Волонтер - журналист ауыл футболын дамытуға үлес қосуда

Dalanews 24 там. 2022 12:31 1008

Dalanews.kz тілшісі белгілі журналист, соңғы жылдары волонтерлікпен айналысып "Ауыл футболы" жобасын құрған Серік Мәмбетовпен пікірлесіп қайтты. 

Ауылдағы талантты балалардың жолын ашып, аяқ доппен айналысуға жәрдемдесетін жоба волонтер-журналистің көптен бергі бергі арманы екенін айта кету керек. Серік Мәмбетовтың пікірінше, отандық футболды дамыту үшін алдымен балалар футболын аяққа тұрғызған жөн.

"Түптің түбінде бұл жобаны ұлттық идеяға айналдырғым келеді. Жобаның бір реттік акция емесін дәлелдедік. "Ауыл футболды" әзірлеп, іске кіріскенімізге екі жылдан асты. Балалар футболын дамытуға өз үлесімді қосқым келді. Бұл тараптағы біраз жобаларға балама болатын потенциалы бар.

Иә, бұл бағытта соңғы жылдары бірталай жұмыс істелді. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Десе де, бұл міндетті мемлекеттік мойнынан жүктеп, қол қусырып отырған жөн емес. Үкімет жеке секторға көңіл бөліп, балалар футболын дамытқысы келетін азаматтарға мүмкіндік беруі тиіс. Жалпы мемлекеттің, жеке кәсіпкерлердің спорт нысандарын ашып, түрлі спорттық секциялар мен үйірмелер құруға ұйытқы болатыны қуантады.

Алайда мұндай нысандардың дерлігі ірі қалалар мен аудан орталықтарында ғана ашылып жатыр. Ал ауыл ұмыт қалды", – деп қынжылады әріптесіміз.



Соңғы жылдары волонтерлікпен айналысып, сауапты істі қолған алған Серік Мәмбетов "таланттылар ауылдан шығады" деген ұстанымды ұстанады. Оның пайымдауынша, Алматы секілді мегаполистерде денешынықтыру кешендері, бассейндер, футбол және хоккей алаңдары жетіп артылады. Ал ауыл балалары дәл осындай инфрақұрылымға сусап отыр.

"Қарапайым денешынықтыру кешендері де ауыл балалары үшін қол жеткізбес арман.



Қалаға барып, спорттық үйірмеге жазылғысы келсе жер шалғай. Айталық, Райымбек ауылынан Алматыға қатынау үшін ауыл баласы қаншама уақытын жоғалтады. Ауылдан шаршап-шалдығып кеткен баланың спорт айналысуға құлқы болмайды. Оның үстіне баланы жалғыз жіберу де мына заманда өте-мөте қауіпті.

Міне, осылайша ауылдың балалары еліміздегі спорт игіліктерін пайдалана алмай отыр. Осы себепті біз бұдан шығудың нақты жолын ұсынып отырмыз", – дейді волонтер.

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, еліміздегі 1980 мектепте спортзал жоқ. Ал ақылы спортзалдың құны қымбат. Ойын алаңын жалға алу құны 40-50 мың теңгенің төңірегінде. Дене шынықтыру мамандарының табысы да мардымсыз. Волонтер-журналист бұл тығырықтан шығудың жолын ұсынып отыр.

"Елімізде мегажобалардан түбегейлі бас тартатын кез келді. Бұл спорт саласына да қатысы бар мәселе. Аумағы ат шаптырып спорт кешендерін сала бергенше, шағын үлгідегі, бюджеті да ықшам инфрақұрылымдарға басымдық беру қажет. Батыста бұл үрдіс баяғыдан бар. Бұларда мұндай спорт нысандары үйге жақын жерде орналасқан. Яғни, баланың барып-келуіне ыңғайлы, былайша айтқанда қолжетімді.

Ауыл спортын сөз еткен осы концепцияға сүйену керек. Шағын спорт алаңдары балаларға шабыт береді", – дейді ол.

Серік Мәмбетовтың айтуынша ауыл балалары қала балалары берілетін мүмкіндіктерден тыс қалмауы тиіс. Қаладағы футбол алаңдары ауылдық жерлерде көптеп ашылуы қажет.

"Ескі Қазақстанның кезіндегідей "100 стадион, 100 бассейн саламыз" дейтін асыра сілтеуді доғару қажет. Науқаншылдықты тоқтату керек. Ал сол 100 стадионды қандай етіп салу керек дегенді біреу зерттеді ме? Жоқ. Соның бәрін зерттемей тұрып біз ғаламат спорт-сауықтыру кешенін саламыз, ал ауыл балалары малдың қиының үстінде доп теуіп жүр.

Тағы да қайталайын, ауыл балаларының баспанасына жақын жерден шағын алаңдар салу керек. Сонда мәселе шешіледі. Басты сұрақ – қалай қаржыландыру. Міне, бұнда әкімдер араласу керек  – демеуші табу, жергілікті бюджет, тағысын-тағы", – дейді волонтер-журналист.



"Ауыл футбол" жобасына қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер жоқ емес. Алматы облысының әкімдігі аталған бастаманы қолдап отыр. Жобаның республикалық ауқымға көтерілуі қаржыға тіреліп тұрғаны айтпаса да белгілі. Бүгінге дейін еліміздің бірқатар өңірлерінде балалар футболынан турнирлер өткізілді.

"Бір футбол алаңын салу үшін 5 млн-ның төңірегінде қаржы қажет болады. Мен үшін "Ауыл футбол" коммерциялық жоба емес. Егерде біз ауыл спортына, балалар футболына тек коммерциялық көзқараспен қарар болсақ, ендеше бұл іспен мүлде айналыспай-ақ қою қажет. Бұл сізге легионерлерді сатып алып, бюджетке қол салу емес. Мені волонтер деп атаңыздар", – дейді әріптесіміз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар