Желтоқсаншылар сотын жалғыз түсірген фототілші Юрий Беккер қайтыс болды

Желтоқсаншылар сотын жалғыз түсірген фототілші Юрий Беккер қайтыс болды
КазТАГ.

 Қазақстандық белгілі фототілші Юрий Беккер 68 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Юрий Зельманұлы Беккер журналистика саласында ұзақ жыл еңбек етіп, Қазақстанның фотошежіресін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан.

«Юрий Беккердің объективі елдің қоғамдық, саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғаларды, белгілі мемлекет қайраткерлерін, еңбек адамдарын және қарапайым азаматтарды таспаға түсірді. Оның фотосуреттері Қазақстанның қазіргі тарихының бір бөлігіне айналып, өз дәуірінің адамдары мен оқиғаларын кейінгі ұрпаққа жеткізді», - деп хабарлады министрлік.

Юрий Беккердің кәсіби жолының едәуір бөлігі «Казахстанская правда» газетінде өтті. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін редакцияда жұмысын жалғастырған. Алайда фототілшінің шығармашылық мұрасындағы ең маңызды беттердің бірі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты.

ҚазТАГ мәліметінше, Юрий Беккер 1986 жылғы 16 желтоқсандағы қайғылы оқиғаларға қатысқан желтоқсаншылардың сот процесіне қатысуға рұқсат алған жалғыз фотограф болған. Сол кезде ол ҚазТАГ ақпарат агенттігінің атынан жұмыс істеген.

Осылайша, Беккер Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты сот процесін фотоға түсірген жалғыз фототілші ретінде тарихта қалды.

Кейін оның кәсіби жолы «Казахстанская правда» газетінде жалғасты. Әріптестері Юрий Беккерді талантты фотожурналист, жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі кәсібіне адал маман ретінде еске алады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Юрий Беккердің туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен достарына көңіл айтты. Фототілшінің жарқын бейнесі мен Қазақстан тарихының маңызды сәттерін сақтап қалған фотосуреттері оның кәсіби мұрасы болып қала береді.