Александрия қаласында (АҚШ, Вирджиния штаты) өткен 2025 жылғы мектеп командалары арасындағы шахматтан Әлем чемпионатында РФММ (Алматы) құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Жеке есепте де оқушылар жарқын өнер көрсетті: Иманғали Ақылбай алтын медаль жеңіп алса, Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева қола медаль иегерлері атанды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
FIDE World Schools Team Championship 2025 аясында өткен бұл додаға 48 елден 55 команда қатысты. Ақтауда өткен екі жыл бұрынғы чемпионаттан айырмашылығы – Александрияда жас ерекшеліктері бойынша бөлініс болмады. Ал құрамда қыздар мен 12 жастағы спортшылардың болуы енді міндет емес, спорттық іріктеу нәтижесі ретінде бағаланды.
Турнирдің соңғы күні әдеттегіден ерте – жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де (Қазақстан уақытымен 19:00-де) басталды. 7-ші турдың басты интригасы: Данис Қуандықұлы (2156) мен оның SEED Educational Complex (Астана) командасы Үндістанның Velammal MHS School (Ченнай) командасын тоқтата ала ма? Өкінішке қарай, есеп ½–3½ есебімен үнділік команданың пайдасына аяқталды, дегенмен Данис қарсы команданың көшбасшысы С.Асватпен (2369) тең ойын көрсетті.
Ал қалған екі қазақстандық команда жеңіске жетті: РФММ (Алматы) командасы Wellington College (Жаңа Зеландия) командасын 4–0 есебімен ойсырата жеңсе, РФММ-2 (Астана) командасы Gymnázium, Grösslingová 18 (Братислава, Словакия) командасын 2½–1½ есебімен тізе бүктірді. Сонымен қатар үздіктер арасындағы үш бірдей матч тең аяқталды – 2–2: The Harker School (Сан-Хосе, АҚШ) – Royal College (Коломбо, Шри-Ланка), University High School (Ирвин, АҚШ) – Wisdom (Ташкент, Өзбекстан), және Kantonsschule Alpenquai (Люцерн, Швейцария) – Lyceum «Photon» (Гюмри, Армения).
Осылайша, турнир аяқталуға бір тур қалғанда әлем чемпионы белгілі болды – Velammal MHS School (Ченнай, Үндістан) командасы! Олар 14 командалық ұпай жинады, бұл нәтижеге ешбір қарсылас жете алмады. Ал екінші орын үшін күрес қызу өтті: 11 ұпаймен үш команда – Royal College, The Harker School және Wisdom – жүлдеге үміт артты. Олардың ізін ала 10 ұпаймен төрт команда – РФММ (Алматы), SEED Educational Complex (Астана), РФММ-2 (Астана) және Istanbul Erkek High School (Түркия) келе жатты.
8-ші турда шешуші матчтар өтті: Velammal MHS School – Wisdom, The Harker School – SEED Educational Complex, Royal College – РФММ-2 және Istanbul Erkek High School – РФММ кездесулері жүлделі орындардың тағдырын анықтады.
Чемпиондықты ертерек қамтамасыз еткен үнділік команда көршілес Өзбекстанның Wisdom командасын зорға дегенде 2½–1½ есебімен жеңді. Сол кезде астаналық РФММ-2 Шри-Ланка өкілдерін дәл сондай есеппен тізе бүктірді. Ал алматылық команда түркиялық оқушыларды 4–0 есебімен ойсырата ұтты. Осы нәтижелерден кейін барша назар The Harker School мен SEED Educational Complex арасындағы кездесуге ауды. Егер АҚШ командасы жеңсе – оларда күміс медаль, ал Қазақстан үшін 3-ші орын ғана қалады. Егер біздің команда жеңсе – алғашқы үш орынды қазақстандықтар бөліседі: 2-ші орын – РФММ (Алматы), 3-ші орын – SEED Educational Complex, 4-ші орын – РФММ-2 (Астана). Алайда кездесу тең аяқталды – 2–2...
