Инфлюенсерлер салық төлеуге міндетті және заңсыз лотереяларды тоқтату қажет — Ерлан Сайыров

Қаракөз Амантай 26 ақп. 2025 13:23 335

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық пен заң үстемдігі туралы бастамалары аясында Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров еліміздегі инфлюенсерлер мен коучтердің заңсыз әрекеттеріне назар аударды. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереялар мен салық мәселесіне қатысты ұсыныстарын жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта коуч-инфлюенсерлер әлеуметтік желілерде заңсыз онлайн-лотереяларды жиі ұйымдастырып келеді. Олар түрлі бағалы сыйлықтар – тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдар, қымбат автокөліктер мен жылжымайтын мүліктерді ойнатып, халықты алдау схемаларын қолданып жүр. Мұндай әрекеттер заңсыз саналады, дегенмен олар "гив" форматында кең таралған.

“Өткен жылы осындай заңсыз лотереялар мен бағалы сыйлықтарды ойнатудың 106 фактісі анықталды. Құқықбұзушыларға 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде мұндай заңсыз әрекеттер тоқтамай отыр,” – деді Ерлан Сайыров.

Оның айтуынша, мәселенің екінші жағы да бар – Қазақстанда жаңа буын көшбасшылары қалыптасып келеді. Олардың әлеуметтік желідегі парақшалары ақылы курстар, жарнамалар және түрлі коммерциялық ұсыныстарға толы. Алайда көптеген инфлюенсер өз табысынан салық төлеуге асықпайды.

“АҚШ, Ұлыбритания, Қытай сияқты дамыған елдерде контент жасаушылар табысынан міндетті түрде салық төлейді. Кейбір мемлекеттерде бұл мөлшер 40%-ға дейін жетуі мүмкін. Қазақстандық инфлюенсерлер – қоғамның білімді бөлігі. Олар өз беделі мен талантының арқасында өзгелерге үлгі болуы тиіс және қаржылай жауапкершілікке атсалысқаны жөн,” – деп атап өтті депутат.

Ол бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтып, төмендегідей нақты шараларды ұсынды:


1. Инфлюенсерлер арасында заң нормаларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
2. Олардың табысын кәсіпкерлік қызметке жатқызудың нақты талаптарын әзірлеу, заң нормаларын түрліше түсіндіру мен субъективті бағалаудан аулақ болу.
3. Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізуге жол бермеу мақсатында бақылауды күшейту.

Сайыровтың пікірінше, “Онлайн платформалар туралы” заңға сәйкес, табыс табатын инфлюенсерлер кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарнамаларын ашық көрсетуі тиіс.

“Біз әлеуметтік желілерде кәсіби блогерлердің салық органдарының мәлімдемесіне түсіністікпен қарағанын байқадық. Бұл – қуантарлық жайт! Енді мәселе қаржылай жауапкершіліктің жаңа құндылықтарын қалыптастыруда,” – деді ол.

Депутат бұл бастамалардың заң үстемдігі мен салық мәдениетін нығайтуға оң әсер ететініне сенім білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар