Ресейдегі дрон шабуылдары күшейгеннен кейін ірі компаниялардың логистикалық бағыттарын қайта қарауы мүмкін екенін бұған дейін Protenge Telegram арнасы жазған болатын. Енді бұл болжамның шындыққа айнала бастағаны байқалады, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Коммерсант» басылымының мәліметінше, Wildberries Қазақстаннан жалпы көлемі 100 мың шаршы метрге дейін болатын қойма іздеп жатыр. Компания заманауи қойма кешендерінің басым бөлігін жалға алуға дайын. Сондай-ақ маркетплейс сатушылардың тауарларының бір бөлігін Ресейден Қазақстанға көшіруді жоспарлап отыр.
Бұған Ресейдегі логистикалық нысандарға жасалған жаппай дрон шабуылдары себеп болған. 18 шілдеден бері Санкт-Петербург, Мәскеу облысы, Қырым, Тамбов, Воронеж облыстары, сондай-ақ Ставрополь және Краснодар өлкелеріндегі қоймалар зардап шеккен. Соның салдарынан жалпы аумағы 444 мың шаршы метрден асатын қойма пайдаланудан шыққан. «Коммерсанттың» бағалауынша, бұл Wildberries логистикалық инфрақұрылымының шамамен 8 пайызына тең.
Сонымен қатар компания Қазақстанда екі ірі логистикалық орталықтың құрылысын жүргізіп жатыр. Оның бірі Алматыда орналасады және аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Ал Астанадағы логистикалық орталықтың көлемі 160 мың шаршы метрді құрайды. Оны келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Сарапшылардың пікірінше, ірі бизнес логистиканы тәуекелі жоғары өңірлерде шоғырландырмай, бірнеше елге бөліп орналастыруға көшіп жатыр. Қазақстан үшін бұл жаңа жүк ағындарын тартуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және қойма инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Ал тұтынушылар үшін мұның тағы бір жағымды тұсы болуы ықтимал — жеткізу мерзімі қысқарып, тасымал шығындары да төмендеуі мүмкін деген үміт бар.