Freedom Inside '26

Жетісу облысында тыйым салынған жерде суға түскен төрт бала қаза тапты

Жетісу облысында тыйым салынған жерде суға түскен төрт бала қаза тапты
gov.kz

Жетісу облысында өткен демалыс күндері бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Шомылуға тыйым салынған су айдындарында ересектердің қарауынсыз қалған төрт бала көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлап, ата-аналарды су жағасында қараусыз қалдырмауға шақырды.

Ведомство мәліметінше, қайғылы оқиғалар Кербұлақ, Қаратал және Сарқан аудандарында болған. Барлық жағдайда балалар шомылуға тыйым салынған орындарға барған.

27 маусымда Кербұлақ ауданында 11 және 9 жастағы екі қыз ересектерсіз Аралтөбе ауылы маңындағы көлге шомылуға барып, суға батып кеткен.

Сол күні Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласы маңында өзен жағасында демалып жүрген отбасының екі жасар баласы абайсызда суға құлап, ағысқа төтеп бере алмай қаза тапқан.

Ал жексенбіде Сарқан ауданында Балқаш көлінің жабдықталмаған жағажайында үш жасар бала суға батып кеткен. Ол да ересектердің қарауынсыз қалған.

Қазір Жетісу облысында ресми түрде шомылуға рұқсат етілген төрт орын ғана бар. Олар - Талдықорған қалалық жағажайы, Алакөлдегі Ақши және Көктұма ауылдарындағы демалыс аймақтары, сондай-ақ, Балқаш көлінің Лепсі ауылындағы жағажайы.