Иран президенті Ибрагим Раисидің жерлеуіне Қазақстан атынан кім баратыны белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Чемодан госсекретов" телеграм арнасының мәліметінше, бұл шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысады.
Айта кетейік, 20 мамырда Иран президенті тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Апат болған тікұшақта Иран президенті Эбрагим Раиси мен елдің сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахян де болған. Қайғылы оқиға жексенбі күні болған.
Тікұшақ Шығыс Әзербайжан провинциясында қалың орман арасында апатқа ұшыраған.
Ұшақта президент пен министрден бөлек бірнеше шенеунік болған.
Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан түні бойы тікұшақты іздеу жұмыстарымен айналысты. Олар дүйсенбі таңертең апат болған орынды тапты.
Бұған дейін Press TV телеарнасы тікұшақ түріктің Akıncı құрылғысы арқылы табылғанын хабарлаған болатын.
IRNA мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, Раиси Bell 212 тікұшағымен ұшқан.