Қазақстанда жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың біріне айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алматхан Қуанышкереев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форумда «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланған. Бұл мәселе Қазақстан үшін де ерекше маңызға ие. Өйткені 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланып, жуырда Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы жарлыққа қол қойған.
Сарапшы жасанды интеллектінің білім беру саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның пікірінше, технология оқытуды жекелендіруге, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды анықтауға және сапалы оқу материалдарына қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол жасанды интеллектіні тек технология үшін енгізу дұрыс емес екенін айтты. Білім беру саласында қателіктің құны жоғары болғандықтан, балалардың мүддесі, жеке деректердің қауіпсіздігі, білім сапасы, академиялық адалдық және мұғалімнің рөлі басты назарда болуы қажет екенін жеткізді.
Алматхан Қуанышкереевтің сөзінше, реттеу тетіктері, бірыңғай тәсілдер мен түсінікті стандарттар қауіпсіз дамудың маңызды шарты болып саналады. Ол Қазақстанда жасанды интеллектіні педагогтің орнын басатын құрал ретінде емес, мұғалімге көмекші технология ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.
Сарапшы технологиялардың адамды алмастырмай, керісінше оның мүмкіндіктерін күшейтуі тиіс екенін айтты.
Оның пікірінше, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту мәселесі тек Қазақстан аясында ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде де талқылануы маңызды. Өйткені жасанды интеллектіні оқшау түрде дамыту мүмкін емес. Бұл бағытта тәжірибе алмасу, реттеу, деректерді қорғау, этика және практикалық қолдану мәселелері бойынша ортақ тәсілдер қажет.
Сарапшы мұндай халықаралық ынтымақтастық Қазақстанда ғана емес, жалпы өңірде және әлемде қауіпсіз әрі адамға бағдарланған жасанды интеллектіні дамытуға ықпал ететінін айтты.