Қазақстанда ипотека арқылы баспана алатындар үшін нотариустың қызмет ақысы арзандады. Енді сатып алу-сату келісімін рәсімдеу құны төмендетілген тарифпен есептеледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осылайша нотариустар мұндай мәміле үшін 12 АЕК емес, 4 АЕК алады. 2026 жылы 1 АЕК көлемі 4325 теңге болғандықтан, келісімді рәсімдеу шамамен 17 300 теңге тұрады. Бұған дейін бұл қызметтің құны 51 900 теңгеге жеткен еді.
Нотариалдық тарифтерге қатысты өзгерісті Әділет министрлігі енгізді. Жеңілдетілген тариф тұрғын үй ипотекалық несие есебінен сатып алынған жағдайда қолданылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап нотариалдық тарифтер туралы бұйрық күшіне енген. Құжатта 4 АЕК тек ипотекалық қарыз шартына қатысты көрсетілгендіктен, кейбір нотариустар стандартты 12 АЕК алуды жалғастырған. Кейін министрлік түсіндірген соң жеңілдетілген тариф ресми түрде бекітілді.
Нотариуста келісімді рәсімдеу құны тараптардың мәртебесіне қарай әртүрлі болды. Сатып алушы мен сатушы туыс болмаса, қызмет құны - 12 АЕК немесе 51 900 теңге. Жақын туыстар арасында жасалған мәміле үшін 7 АЕК, яғни 30 275 теңге алынды. Ал тараптардың бірі заңды тұлға болса, тариф - 17 АЕК немесе 73 525 теңге.