Қорытынды командалық кесте келесідей болды:
- Velammal MHS School (Ченнай, Үндістан) – 16 командалық ұпай, Зоннеборн–Бергер коэффициенті: 242,5, жеке ұпайлар: 26½
- РФММ (Алматы) – 12 ұпай, 254, 27;
- The Harker School (Сан-Хосе, АҚШ) – 12 ұпай, 174,5, 20
- РФММ-2 (Астана) – 12 ұпай, 139, 19;
- University High School (Ирвин, АҚШ) – 11 ұпай, 180, 22;
- Royal College (Коломбо, Шри-Ланка) – 11 ұпай, 177, 20½;
- Lyceum «Photon» (Гюмри, Армения) – 11 ұпай, 168,5, 22;
- SEED Educational Complex (Астана) – 11 ұпай, 158,5, 19½;
- РФММ-1 (Астана) – 8 ұпай, 108,5, 16½;
- Д.А. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы (Ақтөбе) – 7 ұпай, 97, 15;
- О.А. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицей (Шымкент) – 6 ұпай, 87, 13.
2025 жылғы мектеп командалары арасындағы әлем чемпионы атағын Velammal MHS School (Ченнай, Үндістан) жеңіп алды. Команда мүшелері тақта реті бойынша: WFM Кирти Шри Редди (рапид рейтинг – 1910/классика – 2033), IM С. Асват (2369 / 2500), FM Даакшин Арун (2021/2274), IM А.Р. Илампартхи (2358/2515) және FM К.П. Пранав (2090/2276). Капитаны – 56 жастағы Велаван Суббиа.
Күміс жүлдегер РФММ (Алматы) командасын құттықтаймыз: GM Эдгар Мамедов (2299/2490), FM Иманғали Ақылбай (2292/2357), WIM Зарина Нұрғалиева (2152/2345), CM Әлихан Дәулет (2173/2158), Әдіжан Есенғали (1989/2071). Команда капитаны – 52 жастағы Саят Егенбердиев.
Жүлделі орынға бір қадам жетпей қалған РФММ-2 (Астана) командасына FM Ерғали Сүлейменнің (2337) көшбасшылығы жеткіліксіз болды. Құрамда: Ислам Айтен (2045), Владимир Савицкий (1977), Ернұр Ахмедияр (1802), Мадина Момын (1792), Дүкембаева Камила (1434). Капитаны – Ботакөз Жолғасбаева.
SEED Educational Complex (Астана) командасы да WFM Мария Холявконың (1987) қатысуынсыз әлсіреп қалды. Құрамда: CM Данис Қуандықұлы (2156), Алдияр Сайлаубай (2011), Арсен Айтмұханов (1762), Айлин Заркым (1905). Капитаны – Қуаныш Сүлеймен.
Командалық күміспен қатар, жекелеген тақталарда да үш медаль жеңіп алынды: Иманғали Ақылбай 2-ші тақтада абсолютті нәтиже – 8 ұпайдың 8-ін жинап, алтын медальға ие болды. Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева 8 партияда 6½ ұпай жинап, сәйкесінше 1 және 3-ші тақталарда қола медаль иеленді.
12 жасар шахматшылардан құралған үш қазақстандық команданың өнері жайында айтсақ, олар әлемнің мықты қарсыластарымен ойнап, құнды тәжірибе жинады.
Халықаралық мектеп шахмат федерациясының (ISCF) және KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жарыс қорытындысына пікір білдірді:
«Қазақстан үшін бұл турнир тек спорттық дода ғана емес, бүкіл шахмат қозғалысын дамыту құралы ретінде маңызды. Біз жай ғана қатысқан жоқпыз – оның ұйымдастырылуына елеулі үлес қостық. Сондықтан жарыстың жоғары деңгейде өткеніне өте қуаныштымыз. Біздің жас шахматшылар үшін бұл – баға жетпес тәжірибе, ал еліміз үшін – мектептердегі жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсететін айқын дәлел. Барлық медальдар – үлкен еңбектің, табандылықтың және нағыз командалық рухтың жемісі. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігіне және жеке Елші Ержан Ашықбаевқа делегациямызға қолдау білдіргені және шахматтың дамуына көңіл бөлгені үшін алғыс айтамыз. Барлық қатысушылар мен бапкерлерді құттықтаймын: біз сіздермен мақтанамыз және одан да биік мақсаттарға бірге беттейміз!».
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне ғана қатысып қоймай, бүкіл турнир барысында біздің жас спортшыларымызға жанкүйерлік танытып, ерекше қолдау білдірді.