Белгілі дінтанушы Мұхитдин Исаұлы Алматыдағы крематорийге қарсылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұхитдин Исаұлының сөзінше, дінде адамның денесін өртеуге тыйым салынған.
"Себебі өлген адамның сүйегін сындыру тірідей сындырумен бірдей. Қайтыс болған адамды өртейтін кезде дірілдеген екен. Сонда оның денесінің өзі сезіп тұр екен. Адал, ізгі қоғам дейміз. Адалдығымыз қайда? Ертең Алматыда зілзала болса, ол өзімізден болып тұр. Әкімшіліктің теріс пиғылынан келеді. Батырларымыз Алматыны қорғаған жерде адам өртеу жақсы нәрсе емес", - дейді ол.
Дінтанушының сөзінше, кезінде Дінмұхамед Қонаев Алматыда крематорий салуға қарсы болған.
"Мұндай істі доғарыңыздаршы. Елге зауал келсе осындай пиғылымыздан келеді", - дейді дінтанушы.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жақын арада Қазақстандағы алғашқы крематорий іске қосылатыны хабарланған болатын.
9 қаңтарда жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізетін бұйрық тіркелді. Құжат крематорий қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып, елімізде кремация рәсімін алғаш рет заңнамалық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматы қаласындағы крематорий санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, ресми түрде жұмысын бастайды.
