Берік Бекенов айтып өткендей, өнеркәсіпті цифрландыру бірінші кезекте өндірістік шығындарды төмендету, еңбек жағдайын жақсарту, өнімділікті арттыру, өңдеуден бастап өнім сыртқы нарықтарға шыққанға дейінгі уақытты қысқарту есебінен отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әсер етеді.
Сондай-ақ, цифрлық технологияларды енгізу түрлі өндірушілер арасында кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді, бұл жаһандық тізбекке енуге мүмкіндік береді. Мұнымен бірге, цифрлық технологиялар енгізетін кәсіпорындар айналасында жоғары технологиялы сервистік АТ-компаниялар құрылады. Олар цифрлық шешімдер әзірлеу және сүйемелдеу бойынша өз қызметтерін ұсынады.
Айта кеткен жөн, «Индустрия 4.0» ауқымды мәліметтерді (big data) талдау, автономды роботтандырылған жүйелер, индустриялық интернет, аддитивті технологиялар (3D-баспа) және басқалары сияқты озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ауқымды пайдалануды көздейді.
«Цифрлық технологиялар арқылы салалардың сипаты, бизнес үлгілер айтарлықтай өзгереді. «Индустрия 4.0» Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ұсынады, атап айтқанда, тиімділікті едәуір арттыру, жаңа бизнесті және экпортқа бағытталған өндірістер құру», — деп атап өтті Берік Бекенов.
Оның айтуынша, «Индустрия 4.0» технологиялары барлық кәсіпорындар үшін қолжетімді: «Индустрия 3.0» шартты кезеңінің соңына дейін жеткен кәсіпорындар үшін, сондай-ақ технологиялық базасы бір деңгейге төмен кәсіпорындар үшін де — оларға негізгі қорларды жаңарту үшін, сәйкес мамандарды даярлау және қайта даярлау үшін едәуір инвестициялар қажет болады.
Сөз соңында ол цифрлық технологиялар, «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу бүгінде міндетті екенін баса айтты.
«Бұл қазіргі заманның талабы. Сондықтан егер кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болғысы келсе, сыртқы нарықтарға шыққысы келсе, олар өндіріске цифрлық шешімдерді енгізуі тиіс», — деп түйіндеді Б. Бекенов.