Қазақстанда инвесторларға “қолайлы орта қалыптасып жатыр” деген пікір жиі айтылады. Алайда іс жүзінде ірі жобалардың өзі бюрократиялық кедергілерге тап болып жатады. Соның айқын мысалы – құны 2,7 млрд теңгелік өндіріс жобасы. Инвестор айлап жүріп бастай алмаған істің түйіні тек прокуратураның араласуымен шешілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Angolt GMBH компаниясы 2025 жылдың қыркүйегінен бері арнайы экономикалық аймақта металл бұйымдарын шығаратын зауыт ашуды жоспарлаған. Жоба ел экономикасына серпін береді деп бағаланып, жалпыұлттық пулға енгізілген.
Алайда қаржысы мен жоспары дайын болғанына қарамастан, мемлекеттік органдар келісімді созбаққа салған. Салдарынан компания қажетті жер телімін ала алмай, бірнеше ай бойы ресми келісім күткен. Соңында уәкілетті органдар кәсіпкерге жер беруден бас тартқан.
Мұндай шешімнің себептері нақты түсіндірілмеген. Бұл ретте аталған жоба ел үшін маңызды бастамалардың қатарында болғандықтан, оған қолдау көрсетілуі тиіс еді.
Кейін прокуратураның араласуымен мәселе қайта қаралып, бірлескен жиын өткізілген. Нәтижесінде инвестордың құқығы қорғалып, компанияға көлемі 1 гектар жер телімі берілді.
Осылайша, бірнеше айға созылған кедергіден кейін жобаға жол ашылды.
Бұған дейін
Еске салайық, жақында “PureWood” ЖШС жетекшісі, инвесторлар құқығын қорғаушы Дархан Кәрібаев Қазақстандағы инвестициялық ахуалға қатысты Dalanews.kz редакциясына пікір білдірген еді. Ол Қостанай облысының тәжірибесіне сүйене отырып, елде инвесторлар үшін бірқатар қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын атап өткен.
Сарапшы өңірлерде ірі өндірістік жобалар жүзеге асырылып, инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ол әсіресе арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық инфрақұрылым инвесторлар үшін маңызды артықшылық екенін атап өткен. Мұндай алаңдарда дайын коммуникациялар мен жеңілдіктер қарастырылғандықтан, кәсіп ашу процесі жеңілдеуі тиіс.
Сонымен қатар ол инвестор үшін ең бастысы – тұрақтылық пен мемлекеттік органдар тарапынан нақты әрі жедел қолдау екенін жеткізген. Яғни, бизнеске кедергі келтірмейтін, керісінше, оның дамуына жол ашатын тиімді жүйе қалыптасуы қажет.
Алайда кейінгі жағдайлар көрсеткендей, бұл айтылған мүмкіндіктер кейде іс жүзінде толық іске аспай, инвесторлар бюрократиялық тосқауылдарға тап болып жатады.
