Алматыда жол үстіндегі жанжал кезінде такси жүргізушісіне күш қолданған ер адам ұсталды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция тексеру жүргізген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кадрлардан екі жүргізушінің арасында жанжал туындап, олардың бірінің екіншісіне қол көтергенін көруге болады.
Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, жанжал такси жүргізушісінің жол бермеуінен басталған. Бұған ашуланған екінші жүргізуші оны қуып жетіп, мәселені күш қолдану арқылы шешпек болған.
"Күдікті - 59 жастағы Вадим Петенев", - деп жазды ол.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген полиция хабарламасында.
Күдіктінің әрекетіне қандай құқықтық баға берілетіні жәбірленушіге жасалатын сот-медициналық сараптаманың қорытындысына байланысты болады.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Істің барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
Полиция жол үстіндегі кез келген дауды заң аясында шешу қажеттігін еске салып, өзге жол қозғалысына қатысушыларға күш қолданғандар жауапқа тартылатынын ескертті.