Заңгер Тәшенова: «Мамай мен Иманбаеваның көше сыпырып жүргенін көретін болармыз»

Dalanews 06 қаз. 2021 08:24 914

Ж.Мамай мен И.Иманбаева екі отырыстың қорытындысын және қазақстандық сот төрелігінің шешімін орындамайтын болса Қылмыстық кодекске сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылуға бастамашы болады. Төменде А.Тәшенова жазбасының толық нұсқасын беріп отырмыз.

 

«Құрметті достар! Кеше және бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 сотында Б.Байбектің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап-арыз бойынша сот шешімін орындамағаны үшін Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан мемлекет кірісіне өсімпұлды өндіріп алу туралы 2 азаматтық іс қаралды. Ұсыныс жеке сот орындаушысы тарапынан енгізілді.

Өздеріңіз білетіндей, 2 инстанцияның (бірінші және апелляциялық) шешіміне сәйкес Ж.Мамай мен И.Иманбаева маған сенім білдірушіге қатысты жалған материалдарды жоққа шығарып, оларды жою, сондай-ақ 876 402 теңге көлемінде сот шығындарын төлеуі тиіс болды.

Шығындар сомасы жауапкерлерден толық көлемде мәжбүрлі түрде өндіріліп алынып, «Болашақ» корпоративтік қорына аутизмі бар балаларға көмек ретінде аударылды.

Алайда, Мамай мен Иманбаеваға қатысты негізгі талап – жалған материалдарды жоққа шығару және оларды жою бүгінгі күнге дейін орындалған жоқ.

Кеше және бүгін жауапкерлердің бұған дәлелді себептерінің жоғына көз жеткіздік. Мамай мен Иманбаеваның барлық аргументтері судьяларды орынсыз айыптауларға және мүлдем дәлелсіз бүкіл сот жүйесін қорлауға негізделген.

Мұнымен қоса, олар «демократия» және «сөз бостандығы» ұғымдарын қасақана және орынсыз пайдаланып отыр. Алайда кез келген білімді адам демократия, ең алдымен, заңдар мен рәсімдерді сақтау болып табылатынын біледі. Демократияның басты қағидаты бойынша бостандық өзге адамның бостандығы басталатын жерде шектеледі.


Бұл принциптерге қарамастан, Мамай мен Иманбаева сот заңсыз деп таныған әрекеттерді, атап айтқанда – қорлау, жалған мәлімдемелер тарату, қоғамды адастыру әрекеттерін жалғастыруда. Мәселен, 15 маусымда бірінші сатыдағы сот шешім шығарған сәттен бастап Мамай әлеуметтік желілерде маған сенім білдіруші туралы тағы 9 жала жапқан бейнеролик жариялады.

Мамайдың бұл роликтердегі және басқа да мәлімдемелеріндегі айыптаулар шындыққа жанаспайтыны сотта дәлелденді. Мұның барлығы тек қияли сандырақ қана.

Мұны түсінген жауапкердің заңгері Ерлан Қалиев Мамайдың тактикасын басшылыққа алып, сотты арзан қойылымға айналдыруға тырысты. Сонымен, өзін кәсіби заңгер ретінде көрсететін ол кеше және бүгін жосықсыз долбарлар, қисынсыз айыптаулар мен іске қатысы жоқ өтініштер жасады. Мұны сотқа Қалиевтің өтініші бойынша істі қарауға қатысқан прокурор да растады.

Күтілгендей, сот Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан мемлекет кірісіне әрқайсынан 140 016 теңге мөлшерінде өсімпұл өндіріп алу туралы шешім шығарды. 280 мың теңге көлеміндегі бұл сома Алматы қаласының бюджетіне түседі.

Мамай мен Иманбаеваның жеке басын және мінез-құлқын ескере отырып, соттың бұл шешімі заңның үстемдігі және заңды бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттарын іс жүзінде көрсету тұрғысынан үлкен мәнге ие болады деп ойлаймын.

Еске сала кетейін, егер Мамай мен Иманбаева айыптауларын теріске шығармаса және жала жапқан бейнероликтерін жоймаса, онда 27 қазаннан бастап сот орындаушысы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске сәйкес борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға (айыппұл салуға немесе қамауға алуға), содан кейін Қылмыстық кодекске сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуға бастамашы болады (әрқайсысына 800 сағат көлемінде қоғамдық жұмыс, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру). Бұған дейін мәлімдегенімдей, бұл жағдайда біз жауапкерлерді қоғамдық жұмыстарға тарту туралы өтініш беретін боламыз.


Жалпы, соңғы екі отырыстың қорытындысын және қазақстандық сот төрелігін қабылдамайтын жауапкерлердің эпатаждық мәлімдемелерін ескере отырып, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның «Алматы көшелерін бірлесіп сыпыратын» басты шоуын көретін болармыз.

Б.Байбектің талабы бойынша Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты соттың заңды шешімінің орындалу барысы туралы әрі қарай да хабардар ететін боламын» деді заңгер.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар