Махамбетов қазіргі заманауи реакторларының қауіпсіздік деңгейі туралы cөз қозғағанда, оның сөзге келместен өте жоғары екенін айтты.  Оның пікірінше, қауіпсіздік деңгейге бірнеше дәйекті және тәуелсіз қорғаныс жүйелері арқылы қол жеткізіледі. «Жаңа реакторларды жобалау кезінде көптеген тәуекелдер, соның ішінде жер сілкіну, дауылдың көтерілуі, өрт шыққан жағдайда, үстіне ұшақ құлау секілді ірі апаттық жағдайлар есептеледі. Бір мысал айтайын, апат кезінде қазіргі реакторлардың жұмыс дербестігі 72 сағатқа дейін жетеді. Яғни, реактор адам араласуынсыз-ақ өздігінен тоқтап, үш тәулік бойы қауіпсіз жағдайда бола алады. Сондықтан бұдан үрейленудің еш себебі жоқ» деп кесіп айтты маман.

Әсет Махамбетов, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің Жоба басқару жөніндегі бас менеджері:

 Қауіпсіздікке қойылатын талап жоғары

 – Пассивті қауіпсіздік шараларын қолдана отырып, апатқа қарсы процесте адамның (оператордың) араласуынсыз, АЭС-те болуы мүмкін ықтимал оқиғалар салдарымен күресу – заманауи реакторларға қойылатын басты талап. Қазіргі уақытта III + реактор жобаларында қауіпсіздік, сенімділік және өндірілетін энергияның арзандау деңгейі одан әрі артқан. Бұған қауіпсіздікті арттыратын, реактор жобасын жеңілдететін және арзандататын пассивті қорғаныс шараларын қолданудың физикалық принциптеріне негізделген ішкі қауіпсіздік мүмкіндіктерін барынша пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бірақ бұл реакторлардың басты ерекшелігі жобалау сатысында да белсенді аймақтың бұзылуымен болатын апаттардың мүмкіндігін іс жүзінде жою, яғни «жобалау кезінде апатты жою» тұжырымдамасы іске асырылады.

Осы реакторлар үшін белсенді аймақты балқытумен ауыр аварияның ықтималдығы 10-7 – ден кем, бұл жаңадан жобаланатын станциялар үшін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ұйғарған 10-5 ықтималдығынан екі сатыға төмен.


Түйін: Жақында Алматы облыстық мәслихатының отырысында алғашқы АЭС жобасы таныстырылып, депутаттар жобаның жүзеге асуын қолдады. Ал «Қазақстан атом электр станциялар» ЖШС мамандары бұған дейін ауқымды зерттеу жұмыстары атқарылғанын айта келе, АЭС салу шешімі алдағы он жылда екі есеге артатын электр қуатына деген сұранысты жоятын жалғыз жол екеніне екпін түсірді. Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев «АЭС іске қосылса, бұл өңір үшін инвестиция. Ай сайын төленетін салықтары бар. Алматы облысына түсетін тұрақты қаражат бар» деп түйіндеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x