Жамбылда 17 балық шаруашылығы субсидиясын уақытында ала алмаған

Жамбылда 17 балық шаруашылығы субсидиясын уақытында ала алмаған
Фото: ЖИ

Жамбыл облысында прокуратураның араласуынан кейін балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 119 млн теңге көлемінде субсидия төленді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Табиғатты қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында мемлекеттік қолдауға өтініш берген 17 шаруашылықтың тиесілі қаражатты уақытында ала алмағаны анықталды.

Кәсіпкерлер балық жемін және субсидиялау талаптарында көзделген өзге де қажетті тауарларды сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттен көмек сұраған. Алайда олардың өтініштері бойынша төлем белгіленген мерзімде жүргізілмеген.

Қадағалау органының араласуынан кейін тоғыз кәсіпкерге жалпы сомасы 119 млн теңге субсидия аударылды. Қалған сегіз шаруашылыққа тиесілі қаражатты төлеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Прокуратура кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың жалғасатынын мәлімдеді.