Музейдің құрылысы мен даму бағыты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында. Рухани орталықтың басты бағыты – ұлы тұлғаның тарихи болмысын, өмірі мен ілімін жаһанға танытып, Ясауи жолын дәріптеп, өсиеттерін паш ету.
Мәдени ошақта болған облыс әкімі жоба жетекшілеріне бірқатар міндеттер жүктеді. Ұлы ойшылдың ел руханиятындағы орнын айқындайтын музейді бірегей жобаға айналдыру жолдарын көрсетіп, ой қосты.
Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі болған Арыстанбабтың өмір жолымен байланыстырыла отырып, шын болмысын ашып, халықты рухани серпілтетін, тарихи танымын оятатын орталық болуы керектігін жеткізді.
Музей ғұламаның іліміне сапар шегіп, күллі шығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған діни қайраткердің еңбектерін дәріптейтін мәдени ошақ болмақ. Түркі тілінде мағынасы терең жыр жазудың үлгісін жасап, ілімін ұрпаққа қалдырған ойшылдың еңбектері дәріптелген орталықта құнды жәдігерлер жинақталған.
Шежірелі шаһарда туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып, 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Солардың бірі – өткен жылдың соңында іргетасы қаланған «Қылует» рухани орталығы болмақ. Облыс басшысы құрылыс алаңында болған орталық кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынады. Ел руханиятына оң серпін беретін орталықтың құрылысына еліміз бен түркі әлеміне танымал кәсіпкерлер демеушілік жасауда. Биыл ел игілігіне беріледі. Жер асты мешітінің қасынан қарилар мен болашақ дін ғұламаларын даярлайтын медресе салынып жатыр.