Visit Astana елорданың туристік бизнесінің әлеуетін жаңа белеске көтереді

Dalanews 22 қар. 2022 11:56 2093

Visit Astana City серіктестік бағдарламасының алғашқы қатысушыларына сәйкестік белгілерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Бұл бағдарлама негізінен кәсіпкерлік саланың маңызды бөлігі туристік индустрия субъектілері ұсынатын қызметтердің сапасын және деңгейін арттыруға ынталандыруды мақсат етеді. Қазіргі уақытта бағдарламаға қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары және туроператорлар қатысып жатыр.

Бағдарламаға қатысушыларды аттестаттау комиссиясының құрамына «Астана Инвест» мемлекеттік ресурстарды дамыту орталығы» ЖШС, Астана қаласы бойынша «Атамекен» республикалық кәсіпорны, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, ОЮЛ қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығы қызметкерлері кірді.

Марапаттау рәсімінде «Астана Инвест» МРДО» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жалғас Молжігіт сөз сөйлеп, жиынның мән-маңызына тоқталды. Оның пайымынша, қазіргі таңда әлем елдерінде туристерді қабылдайтын нысандар мен көрікті орындарды қызмет көрсету стандарттары жағынан салыстыру ілгерілеуге ықпал ететінін түсіну қажет. Мұнда көрсетілетін қызметтің сапасына жататын, тамақтанатын орындар және кез келген қызмет түрін таңдаудағы факторлар кіруі мүмкін.

«Қызмет көрсету секторының сертификаттары халықаралық тәжірибеге негізделген. Мысалы, Испанияда – La Marca Q, Швейцарияда – Сапаны растау мөрі, Қытайда – 5А жүйесі, Жаңа Зеландияда – Qual Mark. Ал біз өз бағдарламамызда осындай алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибелерін біріктіріп, қазақстандық нарыққа бейімдеуге тырыстық. Visit Astana ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру және соның нәтижесінде елорданың туристік ағынын арттыру мақсатында қала туризмінің барлық субъектілерін біріктіретін Қазақстандағы алғашқы бағдарлама болды. Бір жарым жыл ішінде комиссия мүшелері әлеуетті серіктестердің өтініштерін қабылдап, тексерулер жүргізіп, қызмет көрсету сапасының деңгейін бағалап, сараптамалық қорытындыларын берді», - деді Жалғас Берікұлы.

Оның сөзіне қарағанда, бір жарым жыл ішінде көп жұмыс атқарылған. Негізгі салалық мүдделі тараптармен ынтымақтастық орнады; Visit Astana «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы әзірлеген Сапа белгісі бағдарламасы секілді танылды. Қалалық серіктестік бағдарламасының барлық қатысушылары бұл төсбелгіні автоматты түрде алады, бұл республикалық деңгейде көрсетілетін қызметтердің жоғары стандарттары мен сапасын, сондай-ақ екі бағдарламаның барлық талаптарына сәйкестігін растайды.


«Бұл жолы Visit Astana қонақүйлер, мейрамханалар, кафелер, туроператорлар қатарынан 30 компанияны таңдап алды. Олар халықаралық қонақтар мен туристерді жоғары деңгейде қарсы алуға дайын. Біз осы бастамамызға қызығушылық танытып, белсенді қатысқан және қолдау көрсеткен барша әріптестерімізге рахмет айтамыз. Осындай жауапты, белсенді, шығармашыл мамандарымыздың келген туристермен жұмыс істеп, елімізді өз деңгейінде танытып жатқаны қуантады», - деді «Астана Инвест» МРДО» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары.

Ол 2023 жылы туризм саласының 40 нысанын аттестаттау жоспарланып отырғанын мәлім етті. Сонымен қатар, бағдарлама Visit Astana Discover, Visit Astana Education, Visit Astana Transport санаттары бойынша әлеуетті қатысушыларды сертификаттау талаптарын қамтиды.

«Келесі жылы біз туристік көрікті орындар мен көлік компанияларын қамту үшін де бағдарламаны кеңейтпекпіз. Сондықтан әріптестеріміз тарапынан одан әрі жемісті ынтымақтастықты күтеміз», - деді Жалғас Молжігіт.

Айта кетейік, салтанатты рәсімде қызмет көрсету деңгейін бағалау нәтижелері бойынша туризм секторының отыз кәсіпорны арасында «Visit Astana» Comfort Excellent санаты Radisson Hotel Astana, Astana Marriott Hotel, Rixos President Astana, Hilton Astana, Sheraton Astana Hotel, The Ritz-Carlton, Astana, The St. Regis Astana қонақ үйлеріне берілді.

«Visit Astana» тамаша дәм аталымы бойынша «Monocle» кафесі, DAMI кафелер желісі және Eleven Gastrodom мейрамханасы марапатталды.

«Visit Astana» Comfort Plus төсбелгісі Ramada by Wyndham Astana, Park Inn by Radisson Astana, Hilton Garden Inn Astana, Alanda, Wyndham Garden Astana, Goldman Empire, BalQaragai Family Forest Resort және Comfort Hotel Astana қонақ үйлеріне берілді.


«Visit Astana» Taste Plus категориясына Legends Pub пен Myata Edition лаунж-бары лайық деп танылды.

«Айкун», Ibis Astana, Grace Point, Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch, YE'S Astana Aparthotel және Diplomat қонақ үйлері жинаған ұпайлары бойынша «Visit Astana» Comfort санатының сертификатына ие болды.

Сонымен қатар, «Мумтаз» мейрамханасы, «Nurorda Food» асханасы және «CULTÜRA Bar & Kitchen» дәмханасы «Visit Astana» Taste санатының сертификатын қанжығалады.

Бағдарламаға қосылып, Visit Astana Support сәйкестік белгісін алған бірінші және әзірге жалғыз туроператор – астаналық Empire Travel Qazaqstan.

Шара соңында Ержан Балтаев барлығына сапалы жұмысы үшін алғыс айтып, Қазақстан астанасының имиджіне оң әсер ететін ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.

https://dalanews.kz/saraptama/84231-dozhdtyng-dauy-gazdy-qaru-qylgan-puti

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар