ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫН АРҚАЛАҒАН

Dalanews 08 сәу. 2020 07:43 829

[caption id="attachment_52585" align="alignleft" width="254"] Талғат ҚАТАУОВ Тұрсынғалиұлы ҚР Білім саласы қызметкерлерінің БҚО бойынша Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы[/caption]

Антына адал, жоғары білікті нейрохирург-дәрігер Трайсов Бекежан Қаласұлы

Оралдағы облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің білікті нейрохирургі Трайсов Бекежан Қаласұлының жас та болса денсаулық сақтау ісінде қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Оған нейрохирургия бөлімшесіне ауыр халде түскен адамдарға араша болып, күнделікті жасап жатқан күрделі оталары дәлел.

Гиппократ антына адал, біліктілігін шетелдерде жетілдіріп келген Бекежан Қаласұлы жаңа технологияны игеруі арқасында көптеген адамдардың өміріне араша болып, өте күрделі операция жасап, он мыңдаған халықтың алғысын арқалап келеді. Халықтың дауыс беруі арқылы өтетін байқауларда «Адам өміріне араша болып, сәтті ота жасағаны үшін» аталымына Бекежан Трайсов бірнеше рет ие болған-ды.

Б.Трайсов түнгі кезекшілікпен қатар келген шұғыл операцияларға қатысып, ертесінде әдеттегі жұмысын жоғары көңілмен жалғастыратынына талай куә болдық. Шаршап тұрғанын сездірместен, күлімсіреп науқастардың жағдайын сұрап, өз кәсібіне деген жауапкершілігін, антына деген адалдығын ісімен дәлелдеп келеді. Алғыс арқалаған абзал жан Бекежан Қаласұлы адамдардың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жан.

Сарбазды ажалдан арашалап қалған

2012 жылы Орал қаласындағы әскери бөлімде өзінің басынан өзі автомат қаруынан атқан сарбазды облыстық клиникалық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізеді. Сол күні кезекшілікте болған Б.Трайсов сарбазға шұғыл түрде өте күрделі отаны бірнеше сағат жасап, жоғары кәсіби шеберлігі арқасында мүмкін емес жағдайды, мүмкін ете отырып, сарбазды ажалдан алып қалады. Бірақ Бекежан ешқашан мұны ерлік деп сезінбейді. Адамдардың денсаулығы мен жеке өмірі үшін күресу, күнделікті жұмысы және ант алдындағы кәсіби төл міндеті деп есептейді.

Мойын омыртқамның сынғанын алғаш Бекежан айтқан-ды

Таразда іссапарда жүргенде жол апатына түсіп, 25 күн бойы Тараз қалалық 2-емханасының нейрохирургия бөлімшесінде жатқанымда нейрохирург дәрігерлері ешқандай сынық жоқ деген болатын. Тараз дәрігерлерінің сөздеріне сеніп 3 ай бойы мойын омыртқамның сынығымен қиналып жүрдім. Қатты ауырып, әбден қиналғасын Оралға келген бойда нейрохирург Б.Қ. Трайсовқа қаралдым. Дәрігер МРТ, КТА көрсеткішіне қарап, мойын омыртқамның сынғанын және шұғыл операция жасау қажеттігі туралы дәрігерлік кеңес беріп еді. Кейін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург-дәрігерлері мен профессорлары Б.Трайсовтың қойған диагнозын нақтылады.

Бекежанға алғыс білдіреміз!

Отадан кейін денсаулығымды тікелей қадағалауы арқасында Аллаға шүкір, денсаулығым қалыпқа келді. Антына берік нейрохирург Б.Қ.Трайсовқа отбасымның, тумаларым мен достарымның және жанашыр адамдар атынан рақмет айтып, алғысымды білдіремін!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар