Орал тұрғыны Telegram-нан жұмыс іздеп жүріп, интернет-алаяқтардың қылмыстық схемасына араласып кеткен. Ол ақша үшін басқа адамдарға банк шотын ашқызып, олардың деректерін үшінші тұлғаларға беріп отырған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу дерегінше, оқиға 2025 жылдың күзінде болған. Жұмыссыз жүрген ер адам Telegram-арналардың бірінен оңай ақша табуға болатын "жұмыс" туралы хабарландыруды көреді. Онымен байланысқан белгісіз адам банк шотын ашып, оған қолжетімділікті беруге келісетін адамдарды тауып беруді ұсынған.
Ол әр шотқа түскен ақшаның 7 пайызын сыйақы ретінде алуға тиіс болған.
"Алынған нұсқауларға сәйкес, ер адам ақша үшін банк шоттарын ашуға келісетін азаматтарды іздей бастаған. Солардың бірі Орал қаласының тұрғыны болды. Оған екінші деңгейлі банктердің бірінен шот ашқаны үшін 30 мың теңге ұсынылған", – деп хабарлады Экономикалық тергеп-тексеру департаменті.
Ер адам әйелге банк шотын ашуға және бейневерификациядан өтуге көмектескен. Осыдан кейін оның мобильді банкингі мен шот деректеріне қол жеткізіп, мәліметтерді схеманы ұйымдастырушыға жіберген.
Көп ұзамай жаңадан ашылған шотқа 500 мың теңге түскен. Кейін бұл ақшаны интернет-алаяқтардың құрбаны болған басқа адамның аударғаны анықталды.
Орал тұрғыны 500 мың теңгенің 35 мың теңгесін өзіне алып, қалған 465 мың теңгені схеманы ұйымдастырушыға берген.
Іс сотқа жетіп, ер адам кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.