Зайсан ауданындағы халықаралық әуежай құрылысы белгіленген кестеге сай жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның 75 пайыздан астамы аяқталған. Құрылыс алаңында 310 жұмысшы екі ауысыммен еңбек етіп, 75 арнайы техника жұмылдырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңір үшін стратегиялық маңызы жоғары жобаның құрылыс барысымен танысқан ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мердігерлерге жұмыстың сапасы мен мерзіміне қатысты талаптың қатаң екенін кезекті рет ескертті. Бұл – тек облыс үшін емес, ел көлеміндегі маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі.

– Сапа және тағы да сапа. Бұл кезекті құрылыс нысаны емес. Облысты айтпағанда, еліміз үшін де айрықша маңызға ие әуежай. Сондықтан жұмыс жоспарланған мерзімнен кешікпеуі тиіс. Қандай қосымша сұрақтар болса айтыңыздар. Өйткені, нысан үшін бірінші кезекте жауапкершілік сіздерден сұралатын болады. Әуежай құрылысы кестеге сай аяқталуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда, - деді аймақ басшысы.
Мердігер ұйым – «ЭЛХОН» ЖШС мәліметінше, қазіргі таңда әуежайдың негізгі инфрақұрылымдық бөліктері толық аяқталған.
– Жалпы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, ұшып-қону жолағы толық аяқталды. Перрон мен рулеж жолдары да жүз пайыз дайын. Барлық инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізілді. Қазір төртінші кезең бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұл кезеңде терминал, авариялық-құтқару қызметі және өзге де нысандардың құрылысы қамтылған, – деді «ЭЛХОН» ЖШС директоры Жанболат Қазанов.
Жоба аясында әуежай аумағында жалпы 11 ғимарат салу көзделген. Қазіргі уақытта барлық нысанда құрылыс жұмыстарының қарқыны жоғары. Сонымен қатар, абаттандыру да қатар жүргізілуде.
Облыс әкімі құрылыс сапасына қойылатын талаптың әр кезеңде қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Әуежайдың уақтылы әрі талапқа сай пайдалануға берілуі – халық алдындағы жауапкершілік пен өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырудағы маңызды міндеттердің бірі.
Өз кезегінде мердігер компания басшысы құрылыс жұмыстарына кедергі келтіретін мәселе жоқ екенін жеткізді.
– Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Құрылыс материалдары жеткілікті. Әуежайға орнатылатын жабдықтар толық сатып алынып, дайын тұр. Алдын ала жоспар бойынша, биыл 12 шілдеден бастап сынақ ретінде алғашқы ұшуларды бастауды көздеп отырмыз, – деді Жанболат Қазанов.