Біздің елімізде статистика бойынша баспанаға мұқтаж 2 млн 300 мың адам ресми түрде тіркелген екен (тіркелмеген бөлігі де бар). Соның 1 млн 300 мыңы жер кезегінде тұрғандар көрінеді. Олардың Астанадағы саны да 100 мыңға жуықтап қалыпты. Ал тұрғын үй кезегінде бас қаламызда 40 мың отбасы тұр деседі. Оған тіркелмей жүргендерді қоссақ, одан да көп болады.
«Казжилстрой-Кооперация» кооперативі мектептер мен ауруханаларда өткізген әлеуметтік зерттеу бойынша қызметкерлердің 65-70% пайызы жалдамалы пәтерлерде тұратыны анықталды. Бұл ұрпағымыздың білімі мен денсаулығына жауап беретін мұғалімдер мен дәрігерлердің үштен екісі үйсіз-күйсіз жүр деген сөз. Олардың күйі жұмыс сапасын төмендететіні айдан анық. Үйсіз жүрген жас отаулардың жағдайлары тіпті ауыр. Әдетте бұлар ерінің бір жалақысына өмір сүреді. Ол табыстың жартысын «баласының аузынан жырып» пәтер жалына төлейді. Ендеше жас жанұя балаларымен мөлшері 40-75 мың болатын жарты айлыққа өмір сүріп, балаларын тәрбиелеп оқытуы керек. Сонда олар үйге ақша жинау үшін тамақ ішпеуі керек пе?! Ал баласын ағылшынға, музыкаға, спортқа және т.б. дамытатын орындарға қайдан апарады?! Оның бәрі ақша емес пе? Жалдамалы пәтерде тұрған жастардың ақшалары ел қатарлы өмір сүруіне жетпей қиналады. Әрине, осыдан бір талай жастар жетіспей қиналып, араққа да салынып, қылмысқа да салынып, айырылысып та жатыр. Құс екеш құстар да ұя салмай жұмыртқа салмайды. Ал тапқан ақшасы азығына жетпейтін балаларды кім табады?
Жалпы айта кететін үлкен мәселе, жағдайы бар адамдар пәтерді жағдайы жоқ адамдарға жалға беруі – капитализм дәуіріндегі адамды қанаудың бір түрі. Бұл әлеуметтік теңсіздікке әкелетін өркениетті қоғамға қайшы негативті құбылыс. Өйткені, өркениетті қоғамда адамды қанау факторлары түбегейлі болмау керек. Әйгілі ағылшын премьер-министрі Маргарет Тэтчер «Мемлекеттің бірінші байлығы халық. Үкімет тек оның потенциалын ашуға көмек беруі керек» деген парасатты сөзі Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыздың жоғарыда келтірілген сөзімен ұштасады. Ұрпақ өнбесе, өспесе ұлан-ғайыр жерге ие болатын, мемлекеттің қазынасын салықпен толтыратын, әскер боп қорғайтын ұлттың саны қайдан өседі? Демографиялық өсім кең байтақ Қазақстанның дамуы үшін басты стратегиялық мәселе екені айдан анық. Үйсіздіктің салдары ұлт дамуына өте қымбатқа түседі. Үйсіздіктің салдары күйсіздік, күйсіздік салдары надандық. Күнін көре алмай жүрген жастарды қалай рухани жаңғыртып, өркениетті елдерге жетеміз? Ендеше, жастары үйсіз-күйсіз халық оба тигендей саны да, сапасы да өнбейді.
Сондықтан жас отауларды үймен қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсері бар, бүкіл қоғам боп жабылып шешетін, көкейкесті әлеуметтік мәселе!
Бүгінгі таңда Астанада құрылыс жүрмей тұр деуге әсте болмас. Алайда, жоспарланған көрсеткіштер үйге мұқтаж адамдардың сұраныстарын қамтамасыз етуге мүлдем жеткіліксіз. Бүгінде қалалық жерлерде пәтерлерді жалдап баспанасыз жүргендердің басым көпшілігі жастар. Ал жастар елдің келешегі, демографиялық өсімнің кепілі емес пе? Өкінішке қарай, олардың басыбайлы пәтер алуға ниеттері болғанымен мүмкіншіліктері жоқ.
Қазірде халықтың үйлі болуының 2-3 қана жолы бар екен: бірі – тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, кооперация, екіншісі - әкімдікте пәтердің немесе жердің кезегінде тұру, үшіншісі - бастапқы жарна жинап, содан кейін ғана екінші деңгейдегі банктерден несие рәсімдеу.
Қаржы Министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша: «Қазақстандағы ипотекалық несиелеудің қазіргі жағдайы мынадай: несие алу үшін, пәтер құнының 30 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна жинау қажет, ал несиенің жылдық ставкасы 16-18 пайыз. Осыны ескерсек, Қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін қазіргі жағдайда ипотекамен баспана алу іс жүзінде қиын болып тұр» дейді.
