Иран 15 қаңтар таңына дейін өз әуе кеңістігін барлық ұшақтар үшін жапты. Тек алдын ала рұқсат алған халықаралық рейстерге ғана ұшуға мүмкіндік беріліп отыр. Бұған дейін, 14 қаңтарда Reuters агенттігі АҚШ алдағы тәулікте Иранға соққы жасауы мүмкін екенін хабарлаған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осыған байланысты Air Astana бірқатар тұрақты және чартерлік рейстердің бағыты өзгеретінін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, бұған Иран әуе кеңістігінің жабылуы себеп болған.
«Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Медина бағыттарындағы рейстер Иран әуе кеңістігін айналып ұшады. Air Astana жағдайды жіті бақылап отыр», – деп хабарлады әуе тасымалдаушы.
Сонымен қатар, компания жолаушылардан рейстердің мәртебесін алдын ала тексеріп отыруды сұрайды, өйткені ұшу және қону уақыттарында өзгерістер болуы мүмкін.
Бұған дейін Иран билігі ел үстіндегі әуе кеңістігін жабу мерзімін Астана уақытымен таңғы 8:30-ға дейін ұзартқан. Бұл шешім Иранға ұшатын немесе Ираннан ұшатын, арнайы рұқсаты бар халықаралық рейстерден өзге барлық ұшуларға қатысты. БАҚ мәліметінше, мұндай шектеу ел ішіндегі наразылық акциялары аясында енгізілген.
