Вице-премьер Тоқаевтың сынынан кейін курорттарды аралап шықты

Қаракөз Амантай 24 шіл. 2025 13:19

Вице-премьер Ермек Көшербаев Қазақстандағы курорттарды тексеру барысы туралы айтып берді. Бұл тексерулер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі туристік саланың кемшіліктерін сынағанынан кейін жүзеге асты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Курорттарды аралау сенбі-жексенбі күндеріне тура келген соң, мемлекет ұсынған қарапайым мүмкіндіктерді пайдалануға тура келді. Түнде жолаушылар рейсімен Алматыға ұшып бардым. Одан кейін көлікпен Қапшағайға жеттік, ішкі жағында жаяу жүріп таныстық. Қапшағайдан Талдықорғанға дейін де көлікпен бардық. Сол кезде ТЖМ-нің тікұшағымен ұшуға мүмкіндік туындап, соны да пайдаландық”, — деді Көшербаев баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Ақши ауылындағы теміржол вокзалы тым шағын болғандықтан, демалыс мезгілінде келушілерді толық қабылдай алмайды. Алайда бұл аймақ маусымдық туризммен шектелетіндіктен, үлкен вокзал салу тиімсіз. Осыған байланысты вице-премьер жергілікті билікке шыны сэндвич-панельдерден жеңіл павильон салуды ұсынды.

Көшербаевтың мәліметінше, жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлескен күш-жігерімен Ақшиге 70 шақырымға жуық электр желісі тартылған. Жергілікті кәсіпкер туризмнің маңызын түсіне отырып, 110 кВ қуаттылығы бар қосалқы станцияның құрылысын қаржыландырған. Бұл инфрақұрылым, болжам бойынша, Алакөл аймағының алдағы 10 жылдық даму қажеттілігін қамтамасыз ете алады.

Ақшидегі теміржол вокзалында жұмыс күнінің аяқталуына қарай адамдар жиналып, өз ұсыныстарын білдірді. Олар негізінен қоқыс мәселесін шешу жайында пікір айтты. Дегенмен жергілікті халықтың басым бөлігі қанағаттанған күйде болғанын вице-премьер атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық туристік нысандарды жедел түрде ретке келтіруді және кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды тапсырған еді. Осыдан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдері мен министрлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Президенттің сынынан кейін жүргізілген тексерулердің нәтижесінде Туризм және спорт вице-министріне, сондай-ақ бірқатар әкімдерге сөгіс жарияланғаны хабарланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар