Вашингтондағы әуежайдың қасындағы өзенге ұшақ құлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұшақ бортында 64 адам болған. Оның алпысы жолаушы, төртеуі экипаж мүшесі.
Ұшақтың құлауына қонуға келе жатқан кезде әуеде әскери Sikorsky H-60 Black Hawk тікұшағымен соқтығысуы себеп болған. Бұл туралы FAA хабарлады. Алайда бұл алдын ала болжам және өзгеруі мүмкін.
NBC мәліметінше, кемінде төрт адам аман қалған. Олар ауруханаға жеткізілген.
Полиция Потомак өзенінен қаза тапқандардың денесін алып шыққан. Бұл туралы The Washington Post жазды.
Ақтаудағы апат
Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.