Жаңа Kia Seltos қараша айында Қазақстанда таныстырылады

Жаңа Kia Seltos қараша айында Қазақстанда таныстырылады

Екінші буындағы кроссовер жаңартылған дизайнымен, 27 дюймдік панорамалық мультимедиялық дисплейімен және заманауи қауіпсіздік жүйелерімен ерекшеленеді. Жаңа Kia Seltos Қазақстан нарығына 2026 жылдың қарашасында шығады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Allur компаниялар тобына кіретін Kia Qazaqstan Қазақстанда жаңа Kia Seltos моделінің тұсаукесері өтетінін хабарлады. Екінші буындағы кроссовердің дизайны жаңарып, салоны заманауи технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар жайлылық пен қауіпсіздікке арналған функциялар жиынтығы кеңейтілген.

Жаңа модельдің басты ерекшелігі – күнделікті қолданысқа қажетті практикалық мүмкіндіктерді, заманауи технологияларды және айрықша дизайнды үйлестіру. Kia компаниясының «Қарама-қайшылықтардың бірлігі» (Opposites United) дизайн философиясына сәйкес әзірленген Seltos жол талғамайтын көлікке тән батыл келбетті заманауи жайлылықпен ұштастырады.

Батыл дизайн және үлкейген өлшемдер

Жаңа Kia Seltos динамикалық кузов сызықтарымен, кең радиатор торымен және Star Map фирмалық стиліндегі жарық элементтерімен ерекшеленеді. Жасырын есік тұтқалары мен заманауи жарық техникасы автомобильдің сыртқы келбетін одан әрі айшықтай түскен.

Кроссовердің габариттері де үлкейген. Ұзындығы – 4 460 мм, ені – 1 830 мм, биіктігі – 1 600 мм. Ал дөңгелек базасы 2 690 мм-ге дейін ұлғайған. Бұл салондағы кеңістікті арттырып, жүргізуші мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

27 дюймдік дисплей және заманауи жабдықтар

Автомобиль салонының алдыңғы панелі көлденең архитектурамен жасалып, әрлеу материалдары жаңартылған. Басқару элементтерінің орналасуы жүргізушіге барынша ыңғайлы болатындай етіп ойластырылған.

Ортада 27 дюймдік панорамалық мультимедиялық дисплей қойылған. Оған қоса, аспаптар панелінде 10 дюймдік экран бар. Жабдықтар қатарында панорамалық шатыр мен проекциялық дисплей де қарастырылған.

Жаңа технологиялар көлік функцияларын басқаруды жеңілдетіп, сапар кезінде жүргізуші мен жолаушылардың жайлылығын арттыруға бағытталған.

Қозғалыс тұрақтылығы мен жайлылығы жақсарған

Жаңа Seltos Kia K3 заманауи платформасына негізделген. Кузовтың қаттылығы арттырылып, дыбыс оқшаулауы жақсартылған. Сондай-ақ аспа жүйесінің баптаулары жетілдірілген. Бұл өзгерістер автомобильдің жолдағы тұрақтылығы мен жүріс жайлылығын арттыруға арналған.

Қозғалтқыштар қатарына қуаты 115-тен 200 ат күшіне дейінгі бензинді агрегаттар кіреді. Қазақстан нарығында қуаты 200 ат күшіне тең қозғалтқышпен және толық жетек жүйесімен жабдықталған нұсқа ұсынылады.

Қауіпсіздікке басымдық берілген

Жаңа Kia Seltos жүргізушіге көмек көрсететін ADAS жүйелерімен жабдықталады. Бұл технологиялар жол жағдайын бақылауға, жүргізушінің көлікті сенімді басқаруына және сапар қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі.

Сонымен қатар шанақ конструкциясы мен қауіпсіздік жастықтарының жүйесіне ерекше назар аударылған. Олардың басты міндеті – жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші мен жолаушыларды қорғау.

Заманауи технологиялар, жайлылық және функционалдық мүмкіндіктердің үйлесімі жаңа Kia Seltos-ты қала ішіндегі күнделікті жүріске де, алыс сапарларға да бейім кроссовер ретінде танытады.

Қазақстанда қашан сатыла бастайды?

Жаңа Kia Seltos 2026 жылдың қарашасында Kia Qazaqstan ресми дилерлік орталықтарында пайда болады. Қазақстан нарығына арналған жинақтамалары, техникалық сипаттамалары, бағасы және сатылымның нақты басталу күні туралы ақпарат кейінірек жарияланады.

Қазақстанда сатылатын Kia автомобильдеріне өндірушінің бес жыл немесе 150 000 шақырым жүріс қоры көлеміндегі стандартты кепілдігі беріледі. Кепілдік мерзімі осы екі көрсеткіштің қайсысы бұрын орындалатынына байланысты аяқталады. Толық шарттармен Kia Qazaqstan компаниясының ресми сайтынан танысуға болады.