Музей ашылған соң ұлы ойшылдың мұрасы ұлықталып, Ясауи феноменін асқақтату арқылы ғылым мен туризмді бірге дамыту мүмкіндігі ашыла түседі. Жаңа мұражайдың концепциясымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жоба жетекшілеріне бірқатар міндеттер жүктеді.
Ұлы ойшылдың ел руханиятындағы орнын жоғары бағалайтын өңір басшысы мұражайды бірегей жобаға айналдыру жолдарын көрсетіп, ой қосты. Жаңа музей ғұламаның әлеміне сапар шегіп, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған діни қайраткердің еңбектерін дәріптейтін мәдени ошақ болмақ.
Қожа Ахмет Ясауи музейінің аумағы – 3200 шаршы метр. Құрылысты «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен «Базис – А» компаниясы жүргізді. Ұлы тұлғаға арналған музейде келешекте 100 адам жұмыспен қамтылмақ.
Жалпы Түркістанды туризм орталығына айналдыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан қаласындағы туристік нысандар жайлы ақпараттар әлемдегі ең ірі «http://xn--ripadviser-mwi.com/» саяхатшылар порталына енгізілді. Өңірге келетін қонақтар, туристермен жұмыс жүргізетін гид мамандарын даярлау ісі де жандана түсті.
Түркістан облысында туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып, 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін 38 туристік инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 1050 жаңа жұмыс орындары ашылады деген жоспар бар. Солардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи музейі де жұртшылық жиі келетін орынға айналады деген сенім мол.