"Еліміздің үш өңірінде вакциналау төлқұжаттарын сатқан медицина қызметкерлері ұсталды. Олар екпе салдырмаған адамдарға құжат берген. Ал вакцинаны төгіп тастаған.
Көріп отырғаныңыздай, халықтың денсаулығы пайда табу объектісіне айналды, ал бюджеттен бөлінген ақша текке кетіп жатыр. Осындай жалған төлқұжат алған адамдар біздің қасымызда жүреді, бір көлікке мінеді, бір ұшақпен ұшады, - деді Ахметжанов бірінші жартыжылдықтағы жұмысты қорытындылаған агенттіктің алқалы жиынында.
Ол қолға алынған бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Ресми мәліметке сәйкес, заң бұзған дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ, Ақмола және Алматы облыстарында ұсталды.
Бұдан бөлек, пандемиямен күрес шараларына бөлінген қаржыны жұмсауға қатысты 104 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, медициналық құрал-жабдықты сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқыру әрекеттері әлі күнге дейін тыйылмай тұр.
"Шымкент қаласында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мырзақұлов медициналық техниканы тым жоғары бағамен сатып алу фактісі бойынша сотталды. Бюджетке 1,5 миллиард теңгенің шығыны келді. Дәл сондай фактілер Маңғыстау облысында анықталған болатын. Ол жақта денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жаманбаев сотталды", – деп атап көрсетті Ахметжанов.