Ипотекалық кредитке "рақымшылық" жасалмайды. Агенттік Мамайдың сөзін жоққа шығарды

Dalanews 08 жел. 2021 08:14 633

2021 жылғы 7 желтоқсанда әлеуметтік желілерде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша «кредиттік рақымшылық» жарияланыпты-мыс деген ақпарат таратылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратылған ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдейді және төмендегіні хабарлады:

Қазіргі уақытта 2007 – 2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жеке санатына көмек көрсету үшін Агенттік 2015 жылдан Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (Бағдарлама) іске асыруда.

Осыған орай,

Бағдарлама талаптары бойынша қаржылық қолдау 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көрсетіледі.


Бағдарламада белгіленген қаржылай көмек шаралары жалғыз баспанасы бар қарыз алушылар және халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы борышкерлер үшін пайыздық мөлшерлемені 3%-ға дейін төмендетуді көздейді.

Қалған валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 12%-дан аспайды. Бұдан басқа, Бағдарлама шеңберінде сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссиялар бойынша мерзімі өткен берешек есептен шығарылды.

Валюталық ипотекалық қарыздарға қатысты берешекті Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгеге конвертациялау жүргізілді.

2020 жылғы қаңтардан бастап Бағдарламаға қатысатын ХӘОТ санатындағы ипотекалық қарыз алушылар үшін қосымша көмек шаралары іске асырылуда.

Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке тәртіппен көрсетуде, талдау нәтижелерінен кейін банктер қарыз бойынша берешекті төмендету және 20 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу туралы шешім қабылдайды. Қарыз алушылардың бұл санатына қолдау көрсету 2021 жылдың соңына дейін аяқталады.

Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ресми әрі тексерілген дереккөздерінен ғана алынған ақпаратты басшылыққа алуды сұраймыз.

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары мен нәтижелері туралы толығырақ ақпаратты Агенттіктің ресми сайтынан алуға болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар