Заитов жалған ақпарат тарату бабымен сотталып жатқандарға амнистия жасауды ұсынды

Заитов жалған ақпарат тарату бабымен сотталып жатқандарға амнистия жасауды ұсынды
ЖИ: Dalanews.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов жалған ақпарат таратуға қатысты істер бойынша жауапқа тартылып жатқан азаматтарды амнистияға іліктіруге шақырды. Бұл туралы ол сәрсенбі күні Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, жұмыс тобының отырыстарында көптеген ұсыныстар айтылғанымен, олардың барлығы бірдей қолдау таппаған.

«Жұмыс тобының отырыстары барысында көптеген пікір айттық, бірқатар ұсыныстар енгіздік. Өкінішке қарай, оларды қолдаған құзырлы органдар табылмады. Дегенмен біз өз тарапымыздан әрекет еттік. Қазір нақты қандай баптар немесе кімдер туралы сөз болғанын тізбелеудің қажеті жоқ. Бұл заң жобасын талқылауға қатысушы ретінде менің міндетім – осында отырған әріптестеріме өтініш айту», – деді Заитов.

Ол Қазақстандағы ықпалды парламент қағидатына тоқталып, бұл Президент беделін халықаралық аренада көрсетуге мүмкіндік екенін айтты.

«Қазақстанда ықпалды парламент қағидаты бар. Ықпалды парламент – күшті президенттің факторларының бірі. Дәл қазір халықаралық деңгейде Президенттің беделін көрсететін мүмкіндік туып отыр. Сондықтан құрметті әріптестер, менің жалғыз өтінішім – мас күйінде құқық бұзғандарға немесе басқа санаттарға емес. Бізде әлеуметтік желідегі пікірлері үшін сотталып жатқан адамдар бар. Баршаңызды бірігіп, әсіресе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша өтіп жатқан азаматтарды амнистияға енгізуге шақырамын», – деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты.