Ислам Кәрімовтың қызы: "Әкемнің басына қан кетіп, жансақтау бөліміне жатқызылды"

Dalanews 29 там. 2016 10:43 1061

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің қызы әкесінің жағдайымен бөлісті.

Өзбекстан президентінің кіші қызы Лола Кәрімова- Тилляева өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында әкесінің басына қан кетіп, ауруханаға жатқызылғанын жазды.

«Түрлі алып-қашпа сөз өрбімес үшін, мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда өткен демалыс күндері біздің отбасымызда әкеме қатысты болған қайғылы жағдаймен бөліскім келіп отыр. Сенбі күні таңертең менің әкемнің басына қан кетіп, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Жағдайы тұрақты деп бағаланады. Дәл қазір оның болашақ жағдайына қатысты қандай да бір болжамдар жасауға әлі ерте. Мен адамдардан сыпсың сөз өрбітпей, отбасымыздың құқығын, жеке құндылығын сыйлауды өтінемін. Ал әкеме дұға жасап, қолдау жасағысы келетіндерге алдын ала ризашылығымды білдіргім келеді„ деп жазады Лола Кәрімова-Тилляева.

Бүгін Өзбекстанның үкіметі ел президентінің сырқаттанып, ауруханаға түскені туралы ресми хабар таратты.

Бұл ақпар көпшілікті елең еткізді. Өйткені Өзбекстан үкіметі президенті ауырып қалса да, осыған дейін ешқашан оның сырқаты туралы ресми мәлімдеме жасаған емес.

Тіпті, ресейлік сарапшының бірі мұны жаман хабарға балап, болжам жасап та жіберді.

Дереккөз: kaz.365info.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар