Әлеуметтік желілерде танымал қазақстандықтың атынан саяси партияны қолдауға шақыратын және ақша уәде ететін жалған жарияланым таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңінде жалған ақпарат пен манипуляциялық контенттің таралу қаупі артқанын мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде танымал қазақстандықтың бейнесі пайдаланылған жалған жарияланым анықталған. Онда азаматтар белгілі бір саяси партияны қолдауға және бұқаралық іс-шараға қатысуға шақырылып, қолдау білдіргендерге ақшалай сыйақы берілетіні туралы жалған ақпарат таратылған.
Аталған жарияланымда есімі көрсетілген тұлға бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарып, оның жалған екенін мәлімдеген.
Орталық сайлау заңнамасына сәйкес азаматтың жазбаша келісімінсіз оның бейнесін үгіт материалдарында пайдалануға тыйым салынатынын еске салды. Сондай-ақ кандидатқа немесе саяси партияға қолдау көрсету үшін ақша, тауар, қызмет, қайырымдылық немесе өзге де материалдық игілік ұсыну арқылы үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған.
Бұдан бөлек, таралып жатқан жарияланымда ресми түрде расталмаған бұқаралық іс-шараға қатысуға шақырулар бар. Мұндай рұқсат етілмеген іс-шараларға қатысу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Орталық азаматтарды сайлау науқанына қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және тексерілмеген хабарламаларды таратпауға шақырды.