ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысы Қарасай аудандық Мәслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық және қылмыстық кірістерді заңдастыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттен субсидия алу мақсатында күдікті Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына «Награда» түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттарды ұсынған. Сомасы 947 млн теңге болған. Нәтижесінде ол 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың 50% көлемінде заңсыз субсидия алған.
"Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схема әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан.
Бұл табысқа ол Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander автокөлігін сатып алған.
Осы мүлікке, сондай-ақ, 50 млн теңге ақшаға және 91 млн теңгенің бағалы қағаздарына тыйым салынды.
Сонымен қатар, мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды.
Сот санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.