Біздің елде жағдайы жоқ және табысы төмен адамдарға арналған мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар бар, бірақ жеткіліксіз. Сол үшін де Елбасы мен Парламент бекіткен халық кооперациясын қолдау жайлы тамаша заңдар ойластырылған. Бүгінгі таңда, халық кооперациясы арқылы бірігіп салынатын үйлер, жастар мен жағдайлары жоқтарға ең қолжетімді амал мен шешім болып табылады.
ШАШ АЛ ДЕСЕ, БАС АЛАТЫН ШЕНДІЛЕРДІҢ ХАЛЫҚ КООПЕРАЦИЯСЫМЕН КҮРЕСІ
Кооперация дегеніміз, жәй сөзбен айтқанда, қолда барды біріктіріп, бірлесіп белгілі бір іс тындыру деген сөз.
Иә, расында да, мүдделес-ниеттес адамдардың басын қосып, баспана мәселесін шешу – сауапты да, жауапты іс! Бірақ ауызбен айту бір де, оны ой мен бойға сіңіріп, жүзеге асыру бір! Менің мақаламның асыл өзегі де – осында!
Әңгіме физика-математика мұғалімі болған, өмірде математикалық анализ бен рационалды ойлауды жиі қолданатын Асхат Базарханұлының ұйытқы болуымен кооперация амалымен салынған екі үйі жайында. Ол елордамызда баспанасыз жүрген бір қауым жұртты азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде бастарын біріктіріп, ортақ қаражатқа үй салып беруді ұйымдастырды. Бұл үйлер жекеменшіктегі жер мен үйге ортақ иелік жайлы заңдарға сүйеніп салынады. Бұл заңдар мен қарым-қатынастар «тұрғын үй туралы» және жер қатынастары кодексінде көрсетілген. Ол заңдар бойынша ҚР азаматтары ортақ иелікке жер алып, оған ортақ иелікте болатын үй салып, белгілі бір бөлігіне, не бөлмелерге ие бола алады. Әркім бір бөліктің иесі болғандықтан, өз бөлігін еркінше пайдаланып, оны сата алады. Және бұл жеке тұлғалардың кооперациясы кооперативті тіркемей-ақ атқара алатын құқықтары.
Асхат Базарханұлының айтуынша, бірігіп үй салу идеясына түрткі болған Астанаға болашақ үшін жұмыс іздеп келген бірталай таныс жастардың пәтәрден пәтерге көшіп, бар тапқанын жалға төлеп, үйсіз-күйсіз жүргендері болды. Соның ішінде өзінің де туған інісінің келін мен төрт баламен Сейфуллин көшесіндегі «программа үйлерінің» жертөледе 18 ш.м. тар бөлмеге сыймай, күйлері кетіп отырғаны да бар. Оның үстіне өзінің де үйі бүгінгі таңда банкте кредитте тұр. Үйсіз адамның күйі де жоқ, көңілі де жоқ. Астанаға көшкен түгел жұрттың уайымдайтын көкейтесті мәселесі – баспаналы болу.
Осы ой-толғаныстардың бәрі тығырықтан шығу амалын іздеуге әсер болды.
Ой түйіні былай бопты: «Қолындағы қаражаты жердің жарты құнына да жетпейді. Жұрттың да жағдайы солай болар. Жердің өзін көпшілік адам сатып ала алмайды. Амал бар ма?». Осы ойлармен тапқан шешімі – «онда адамдардың азын-аулақ қаражаттарын біріктіру керек!». Кооперацияның басты принципі де осы.
Ол «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген атам қазақтың дана сөзіне саяды.
Сөйтіп, осы оймен Асекең қарызға жер іздеп, Астанадан он шақырым жердегі Есіл ауданына кіретін Ильинка тұрғын мекенінде Сексек ата көшесі 11-ші жеке меншік жер телімінің иесімен жеті ай ішінде бөліп төлеуге келісімшарт жасайды. Астананың бас архитекторы қол қойған проекті бойынша бастапқы жоспар екі этажды 24 бөлмелі үй салу еді. Алайда әп дегенде, жарнамамен келіп, ниет білдірген жастардың жартысының қаражаты бір бөлменің құнын толық төлеуге жетпеді. Сенім білдірген адамдардың жағдайы осы. Бармен базар дегендей, оларға жағдайына қарай жетпеген бөлігін бөліп төлеуге мүмкіндік берілді. Бірақ, сол себептен екі этажды үйді толық бітіруге қаражат жетпей қалды. Тағы бір тығырықтан шығатын шешім іздеу керек болды. Ол шешім - ақшасын толық төлей алатындарға тағы бір этаж бен мансардты этаж салу. Одан басқа амал болмады. Заңда «бөлмелердің үлкендігі мен санына шектеу жоқ» деп жазылған. Одан басқа СНиП бойынша ИЖС-ке толық 3 қабатты және шатыр астына қосымша мансардты этажы бар үй салуға болады. Проектіге құрылыс бырысында СНиПтен ауытқымайтын өзгеріс жасауға болады.
Сөйтіп, толық үш этаж және мансардты этажы бар 45 бөлмелі, пайдалы ауданы - 1200 шаршы метр ортақ үй салынды. Құрылысқа ақша салған қатысушылардың келісімшарт бойынша бөлмелерінің бағасы қаладағы нарық бағасынан 2.5-3 есе арзанға түсті. Соңында бұл үйден ала алмай қалған адамдарға екінші үйге бірігу іс-шарасы ұйымдастырылды. Ол жер де Ильинканың ішінде Батыр Баян көшесі 95-ші жер телімі жеті айға қарызға алынды. Екінші үй бас архитектордың бекіткен проектісіне сәйкес салынды. Ол екі этажды және мансарты этажын қосқанда пайдалы ауданы - 906 шаршы метр, 37 бөлмеде 37 жанұя тұрады. Асхат Базарханұлы осы құрылысты жүргізу барысында кездескен кейбір келеңсіздіктер мен қиыншылықтарға қарамастан алға қойған мақсатына қол жеткізді. Ақшасы жетпей қиналып, мардымсыз қаражатпен үлкен іс тындырылды. Екі үй салынып, 82 отбасы бөлмелердің кілтін алды. Ұйымдастырушының сөзі іспен бекіді. Нәтижелі біткен істің өз салмағы бар деген осы емес пе?
Осы үйлерге адамдар бар шамасын салды. Бірі азын-аулақ жиған-тергенін беріп, бірі банктен үстеме несие алды. Бұлардың кооперацияға бірігуі себебі кішігірім болса да өз бөлмесі, өз баспанасы болсыншы деген бір мақсат. Ай сайын тапқан табысының жартысын жұтатын, төлей алмасаң көшеге қуатын, арендадан құтылу бәрінің арманы еді. Бұл адамдардың осыдан басқа үйлері жоқ. Барлығы да қарапайым еңбек адамдары, ішінде 90 пайызы бала-шағасы бар жас отбасылар, зейнеткер қарттар мен мүгедек жандар бар. Осындай жақсы амал тауып, бәріне қолжетімді баға ойластырып, игілікті іс ұйымдастырған Асекең бұл адамдарды жалдамалы пәтер құлдығынан құтылуына себепкер болды деуге болады.
Бірақ жаңа ғана үйлі болған адамдардың бұл қуанышы мен үмітіне жергілікті басшылар балта шапты. Оның себебі мынада: бұл екі жер қарызға алынғандықтан Асхат Базарханұлы жерді өз атына жеті ай бойы аудара алмады. Сол себептен құрылысқа рұқсат қағаздары бөгеліп, кешірек басталды.
Бірінші үйге қосылған үшінші этаж бен мансардтың өзгертілген проектіге архитектор қол қоймады. Содан әкімдік те рұқсат қағаз бермеді. Ал Батыр Баян көшесіндегі екінші үй бас архитектор бекіткен проектіге толық сәйкес салынса да, кооперациямен салынған көп жанұя тұратын үй екенін естіген әкімдік оған да рұқсатын бермеді.
Салынып біткен екі үйде де құжаттардан проект, экспертиза, технадзор, авторский надзор, құрылыс компаниясымен келісімшарт, БТИдан техпаспорт, МЧС-тің өртқауіпсіздігі жайлы оңды шешімі сияқты заңды құжаттары бар. Тек әкімдік қана рұқсатын бермеді. Ол аздай әкімдікте өткен ведомство аралық жиналыста әкім орынбасары Хорошун мырза бар құжаттарды жоққа шығарып, екі үйдегі 82 отбасының мүддесі мен заңдық қақылары туралы сөздерді тыңдамай, «Ондай үйлерге тыйым салу керек!» деп, ГАСК қызметкерлеріне екі үйді де бұзу жайлы сотқа арыз беруге тікелей тапсырма береді. Тыю саясаты осы жерден басталды. Осындай да әкім басшы болады екен-ау! Жағдайы жоқ, үйсіз адамдардың жекеменшік жердегі бірігіп салған жеке меншігін құртпақ! Бала-шағасы бар жас жанұялардың тұрып жатқан жалғыз кішкене (20 кв.м.) бөлмесін көпсініп, бұзудан асқан қиянат бар ма?! Бұл нағыз халыққа қарсы, мемлекетке қарсы әлеуметтік қылмыс емес пе?!
Мысалы, дайын үйді бұзбай проекті бойынша үйлерді жөнге келтіру, ия болмаса жердің тағайындалған мақсатын өзгерту жайлы шешім қабылдауға да болар еді ғой! Жер Заңдары бойынша жер иесінің ондай құқығы бар.
Бұлайша бірігіп үй салудың халық пен Үкіметке экономикалық, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан пайдасы шаш-етектен. Бір жағынан халыққа жеңіл, екіншіден Үкіметке де көмегі тиеді. Өйткені ел Үкіметке қол жаймайды, мемлекет бюджетіне күш түсірмейді, өз мәселесін өзі шешіп жатады. Осыған жергілікті билік бөгет жасамаса, онда талай жас отау бірлесіп қолжетімді үй салып алар еді. Басқаша айтқанда: жоқтан бар жасалынар еді. Қалай десек те, кооперация Үкіметке үлкен демеу! Яғни, кооперациямен салған үйлерге рұқсат беру арқылы үй кезегінде тұрған үйсіздердің қатарын азайтуға болар еді.
Енді, міне, осындай игілікті жолмен салынған «халықтық» үйлерден айырылу қаупі төніп тұр. Жергілікті билік әкім қаулысы берілмегенін сылтауратып, айрандай ұйып отырған 82 шаңырақты ортасына түсірмекке жанталасып жүр. Ондағы қаншама адамның тағдырына қалай болса, солай атүсті қарай салғандары соншалық, тіпті, үйді бұзу туралы шешімді бір ауыздан сот пен әкімдік және прокуратура көп ойланбай-ақ 15-20 минуттың ішінде ғана шығара салды. Екінші апелляциялық сот отырысы да үйлерді бұзу шешімін 15-20 минутта қабылдады.
Негізі, сот заңға толық әділ жүгінсе, заң нормалары бойынша ата заңдағы азаматтардың баспанаға құқығы, жер мен үй жайлы кодекстердегі бірлесіп ие болу жайлы заңдар, жекеменшіктің мүлкін қорғау заңдары жергілікті әкім қаулысынан жоғары саналады. Бұл көп заңдармен қорғалған, жеке меншікке сатып алынған жердегі ортақ иеліктегі меншік үй. Жекеменшіктегі үйді сындыру конституция мен көп заңды аттайтын өрескел қателік. Одан басқа сотта адвокат бұл үйлерде 82 отбасының мүддесі бар, оларды сотқа шақыртып құқықтарын ескеруін талап етіпті. Сот айтылған бар өтінішті аяқасты қалдырады. Демек, бұл соттарда азаматтардың бірнеше заңды құқықтары мен заңдар бұзылды. Бұл соттардың заңды жұмысын тексеретін жоғарғы лауазымды адамдардың құлақтарына алтын сырға! Сөйтіп, 82 отбасы әлеуметтік және заңдық-құқықтық қысымға ұшырады. Оларға ел аман, жұрт тынышта қиянат жасалды. Одан бола, Есіл ауданының прокуратура қызметкері Байдаулетов Елжан тарапынан болған мынандай өрескел заң бұзушылық болды. Ол соттың үйлерді бұзу туралы шешімін алып, екі үйге барып тұрғындарды шешіммен қорқытып, Асхат Базарханұлы «бізді алдап соққан алаяқ» деп арыз жазыңдар деп үгіт насихат жүргізіп кетті. Жас прокурордың бұл қылығы қылмысқа жатады. Ол ҚР Қылмыс кодексінің 361 және 362 бабына келетін қызметкердің өкілеттік шегінен шығу жайлы заңды бұзды. Бұл қылықтан екі сұрақ туады: 1) Құқық қорғаушымыз неге мұндай заңсыз әрекет жасауға қорықпайды? Оның да басы екеу емес қой. Ендеше оны Есіл прокуратурасының басшылары жіберіп отыр деген сөз; 2) Неге олар Асхат Базарханұлын қудалап, жанталасып жүр? Адвокат осы сұрақ бойынша кезекші прокурор телефонына қоңырау соғып, телефонмен арызданады. Алайда Байдаулетов Елжан бұл іс-әрекетін мойындамайды. Сонда сұрақ туады: Екі үйде ол бөлмелерді қағып, отыз шақты куәгер адамға үгіт насихат жүргізді. Қалай өтірік айтуға беті шыдап тұр? Не деген ар?! Не деген бет?! Құдай сақтасын бұндай құқық қорғаушылардан!
Демек, Байдаулетовке тапсырма беріп отырған Есіл прокуратурасы басшыларының ойы заңды бұрмалап үйді сындыру ғана емес, игілікті іс бастап жүрген халықтың азаматын түрмеге жабу ғой!
Халықтың тағдырын осылайша асықша иіріп, Елордамызда ойран сап жүрген осындай сот пен прокурорлардан қалай шошымайсың?! Мұндай басшылар жүрген жерде, қандай даму болмақшы? Егер, ұйымдастырғыш азаматтарымызды үкімет қорғай білмесе, онда халық потенциалы ашылмайды, ел мен жер көгермейді.
Қуғындаудың сыры
Асхат Базарханұлының айтуынша, оны қуғындаудың басты табиғи себебі бәсеке мен теріс ойда жатыр. Бұл бір қызық әңгіме. Асекең адамдарды біріктіру үшін интернетке жарнама салып көзге түседі. Ондағы баға қаладан 2.5-3 есе төмен. Бұл жерде еріксіз конкуренция жайлы ой келеді. Қолдары ұзын мықтылардың астыртын мүддесі бар екені айдан анық. Әйтпесе, Астанада статистика бойынша жекеменшік жерге салынған 800 шақты жатақхана тәрізді (общежитие) жалға берілетін үй бар екен. Қаланың орта төрінде салынғандары да бар. Бірақ қала сыртында он шақырым шетте салынған дәл осы екі үй мықтылардың көзіне бөгет боп тұр. Сондықтан әкімдік, прокурор мен сот жабылып, жеке меншіктің бұл қолжетімді ұсынысын жер-көкке сыйдырмай тұр. Асекең біздің үй оларға бөгет емес, керісінше көмек болады дейді. Бұл ой байламы мынадай:
- Маған жарнаманы оқып келгендердің екі тобы бар. Бірі – үй алуға жағдайы барлар. Олар ортақ иеліктегі көп бөлмелі үй екенін көріп, менсінбей бұрылып кетеді. Екіншілері – үй алуға жағдайы жоқ немесе шамасы аздар. Бізге қосылуға ниет білдіретін адамдарымыз осындай. Көбінесе 20-30 жас арасындағы жастар. Алатындары 20 кв.м. кішкене бөлмелер. Қайтсін, шамасы жеткендері сол. Бірақ қайсысынан сұрасаң да «Біз арендадан қашып, екі үш жыл ақша жиып, есімізді жиғанша тұру үшін келдік» дейді. «Ес жиғанша, ақша жиғанша» деген сөздің өзі айтып тұр. Әрине, аренда үйінде тұрып жинаған ақша тесік шелекке құйған сумен тең. Ендеше, біздің үйден уақытша бөлме алған адам пәтер алуға ақшаны тезірек жинайды. Бұл дұрыс амал мен заңды құбылыс. Олай болса, біздің уақытша «коммуналкамыз» құрылыс саласындағы компанияларға тікелей көмегі бар деген сөз. Сондықтан ол «мықтыларға» халық атынан айтарым, бұндай кішігірім кооперацияға тимеңдер! Олардан бүкіл қоғамға пайдадан басқа зияны жоқ. Үкіметке де, сіздерге де көп көмек. «Көп түкірсе, көл болады» деген. Халыққа жер берсе, осы жолмен бірігіп, үйлерін өздері-ақ салып алар еді,- дейді.
Президентіміз Н.Назарбаев жергілікті басшыларға: «Халықтың тағдырын әлеуметтік жауапкершілікпен шешіңдер, халықтық кооперацияларды қолдаңдар» деп ұдайы айтып келеді. Ал «тоқ бала аш баламен ойнамайды» дегендей, мыналардың құлағына «қыстың көзі қырауда» далада қалғалы тұрған балалардың жылаған үні жетпейтін болғаны ма, сонда? Ау, шенеунік мырзалар! Абай атамыз: «Елдің пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде ғой» деп айтқан. Өздерің де сол халық пен үкіметті паналап жүрсіңдер ғой! Президентіміз биыл ғана «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жазып, ұлттық код туралы мәселе көтерді. Сол сіздердің ұлттық кодтарыңыз қайда, мырзалар?
Осындай кейбір еліне жаны ашымайтын тасбауыр шенеуніктерді мынадай лауазымды орындарға отырғызбас бұрын, қатаң сүзгіден өткізуіміз қажет шығар. Олардың адамгершілік қасиеті мен ақыл парасатына, ой-өрісінің кеңдігіне қарай сайласа, манағы үй бұзу жайлы өрескел шешім қабылданар ма еді?
Адамның сотына емес, ар-намысыңның сотына жүгініп, шамаң келсе, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болмайсың ба, шенеунік бауырым-ау! (Мен де 20 жыл шенеунік атына мінгенмін, ол аттың дүлейлігін де білемін).
Ұйымдастырушының даты
Қазір бұл үйлердегі «шықпа жаным, шықпалап» жүріп, баспанаға әзер қол жеткізген халық: «ана шенеунік бір күні келіп, бульдозермен сүріп тастайды-ау» деген қорқыныш тұрғындарға күндіз-түні маза берер емес.
Асхат Базарханұлы осы мақала арқылы үйді бұзуға шешім қабылдаған Астананың әкімдігі, прокуратура, сот және басқа да қатысы бар биліктегі шенді азаматтарға айтар датын ұсынды:
Құрметті би-мырзалар!
Қазақтың «елім» демеген ер жетім, «ерім» демеген ел жетім деген дана сөзі бар. Сіздерге Елбасы бағдар беріп, елдік саясатты ұстаныңдар, халыққа қамқор болып қызмет жасаңдар деп, сенім артты. Ал сіздер жеке меншіктердің өз жеріне бірігіп салған дайын үйді бұзуға үкім шығардыңыздар. Сонда үйдегі халықтың мүддесін қайтпексіздер? Үйге салынған ақшаларының орнын толтыра аласыздар ма? Жоқ. Әлде тұрып жатқан 82 отбасына дайын үй бересіздер ме? Жоқ! Ендеше бұл халықтың мүддесі қорғалған әділ шешім бе? Жоқ. Халыққа қарсы әділетсіз шешім!
Қарап тұрсам, сіздер бұларды бала-шағасымен жылатып, далаға қууға дайынсыздар. Айтыңыздаршы, кімнің көзіне бөгетпіз? Соншама жер-көкке сыйдырмайтындай не жаздық?! Адамнан қорықпасаңыздар, құдайдан қорықсаңыздаршы! Қазағымның жері тар ма, әлде өзі тар ма? Түсінбеймін, не пайда табасыздар мұндай қиянаттан? Адамға жасаған жақсылығың да, қиянатың да өзіңе қайтып келмеуші ме еді?! Қарапайым халықты жылатқан қай адам оңып еді?! Адамға жақсылық жасағыларыңыз келмесе, ең болмағанда зиян келтірмесеңіздерші!
Бүкіл дүние жүзі неше кризисті басынан кешіріп, көрпе тарылған заманда, өкіметіміз үйсіздердің бәріне үй бере алмай жетіспей жатқан шақта бір жағынан шығысудың орнына, сіздер Елбасының саясатын аяқтан шалып отырсыздар! Дайын үйді сындыруда экономикалық ақыл жоқ, әлеуметтік жауапкершілік те жоқ, заң десеңіздер заңдылық та жоқ. Қанша адамның мүддесі бар игілікті іске балта шаптыңыздар! Сіздерде мейірімділік пен адамгершілік жоқ деген сөз. Халыққа жаны ашымайтын адамдар халыққа билік жүргізбеген жөн. Ондай сот билерді жұмыстан босату керек. Елбасы бұл сұмдықтарыңызды естімей жүр. «Іштен туған қыңырды тезге салсаң түзелмес» деген бар. Нар Президентіміз үлкен амбициялы жоспарлармен сіздерге «халыққа қызмет жаса» деп, отқа тартса, абыройлы іске тартса, сіздер саясатты түсінбей, «шаш ал» десе, «бас алып», боққа тартып жатырсыздар. Тегі, сіздердің амбицияларыңыз қазақстандықтардың көшінен бөлек болса керек. Саясат та, амбиция да бір – елді, жерді көгерту.
Мейірімді ниет қылсаңыздар, халыққа талай жақсылық жасап, абыройға бөленесіздер. Өмірлеріңізде адамдарға қанша жақсылық істедіңіздер? Осы сұрақтарға нақты жауап бере аласыздар ма?
Жоғарғы сот төрағасына
Құрметті Жоғарғы сот төрағалары! Дегенмен, апелляция шешімі 82 шаңыраққа балта шапқалы тұр. Қазір бұл үйде баспана ала алмай жүрген қаншама отбасы тұрып жатыр. Алдымызда ақырғы үмітіміз – Жоғарғы сот тұр. Сот төрешілерінен бала-шағалы 82 шаңырақтың жанайқайын естіп, олардың арман тағдырына аяқасты қарамауларын сұраймын. Біз «бастан сирақ шығарып», жаңалық ашқан жоқпыз. Біздің шаруа сондай қиын да шаруа емес. Жалпы бұндай ортақ ақшаға салынған ортақ иелікте сол әкімдерден рұқсат берілген үйлер Астанада да, Алматыда да көп кездеседі. Сындырудан басқа заңды амал шешімдері де бар. Бірі: Азаматтық кодекстің 244 бабы бойынша иелік құқығын беру. Екіншісі: Жер кодексінің 49-1 бабы бойынша жер телімінің арнаулы мақсатын аз пәтерлі үйге арналған деп ауыстыратын үкімет қарастырған заңды жолы бар. Оны әкімдік комиссия шешуі тиісті. Заңның талабы бойынша коммуникациялық мүмкіншіліктер бар болса, оған ауыстыруға негіз болса, комиссия ауыстыруға міндетті.
Еліміз де, Астанамыз да осындай жағдайы жоқ қарапайым халықтың маңдай терімен салынып жатыр. Олар да адам, олар да өздеріңіз сияқты баспанаға құқығы бар Қазақстан азаматтары. Жағдайы жоқ халық мүддесі ескерусіз қалып отыр. Оларды өз жеріне сыйдырмасақ, қалай өмір сүрмек?! Сіздердің де қол ұштарыңды беретін жағдайсыз туыстарыңыз бар шығар. Бөтен мен жақынға бөліп жаратыны жоқ. Бәрі де өз бауырларымыз, бәріне де баспана керек.
Төрешілерден сұрарым: Не шешсеңіздер де, 82 отбасының мүддесін ескеріп шешіңіздер! Билік те, әділет те, 82 отбасының тағдыры да сіздердің қолдарыңызда, құрметті ағайын!
Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды
Осыған орай, халық тағдырына жауапты атқамінерлерге айтарым мынау: Сексек ата-11 мен Батыр баян-95 үйінің тұрғындарының бұл баспанасы сіздердікі сияқты олардың да «жанға жайлы жұмақ мекені» емес пе? Енді келіп, бәрі дайын болғанда олардың алтын ұяларын бұзып, тұрмыстарына қолайсыздық тудыратын болсақ, елордамызда онсыз да қаңғып қалудың аз-ақ алдында тұрған үйсіз-күйсіз адамдардың қатарын көбейтіп алмаймыз ба? Ертеңгі күні олардың көпшілігі мұндай қысастыққа шыдай алмай, морт сынып, күрт опырылса не істейміз? Әкелері шарасыздықтан шайтан судың жетегінде кетіп: «Еңбегім еш, тұзым сор болды ғой» деп мына зайырлы қоғамға зығырданы қайнап, налыса, аналары: «қайда барып күн көреміз» деп қамықса, көз оттары өшіп, не заңға сенбейтін, не өз болашақтарына сенбейтін (құдай одан сақтасын) Қазақстан азаматтары пайда болса, қайтпекпіз?
Онда өркениеттен қалып, қалғып-мүлгіген, рухы жаншылған, тек мемлекеттен көмек күтіп, соған ғана мөлие қарап отыратын, жетелесең де жүрмейтін жетесіздер мен масылдардың қарасын көбейтеміз. Олар қойдай жуасып, бірден қорқақтық, жалтақтық психологияға ене бастайды. Ондайлар ұлтының намысын қорғайтын тұлғалар емес, айтқанға көніп, айдағанға жүретін қараңғы халыққа айналады. Бәріне сенімсіздікпен үрке қарайтын, бара-бара өз көлеңкесінен өзі қорқатын бойкүйез құл деңгейіне түседі. Халықты қойша әрі-бері айдаған Совет өкіметінің экономикасы немен біткенін білеміз. Халықтың еңбектегі іздену таланты сөндіріліп, жаппай дефицитпен бітті емес пе! Халықтың ізденгені дамығаны, елдің дамуы деген осы!
Президентіміздің жыл сайынғы Жолдаулары халықтың ашылып дамуына бағытталған тақырыптарды қамтиды. Соның бірі халық кооперациясын дамыту. Мен де біреудің табан ақы, маңдай терімен зорға алған баспанасын екінші біреу сүріп тастағалы жатқанда, аузыма су толтырып алып, үн жоқ, түн жоқ, мылқиып отыруымды жөн көрмедім. Әйтпесе, өзгеге жаны ашымайтын, жақсылықты жүрегі сүймеген кейбіреулердің «мен - патриотпын» деп құр даурыққан сәулесіз санасы қайда апарып соғар дейсің?
Өкінішке қарай, осы бір «патриот» деген сөзді қазақша БАҚ «ұлтжанды» деген сөзбен алмастырып жүр. Алайда, «ұлтжанды» деген сөз құлаққа сонша жағымды естілгенмен «патриоттың» мағынасын толық бере алмайды. Мәселен, кез-келген адам, егер ол өз Отанын, туған халқын жақсы көрсе, «ұлтжанды» деп айтуға болады. Ал «патриот» атану үшін ең алдымен сен сол өз Отаныңа, халқыңа игілікті нақты іспен пайда келтіріп, ел көшінің бір жүгін өзіңе артып, «Нар» болуың шарт. Міне, мен көрген Асхат Базарханұлы «патриот» деп айтуға лайықты, игі істері бар азамат. Сондықтан да «патриот» деген қастерлі сөздің аудармасын жасап шатаспай-ақ қояйық, ол – халықаралық термин ретінде өз мәртебесін сақтап қала бергені жөн.
Ал баспана мәселесі - ұлтыңның тағдыры жайлы ұлы мәселе. Өйткені біздің Қазақстан қоғамы баспана дертіне әлдеқашан шалдыққан. Ал оны емдеудің ең оңтайлы жолы - кооперациялардың жұмысын жандандыру, оларға бөгет болмау.
Болашақ ұрпақтың дені сау, көкірегі ояу, санасы биік, сапасы жоғары болуы үшін ел тізгінін ұстаған әр басшы уықтай ел шаңырағына тіреу болып, жастарға қол ұшын беріп, халыққа жан жақты қамқорлық жасап көмектесуі керек.
КООПЕРАЦИЯНЫ ҚОЛДАУ САЯСАТЫ
2015 жылғы 29 қазанда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Кооперативтер туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл заң өкімет тарапынан халықтың хал-ахуалын түбегейлі жақсарту жөнінде жасалған кешенді шара. Жалпы Елбасымыз жергілікті басшыларға халықтық кооперацияларды қолдаудың экономикалық және әлеуметтік маңызын үнемі айтып, тапсырып жүреді.
Қазіргі таңда ҚР Үкіметі кооперацияны қолдауға барынша заңды жағдай жасады. Оны дамытуға мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржылар бөлініп, осы уақытқа дейін біршама сәтті бағдарламалар қабылданды.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАС ОТАУ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ҚҰРЫЛДЫ
Қазақ «төменгі айылдың батқанын айдаушы емес ат біледі» деген. Елімізде үй ала алмай жүрген қарапайым халықтың жан дауысын бойына сіңірген Асхат Базарханұлы осы ұлттық мәселеге өзінің өмірін арнамақ. Сол үшін ол «Жас отау» атты республикалық қоғамдық қорын тіркеді. Қордың мақсаты: жастар мен табысы аз отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету. Қордың қысқаша жоспары:
- Үкіметтен қала сыртынан кооперативті үйлер салатын тегін жер телімдерін сұрау;
- Замануи технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты үйлер салу;
- Қалталы компаниялардан қайтарымды және қайтарымсыз қарыз алуға қол жеткізу (қайтарымды қарыз мөлшері 90% жұмыс істейтін жастарға кірісіне қарай, ұстеме пайызсыз 1-5 жылға беріледі, ал 10% қайтарымсыз қаражат жетім мен мүгедектерге арналады);
Одан басқа Асхат Базарханұлының физик-инженер ретінде өзі ойластырған жаңа проектісі бар. Ол «Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба – инновациялық толық автономды термос-үйлер салу. Бұл үйлер жарық пен жылуды күн мен желден алатындықтан, энергиясы мен суы толық автономды болады. Қазіргі статистика көрсеткендей, айына әр отбасының коммуналдық қызметтерге ғана 15-30% қаражаты кетеді екен.
Термос-үйлерді жастарға әр шаршы метрін 60-80 мың теңгеден асырмай беру көзделуде. Сонда 20-30 шаршы метр бөлмелердің құны - 1,2 миллионнан бастап, 2 миллион шамасында ғана болады. Яғни, жас отбасылар ай сайын 50-100 мың теңгеден төлеп, үйді 1-2-ақ жылда қарызға ала алады деген сөз. Тамаша емес пе?!
Қадірлі оқырман! Қазақстан қоғамында қордаланып жатқан әлеуметтік мәселелердің бірі – баспана мәселесін шешуге қомақты көмегін тигізу үшін құрылған «Жас Отау» қоғамдық қоры жақын арада ҚР Үкіметіне аталмыш мәселеге қатысты үлкен ұсыныстармен шығып, бірлестікте жұмыс жасауды мақсат тұтады.
ЭПИЛОГ
Ана бір жылы пойызда жанына екі баласын ерткен жүкті әйелмен бірге келдім. Өзінің өңі сынықтау, балаларының жүзі жүдеулеу екен. Сөз арасында байқағаным: Астанадағы үйлерін «рұқсат берілмеген жерге салдыңдар» деп, бұздырып тастапты. Күйеуі сонда жұмыс істеуге қалып, өзі бар байлығы - екі баласы мен қытайдың екі-үш ала сөмкесіне салынған ұсақ-түйек дүниесін алып, ауылына қайтып бара жатқан беті көрінеді.
Ішіне сыймады білем, маған бірдеме айтқысы келгендей ауық-ауық әр нәрсенің басын шала берді. Сырт қарағанда да шерлі адамға ұқсайды: «Қай жақтың тумаларысыңдар, қарындасым?» деп жорта сауал тастадым. Ол бір сәт үнсіз қалды да, ақырын ғана жөткірініп, жүйкесі шаршаған, қажыған кейіпте ұзақ-сонар бір әңгіменің тиегін ақырындап ағыта бастады:«Үйімізден айырылғаннан кейін, пәтер жағалап кеттік, аға» - деді, тамағына тіреліп қалған өксігін әрең тежеп. «Содан өзіміздікі болмаған соң, көрінгенге көзтүрткі бола бастадық. Бұл жалғанда тапқаныныңды ит жеп, арқаңды бит жеп, біреуге кіріптар болғаннан құдай сақтасын. Әбден шаршадық (Күрсінді).
Жоқ, алдында да пәтерде тұрып келдік қой. Бірақ «кооперациялар туралы» заң шыққаннан бері достарымыз бен таныстарымыздың басын қосып, қаланың алыс түкпірінен жер телімін сатып алдық та, шағын отбасыларына арналған жатақхана салған болатынбыз. Жиыны – 50 отбасы. «Әйтеуір, жалдамалы пәтерді сағалағаннан құтылдық қой» деп, қоныс тойын да жасап тастадық. Сөйтіп өз жыртығымызды өзіміз жамап, алаңсыз күй кеше бастаған едік. Бірақ ол дәуреніміз де ұзаққа бармады» - деді, көкірегі қарс айырыла.
«Күйеуім тәп-тәуір азамат, қолы шебер, жақсы кісі, дос-туыстың арасында да абыройлы. Мебель шығаратын фабрикада жұмыс істейтін. Таяуда қысқартуға ілініп, жұмыссыз болып қалды. Тұрақты табысы болмағандықтан, қатты қиналып та жүрді. Ара-арасында ащы судан ұрттап келетін қылық шығара бастады. (Бізбен тұрғандардың көпшілігінің күйеулері ішкілікке салынып та кетті. Әнеукүні, бір құрбымның күйеуі асылып қалды). Мен шоши бастадым, балаларымыз болса, мектеп жасына жетіп қалды, бұл түрімізбен оларды оқуға да жібере алмаймыз ғой деп, ауылдағы әке-шешемнің қолына апара жатырмын. Сол жақтан оқытпақшымыз.
Реті келсе, қайтадан кооперацияға бірігіп, Астанадан тағы бір үй салып алуға әрекет жасап көрмекпіз» деді солығы басылмаған қалпы...
Мен де шын көңіліммен рухани демеу жасап жіберейінші деп, оның соңғы айтқан сөзін апыл-ғұпыл қолдап: «Иә, қарындасым. Жаңадан кооперацияға бірігіп, жаңа жерден, жаңа үй саласыңдар, әлі. Саспа, азаматың мен балаларың аман болсын!» дедім. «Иә, аға. Айтқаныңыз Алла Тағаланың құлағына шалынсын. Сізге көп-көп рахмет!» деп, әлсіз ғана демін ішіне алды да, екі баласын құшақтай бере, бүк түсіп, жатып қалды.
Үнсіздік орнады. Ой, Алла-ай, бұрын қалай байқамағанмын: қорықсаң, демін ішіне алған үнсіздіктен қорқу керек екен-ау...
Айдын Ырысбекұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Сараптамалық Кеңесінің геральдист-сарапшысы, алаштанушы