Инфляция бойынша мақсат – 5%: Ұлттық банк өз ұстанымынан айнымайды

Көркем Алдабергенова 10 қар. 2025 10:28

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны 5% деңгейіне түсіру – Ұлттық банк пен Үкіметтің негізгі ортақ мақсаты екенін растады. Ол бұл туралы Taldau Talks подкастында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Инфляцияны 5% деңгейіне түсіру – Президент бекіткен мақсат. Біз оған жетуіміз керек, өйткені бұл экономиканың тұрақты дамуына, инфляцияның төмен болуына, инвестиция мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына мүмкіндік береді».

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасында «қызып кету» белгілері байқалады. Яғни экономика өз мүмкіндігінен жылдам өсіп жатыр. Бұған бюджеттен көп қаржы жұмсалуы және халықтың несие көп алуы әсер етіп отыр.

«Біз ЖІӨ мен әлеуетті ЖІӨ-ні есептейміз. Сол кезде экономика шынайы мүмкіндігінен жоғары қарқынмен өсіп жатқанын көреміз. Технологиялық, адами және басқа мүмкіндіктер қазіргі өсімге сәйкес келе бермейді».

2026 жылы Қазақстанда фискалдық консолидация жүргізіледі – бұл бюджет тапшылығын азайту және Ұлттық қор кірістерін көбейту деген сөз. Ұлттық банк бұны инфляцияны төмендететін оң фактор деп санайды.

«2026 жылы фискалдық консолидация болатынына қуаныштымыз. Бұл – бюджет тапшылығы азаяды, Ұлттық қор табысы көбейеді. Бұл инфляцияның төмендеуіне көмектеседі. Ақша-несие және салық-бюджет саясаты бірге жұмыс істеуі керек».

Сүлейменовтің айтуынша, қаржы саласындағы мемлекеттік органдар жұмысты үйлестірсе, экономикалық жағдай тұрақтанып, ақша нарығының болжамдылығы қамтамасыз етіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар