Халықаралық деңгей: Қызылордадағы жаңа стадион ФИФА сертификатын алды

Ақтоты Жапатова 02 қаз. 2025 12:43

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан футбол федерациясының жарыстарды ұйымдастыру директоры Бақытжан Пазылхайырмен бірге Орталық стадиондаға барып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қызылордадағы 11 мың орындық Орталық стадион жақын күндері ашылады деп күтілуде. Жаңа нысан халықаралық стандарттарға, УЕФА талаптарына сай, соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Спорт ғимаратының жалпы аумағы 20 мың шаршы метр, жасыл алаңнан бөлек, бокс, күрестің үш түрінің, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетика залдарынан тұрады. Келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет көрсету үшін барлық мүмкіндік бар.

Үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында жаттығу залдары, екінші қабатында әкімшілік бөлмелер, үшінші қабатында спортшылар үшін және ауқымды жиындар өткізуге арналған бөлмелер қарастырылған.

Халықаралық дәрежедегі ауқымды ойындарға дайын. Ашылу салтанаты қарсаңында жаңа стадионның футбол алаңы ФИФА-ның тестілеуінен өтіп, жоғары деңгейлі QUALITY PRO сертификатына ие болды.

Бүгін “Арай сити мол” сауда орталығында финалдың бас кубогы Сыр жұртшылығына таныстырылды. Облыс тұрғындары кубокты қазанның 4-не дейін сауда орталығына барып көре алады.

Облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені де салынуда. Онда олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, Әлем және Азия чемпионаттарын өткізуге арналған 2500 орындық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары болады.Құрылысы 2026 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады.

Өңір спортын дамытуда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталсақ, соңғы үш жылда 20 спорт кешені ашылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 6 спорт кешені пайдалануға беріледі. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд. 900 млн. теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп келеді. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарындағы жаңа спорт кешендері келушілерге қызмет көрсете бастады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар