Ұзынағаштағы қылмыс: министр Қасымов болған жайды айтып берді

Dalanews 27 қыр. 2016 06:13 808

Ұзынағаштағы базарға мал сатуға кетіп, қайта оралмаған ағайынды үш жігіт өлі күйі табылған еді. Марқұмдарды бүгін жер қойнына тапсырады.

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматы облысында болған жантүршігерлік қайғылы оқиға туралы баяндап берді деп хабарлады Zakon.kz.

— 20-қыркүйекте бізге Алматыға үш ағайынды азаматтың мал сатуға кетіп, қайтып оралмағандығы туралы шағым келіп түсті. Олар екі көлікпен 41 бас малды Алматы облысына сату үшін алып шыққан. 21-қыркүйекте бірінші, 23-қыркүйекте екінші көлікті таптық. Кейіннен бұл көліктің батпаққа батып қалып, жергілікті тұрғындардың оны итерісуге көмектескені, ол тұрғындардың кім екені белгілі болды. Міне, осы адамдар арқылы біз қылмыскерлерді анықтадық. Олар — Жамбыл ауданының екі тұрғыны. Олар базарға барып, Талдықорған өңірінен келген саудагерлерге келіп, бар малын бірақ сатып алатынын айтқан, — деді министр.

Министрдің айтуынша, қылмыскерлер өз құрбандарын осылайша алдап, ауыл сыртындағы сайға ертіп барған.

— Сол сайда олар үш азаматты өлтіреді.
Сөйтіп, мал мен өлі адамдар денесін көлікке тиеп алып бара жатқанда батпаққа батады. Олар жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының көмегіне еріксіз жүгінеді.

Қазіргі уақытта қылмыскерлер қолға түсті, қылмыс жасалған зат — мылтық тәркіленді.
Олар өз еріктерімен құрбандарын қай жерге көмгенін көрсетіп берді.

Марқұмдардың денесіне қатысты барлық қажетті сараптама тағайындалды. Бүгін жерлеу рәсімі өтеді. 36 бас мал тәркіленіп алынды. Іспен Алматы облысының ішкі істер департаменті айналысып жатыр. Жақын уақытта бұл істі аяғына жеткізіп, оны сотқа өткіземіз, — деді Қалмұхамбет Қасымов.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қасымовқа бұл істі жеке бақылауына алуды тапсырды, сөйтіп келесі Үкімет отырысының қоғамдық қауіпсіздік және зорлық-зомбылықпен күрес тақырыбына арналатынын мәлімдеді.

„Өз бақылауыңызға алыңыз. Бәріміз қоғамның қауіпсіздігі, зорлық-зомбылықпен күрес — біздің жұмысымыздың алғышарты екенін жақсы білеміз. Сондықтан таяу күндері бұл мәселені Үкімет отырысында қарауымыз керек деп ойлаймын„, — деді Сағынтаев.

Еске сала кетелік, ағайынды талдықорғандық үш жігіт бір апта бұрын із-түссіз жоғалып кеткен. Бір-бір шаңырақтың иелері әдеттегідей, базарға мал сатуға кеткен, бірақ қайтып оралмады. Олардың артында 8 бала қалып отыр.

Дереккөзkaz.365info.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар