Freedom Inside '26

Жоғалған екі оқушы қыздың ісінде жаңа жорамал пайда болды: Полиция күдікке ілінген үйлерді тінтті

Жоғалған екі оқушы қыздың ісінде жаңа жорамал пайда болды: Полиция күдікке ілінген үйлерді тінтті
ашық дереккөзден

Ресейдің Тува Республикасында бір аптаға жуық уақыт бұрын жоғалып кеткен 12 және 13 жастағы екі мектеп оқушысын іздеу жұмыстары әлі де тоқтаған жоқ. Тергеу барысында жаңа болжам пайда болып, полиция Қызыл қаласындағы бірнеше жеке тұрғын үйді жіті тексерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жоғалған қыздар күдік тудырған үйлердің бірінде болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Осыдан кейін бірнеше адам аталған үйлердің маңына жиналып, өз бетінше іздеу жүргізуге әрекеттенген. Алайда құқық қорғау органдары жағдайды бақылауға алып, тексеру жұмыстарын өздері жүргізді.

Куәгерлердің мәліметінше, күдікке ілінген үйлердің кейбірінде бірнеше деңгейлі жертөлелер бар. Сол себепті полиция қызметкерлері еріктілермен бірге барлық бөлмені, жертөлені, ауланы және басқа да жасырынуы мүмкін орындарды мұқият қарап шыққан.

Тексеру қорытындысында жоғалған қыздардың бұл үйлерде болғанын растайтын ешқандай айғақ табылған жоқ.

Еске салсақ, Айлана мен Амина 1 шілде күні кешкі уақытта серуендеуге шығып, содан бері хабар-ошарсыз кеткен. Туыстарының айтуынша, екеуі де тәрбиелі отбасында өскен, мектепте жақсы оқыған және бұрын ешқашан үйден ескертусіз кетпеген.

Аминаның анасы қызының өзен жағасына өз еркімен баруы екіталай екенін айтады. Оның сөзінше, қызы жүзе білмеген.

Тергеу үшін маңызды айғақтардың бірі – Енисей өзенінің жағасынан табылған екі қыздың ұялы телефондары болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, телефондар ұқыпты қойылған күйде табылған әрі олардың қуаты таусылмағанына қарамастан өшірілген. Сондай-ақ құрылғылар полиция бірнеше рет хабарласып, қоңырау шалғаннан кейін ғана сөнгені белгілі болған.

Қыздардың жоғалуына байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық ықтимал нұсқасын жан-жақты тексеріп жатыр.

Іздеу жұмыстарына мыңға жуық ерікті, полиция қызметкерлері, тергеушілер мен құтқарушылар жұмылдырылған. Мамандар аптап ыстық пен күрделі жер бедеріне қарамастан Енисей өзенінің жағалауын, аралдарды және орман алқаптарын тәулік бойы тексеруді жалғастыруда. Осы уақытқа дейін ондаған арал зерттелгенімен, жоғалған екі оқушының нақты ізі әзірге табылған жоқ.