Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю өңірінде магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 31 адам жарақат алды. Табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда ғимараттар мен көпірлер қираған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кумамото префектурасында жер сілкінісінің күші 7 балға жеткен. Елде мұндай күшті жер сілкінісі соңғы рет 2024 жылы Ното түбегінде тіркелген.
Жапония премьер-министрі Такаичи Санаэ Кумамотодағы бірнеше жерасты дүмпуі салдарынан 13 адам қаза тауып, 31 адам зардап шеккенін мәлімдеді.
Жапонияның метеорология агенттігі тұрғындарды жаңа күшті жер сілкіністеріне дайын болуға шақырды.
"Алдағы бір апта ішінде, әсіресе, жақын екі-үш күнде сейсмикалық қарқындылығы 7 балға дейін жетуі мүмкін жер сілкіністеріне дайын болуды ұсынамыз", - делінген ведомство хабарламасында.
Жер сілкінісінен кейін Кумамото қаласына жақын орналасқан Касима қаласындағы сауда орталығында жарылыс болды. Салдарынан екі адам қаза тапқан.
Жергілікті полицияның мәліметінше, жарылысқа дейін сауда орталығынан шамамен 200 қонақ, қызметкер және басқа да адамдар эвакуацияланған.