Зейнетақы жинағын басқаруда үлкен өзгеріс: Нартай Аралбайұлы қуанышты хабарды айтты

Зейнетақы жинағын басқаруда үлкен өзгеріс: Нартай Аралбайұлы қуанышты хабарды айтты
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Нартай Аралбайұлы

Қазақстандықтар енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады. Бұл туралы Нартай Аралбайұлы Instagram парақшасында хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, қазіргі уақытта азаматтардың жалақысынан ұсталатын 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасынан жиналған қаражаттың басым бөлігін Ұлттық банк басқарады. Зейнетақы активтері мемлекеттік бағалы қағаздарға, қаржы ұйымдарының құралдарына және басқа да инвестициялық бағыттарға орналастырылады.

Жаңа өзгеріс азаматтарға жинағының қанша бөлігін және қай ұйымға сеніп тапсыратынын өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Салымшы арнайы өтініш беріп, зейнетақы қаражатын инвестициялайтын бір немесе бірнеше басқарушы компанияны таңдай алады.

"Енді зейнетақы жинағыңыздың 100 пайызын кімге сеніп тапсыратыныңызды өзіңіз шешесіз. Қаражатты бірнеше бөлікке бөліп, әртүрлі басқарушы компанияларға да беруге болады", – деп жазды Нартай Аралбайұлы.

Оның сөзінше, жаңа мүмкіндікті пайдалану міндетті емес. Азаматтар зейнетақы жинақтарын бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады. Ал жеке инвестициялық портфельді басқарушыларды таңдаған жағдайда қаражат жоғары табыс әкелетін құралдарға салынуы мүмкін. Дегенмен инвестициялық кірістің көлемі нарықтағы жағдайға және таңдалған стратегияға байланысты болады.

Нартай Аралбайұлы басқарушы компаниялардың қызметі мемлекет пен қаржы нарығын реттеуші органдардың бақылауында болатынын атап өтті. Егер компанияның кірістілігі белгіленген ең төменгі көрсеткіштен төмен түссе, айырманы өз капиталы есебінен өтеу тетігі қарастырылған.

Сондай-ақ зейнетақы жинағын жеке басқаруға беру үшін ең төменгі жеткіліктілік шегінен асу талап етілмейді. Яғни азаматтар қордағы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп алмайды, тек оны басқаратын инвестициялық ұйымды таңдайды.

Нартай Аралбайұлы бұл норманы Асхат Аймағамбетовпен бірге ұсынғанын жеткізді.

Айта кетейік, жаңа тәртіп зейнетақы жинағын қолма-қол алуға немесе оны күнделікті қажеттілікке жұмсауға мүмкіндік бермейді. Қаражат БЖЗҚ жүйесінде қалып, салымшы таңдаған компания арқылы инвестицияланады.