Вольфрам бағасы бір жылда 622 пайыз қымбаттады

Вольфрам бағасы бір жылда 622 пайыз қымбаттады
Фото: ЖИ

2025 жылғы қаңтар мен 2026 жылғы сәуір аралығында әлемдік нарықта вольфрам бағасы 622 пайыз өсіп, стратегиялық маңызды минералдар арасындағы ең жоғары өсімді көрсетті. Бұл көрсеткіш өзге пайдалы қазбалардың бағасындағы өсімнен үш еседен аса жоғары, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осы кезеңде аккумулятор өндірісі мен жоғары технологиялық салаларда қолданылатын бірқатар маңызды минералдардың да құны айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, тантал 196%-ға, кобальт 134%-ға, неодим 116%-ға, литий 108%-ға, висмут 95%-ға, қалайы 65%-ға, хром 53%-ға, мыс 44%-ға, алюминий 39%-ға, молибден 34%-ға, ал ванадий 25%-ға қымбаттаған.

Бағаның күрт өсуіне бірқатар елдің экспортқа енгізген шектеулері мен жеткізу тізбектерінің шектеулі болуы әсер еткен. Нәтижесінде кейінгі бірнеше жылдағы салыстырмалы түрде баяу нарықтық кезеңнен кейін маңызды минералдардың құны айтарлықтай көтерілді.

Айта кетейік, әлемдік нарықтағы бұл өзгерістер Қазақстан үшін де маңызды. Бұған дейін еліміздің Еуропалық одаққа ферровольфрам жеткізетін негізгі үш елдің қатарына кіретіні белгілі болған. Бұл бағытта Қытай импорттың жалпы құнының 68%-ын қамтамасыз етіп, көш бастап тұр. Одан кейін Вьетнам 21%-бен екінші орында болса, Қазақстанның үлесі 8%-ды құрайды. Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеруге және металл өндіру жобасына қатысуға ниетті екенін мәлімдеген. Сарапшылардың пікірінше, вольфрам бағасының рекордтық деңгейде өсуі Қазақстандағы мұндай жобалардың инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруы мүмкін.