Ислам Кәрімовтің оппоненті Мирзияевті жақтап шықты (видео)

Dalanews 28 нау. 2017 05:01 794

Өзбекстан халық қозғалысының жетекшісі Мұхаммад Салих 23 наурызда видео үндеуін жариялап, ел президенті Шавкат Мирзияевке қолдау көрсетті.

– Мен Шавкат Мирзияевтің Өзбекстан Конституциясына қайшылығына қарамастан, президенттік қызметке келгенін сынаған едім. Енді мен соным дұрыс болмағанын түсіндім. Оның президент ретінде жасаған көптеген істері, атап айтқанда әбден ұмытылған халыққа бет бұрып, оларға құлақ асқаны, менің көңілімнен шықты. Қазір Өзбекстан халқы Мирзияевтен үлкен өзгерістер күтеді, мен де халықтың бір өкілі ретінде, президенттен жақсы іс күтемін, - деді Мұхаммад Салих.

https://youtu.be/QQL5njm3qUY

Бұған қоса, өзбек оппозициясының ең беделді өкілі президент Мирзияевті елде саяси және экономикалық реформа жасауға шақырды.
– Елде Мирзияевтің экономикалық реформалар жасауына кедергі келтіретін қуатты топтар бар. Бірақ президенттің артында тұтас бір мемлекеттің күші тұр. Ол батыл болып, мемлекетті тұншықтырған мафиядан арылуы тиіс. Оған ұзақ уақыт қажет емес, өзгерісті бірден бастау керек, – деді Салих.

Еске салайық, 1991 жылдың желтоқсанында Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, "Эрк" партиясының негізін қалаушы Мұхаммад Салих президенттік сайлауда Ислам Кәрімовтің жалғыз қарсыласы болды. 1992 жылы маусымда Салих елдегі қуғындауларға наразылық ретінде депутаттық мандаттан бас тартты. 1993 жылы сәуірде "мемлекеттік сатқындық" айыбымен ұсталды, бірақ әлемдік қауымдастықтың қысымымен бостандыққа шықты. Оған Ташкенттен шығуға рұқсат берілмеді. Бірақ ол Түркияға қашып кетті. Содан бері ол Стамбұлда тұрып жатыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар