Үй иесі

Dalanews 22 қаң. 2021 07:08 1588

Суретші досым Ахсан Фатхетдинге арналады.

Үй иесінің оң жақ көзінің ақилығы бар. Мұнысы оғаш көрінеді. Ол мұның қалауы мен қиялына мойынсұнғысы келмеді. Пышақпен ойып, мүсіндегеніне бұған іштей қарсылық білдіретін... Бұл бұтақ оған Раиф орманының ішімен өтетін кедір-бұдыр жолдардан жолығып еді. Суретшінің көзі мүлт кетпейді! Бұрышын кесіп, сосын мына жағын қысқартса... Сонда мұңлы да арманшыл көзді – Үй иесі болып шыға келеді... Есіне түскенде, ол өзінің сол кездегі тапқырлығына іштей риза болады.

Есікті біреу қатты қақты. Ағаш «Үй иесінің» қасы мен көзінің арасын өткір пышақпен ойып жатқан ол ақырын есікке қарай жүрді.

Шеберхана бес қабатты үйдің төбесінде орналасқан. Бұрышта барқыт матамен жабылған ағаш керует тұр. Ол ағаштан өзгені саналы түрде мойындағысы келмейді. Бір сенетіні: адам баласы цемент пен желімдерден жасалған қамалдарда өмір сүріп, киген киімінің өзі қандай матадан тігілгені белгісіз, саналы түрде өз өмірлерін құртқан жандар.  Бөлменің ортасындағы қайың томарда стакандар мен түрлі ыдыстардың ізі жасырынып жатыр. Қазір де, алдағы уақытта да ол айналасына бірнеше «достарының» ізін жинайды... Жартылай түнек мына ғимараттың ішіне алғаш еніп тұрған адамның тынысы тарылып, өзін жайсыз сезінері айдан анық. Үйдің жан жағынан жезтырнақтар атып шығып қол созып, көзіңді бадырайтып тұрып, жаныңды алқымыңнан суырып алатын секілді. Тіпті, іштегі судың өзі біртүрлі «суық» әсер етеді... Ал төбедегі бұрыш-бұрышты шырмаған өрмекші ұялары көз алдыңа арғы өмірді елестетеді.

Жүн басқан көкірегін қасып-қасып жіберіп, түксиген көзін үстел үстіндегі қағазға салды. Жедел хат. Әкесі оның ертерек ауылға келуін өтіне сұрапты. Тамағына тығын тығылғандай тынысы тарылып, бір жұтым ауаны жұту күшке түскендіктен есік алдындағы кішкентай үстелге отыра кетті. Неге екені «Жедел хат» деген сөзді көрсе болды үнемі өне бойы суып, біртүрлі қорқыныш билей бастайды... Жұмыр жүрегі аузынан атып шығардай, тыныс алу қиындап кетті. Мүмкін, шаруаның шырмауына шырмалып, бейжай жүрген кезінде жедел хат келіп, анасының өлімі туралы қаралы хабар жеткізгендіктен де шығар. Ол үшін жедел хат – ешқашан көңіл көтеретін жағымды жаңалық алып келмейді, керісінше, кеудесіне бар дүниені сыйғызып жүрген жұдырықтай жүрегіне салмақ салар қаралы хабар жеткізуші болып есептеледі.

Бұл жолы не болды екен? Әкеме бірдеңе болды ма екен? Мүмкін, көршілер қорқытып алмайық деген ниетпен осылай жазып жіберген шығар... Не де болса жамандықты шақырып, шарқ ұра бермеу керек... Анасы қайтқаннан кейін әкесі қатты өзгерді. Ол өзін қорғансыз қалғандай сезіне бастады. Тіпті, бұрыннан сылтып басатын аяғы одан сайын қысқара түскендей, жүрген кезде ары-бері шайқатылып, ақсаңдағаны қатты білінетін болып кетті. Әйтеуір, күн өткен сайын жүдей түсті. Таңқаларлығы, қария болмашы дүниені жүрегіне жақын алатынды шығарды. Бір сөзбен айтқанда, сезім жүйесі өте қатты жұмыс істей бастады. Бірде оның қорада жылап отырған жерінен ұлы тауып алған. Бұл қылығының оғаш екендігін мойындағысы келмеген ол: – Ер адам әрдайым біреуге дөрекілік танытып, екіншілерін масқаралауға жақын келеді! - деп көз жасын жасырмай  жылаған. Осылай жаны жабырқаулы күйі бірнеше апта томаға тұйық жүріп, ішіндегі мұңын түсініксіз сөздермен жеткізетін.

Өмірінің жартысын бірге өткізген жарынан айырылған адамды жұбату оңай ма? Мұндайда тек уақытқа ғана жүгінесің: уақыт емші, күнделікті күйбің тірліктегі әртүрлі мәселелер жан-жақтан қысып, жүректегі шерді ақырындап ұмыттырып, жараның орнын білдіртпей жаба бастайды. Адам осындай бітпейтін қу тірлікпен жүргенде уақыт алға озып, жүрекке түскен жан жарасының жазылып кеткенін байқамай қалады.

Қарияға жалғыз тұру ауыр бола бастады. Бірде әкесімен кездесуге барған ұлы үйдің ағаштарын түрлі жәндіктер тесіп, үй айналасы қоқысқа толып, бақ қоршауларының қирағанын көрген-ді. Ілулі тұрған бесіктің де тозығы жетіпті. Әбден ескіріп тесілген табақтан үрген желдің жанға жайсыз ызыңдаған дыбыс шығып тұрғанын байқаған еді... Ал үйдің іші қандай болды екен! Еден бетіндегі кірдің қалыңдығы бір елідей боп қалар. Төсек жиналмаған, үстел үстінде пияздың қабықтары мен қатып қалған нан шашылып жатыр... Өзі де жарықты әзер өткізіп тұрған терезенің кірінен көшені көру мүмкін емес.

Баласына бір рет қарап, кері бұрылған әкесі жөтеліп жатып: «Мынау жүрек ештеңені қаламайды, балам...»

– Саған, жалғыз өзіңе бұл жақта тұру өте ауыр, - деді баласы. – Мүмкін біздікіне көшерсің? Қалада бәрі жақсы, барлық жағдай жасалған.

– Міне, солай, - деді қария. Сендерді ұялтқым келмейді. Сенің әйелің, бала-шағаң бар...

Суретшінің әйелі қалалық болғандықтан, қайын атасына жылы шырай таныта қояды деудің өзі әбестік болар... Алайда, бұл өзгере қоятын заңдылық па? Қала былай тұрсын ауылдың өзінде күйеуінің ата-анасымен бірге өмір сүргісі келетін келіндер табыла қоя ма?

Адамның келім-кетіміне қиын, қиянда орын тепкен ауылдың жетістікке жетуі де екіталай. Жол жоқ, қыстың қалың қарын айтпай-ақ, күздің жайсыз жауынының өзінде сыртпен байланыс үзіледі. Алыстағы орманға барып, қыстық отынды қамдау – жалғыз басты қарияны айтпағанның өзінде сап-сау, тепсе темір үзер еңгезердей жігіттерге оңайға соқпайтын шаруа. Оның үстіне қария қарап жатпай ешкі бағады ғой. Оған да жем-шөбін қамдау керек деген секілді...

– Мен былай ойлаймын, мүмкін... – деген қария орнынан тұрып, ақсаңдап, үстелді айнала жүріп, кішкентай ғана еті қашқан солыңқы қолдарымен үстелдің үстін шұқылады. Әдетте шешуші сәт таянғанда, бір нәрсеге тәуекел ету үшін ойланғанда қолымен бір нәрсені шұқылап тұратын. Міне, дәл қазір де өзі бірнәрсе айтып, шешім шығара алмай тұр.

– Мүмкін, маған... үйлену керек шығар?..

  • Сөз байласып немесе көз салып жүрген біреуіңіз бар ма еді?- деп сұрады баласы.


– Жалғыз басты кемпірлер бар, әрине, - деп күмілжи сөз бастаған қария:  – бірақ зейнетақысына келгенде екі ойлы болады. Мен мұнда бірнеше кемпірлермен қауқылдасып көрдім. Біреулерінің балалары қарсылық білдірсе, енді екіншілерінің тағы біреулері дегендей... Анау тұрмыс құрмаған кәрі қыздардан еш нәтиже жоқ екенін өзің де білесің... Олардан бір нәтиже шығатын болса, жас кездерінде-ақ қағып кетер еді. Сондықтан біздің ауылда іліп алар ешкім жоқ... – деп салы суға кеткен ол қолын бір сілтеді.

Көңілшек әкесінен мынадай сөз естігеніне суретші қатты таңқалды. Үнемі үні шықпайтын әкесінің сөздің тігісін жатқыза сөйлегені. Ең басты таңғалатын жәйт ол – таңдаған ғой! Алғашқы түнін күткен жас күйеу сияқты, қарияның бұтақта тұрып үсікке ұрынған алма сияқты мыж-тыж беттері түзеліп, тегістеліп, тіпті қызыра қалыпты. Суретші еріксіз келген күлкісін ерік-жігерінің арқасында жасыруға тырысты. Оны жасыру үшін философиялық тұжырымнан жақсы ештеңе таппады:

– Ия-я-я...

– Сен нені дәлелдегің келіп тұр, - деп әкесі оған кейіді. – Көріп тұрсың ғой сен, мен шатасып кеттім...

– Ия, негізі мен қарсы емеспін... - деген баласы жөткерініп, ақтала сөйлеп: – Енді сенің жүрегіңді жаулап алатын кемпірің бар болса...

– Қарабықта біреу бар деп айтады. Мүмкін, екеуміз бүгін барып қайтармыз оған?

Суретші ақырындап терезеге қарады. Шаң басқан терезені күздің сыбылыңқы жаңбыры ақырындап ұрғылап тұр.

– Бірден бара береміз бе? Оның үстіне жаңбыр жауып тұр, - деді ол. Мынандай жауынды сәтте үйден шығып жүргісі келмеді.

– Темірді қызған кезде соқ, - деді қария. – Оның үстіне сенің енді қашан келетінің де белгісіз...

«Менсіз үйленуге болмайтындай...» - деп баласы ашуланды.

  • Қазір көрші Хатмоллаға айтсам, сөзімді екі етпестен тракторын оталдырады... - деген әкесі дереу есік алдына барып, асығыс былғарыны иығына жауып жатыр еді.


Бұл жанұяда әкенің айтқаны міндетті түрде жүзеге асырылатындықтан суретші амалсыздық танытты. Сүлдерін сүйреп жүріп, әрең жиналды. «Әкемдікі де дұрыс қой»,- деп ойлады ол. Енді таңдауы жас қызға түскен соң қасында туыстарының еріп баруы міндетті қой. «Құдай, мен де «жас» деппін ғой?» - деп өз-өзіне қарсы шықты. Мейлі, кім болса ол болсын, ең бастысы юбка киген әйел алып беру керек. Әкеме көмек керек. Мен де тез-тез келіп, әкемді көріп кете алмаймын. Осы кеткеннен көктем шыға бірақ оралармын. Онда да... Қарт адам қыста жалғыз өзі қалай өмір сүреді. Екінші жағынан, әлгі жесір ме, кім еді өзі? Бара салғанда танымайтын адаммен бірге қол ұстасып кете салуы да мүмкін емес қой?

Алып ұшқан әкесі қайта келгенде баласы дайын тұрды.

–Хатмолла тракторын дайындап жатыр, - деді қария. – Рас, енді аздап ішіп алған, ол ішіп алған кезде көлікті сау кезінен жақсы айдайды.

Басында қисайған шәпкісі, бас киімнен сорғалаған суы жерге тамшылап тұрған сәті суретшінің көз алдында күні бүгінге дейін сақталып қалды. Ыңғайсызданып тұрғанын жасыру мақсатында тоқтаусыз сөйлеп жатыр. Таңертең мұқият қырынып, нафталин исі аңқыған сары көйлегін не үшін кигені енді түсінікті болды. Өзінше сылқымданып, өзін тәртіпке шақырып, өбек болғаны! Ал бұл, ақымақ, әкесінің көтеріңкі көңілін көріп, көкірегінде мақтаныш сезімі ұялап: баласының келуі – оған мереке екен ғой деп ойлаған!

Қанатын қомдап алған тауыс секілді есіктің алдында ары-бері жүріп алған әкесі уақыт күтіп тұрмайтынын сырт бейнесімен көрсеткендей.

  • Неге сен ертерек айтпадың?

  • Әр нәрсенің өз уақыты бар.


Міне, Хатмолланың тракторы да есік алдына дырылдап кеп тұр.

  • Сен оны білесің бе? Нәфиса – біздің ауылдың төменгі жағындағы әйел. Он алты жасында Қарабықтағы бір жігітке тұрмысқа шығам деп әлек болған. Жесір қалғанына алты-жеті жылдай болды, жесір қалғанына. Күйеуі ішіп алып, суық қарда ұйықтап, қатып қалған деп айтады.

  • Бірақ, бар болғаны үш жас үлкен менен!

  • Д... дық... Әйелі күйеуінен кіші болуы тиіс, - деп бір тоқтады қарт.


Олар тіпті тездеткені сонша, есікті жаппай тракторға мінуге асықты. Әкесі Хатмолланың қасына отыруға кабинаға секірді, ал суретші тіркемеге отырды.

Кеттік.

Жол балшық, тіркеме біресе мына жаққа, біресе келесі жаққа лақтырып, билеп келеді. Бірақ құлап кету қауіпі аса төне қоймады: бүгінгі күнге дейін күн ашық болып, жер енді-енді батпаққа айналуға дайындалғандай болып жатыр еді. Мына жауын да тоқтайтын емес, құйып жатыр, төгіп тұр. Бұлар қайтарда қайтып қайтпақ екен? Жайшылықта алыстан менмұндалап көрінетін көгілдір орман жаңбыр жауғаннан кейін бе, бойындағы барлық қасиетін көрсете алмаған жігіт секілді бойын төмен бұққандай болып көрінді. Кең далада сабан үйінділері қараяды. Бұл тек түс әлеті болса да бір қорқынышты құбыжық секілді. Ал сол құбыжықтар бүкіл әлемді өзінің құшағына батыруға тырысатындай үрейлі көрінді. Біртүрлі көңілсіздік, белгісіз бір ауырлық басып тұрғандай... Анасы есіне түсті. Мұндай жауынды күні олар міндетті түрде монша жағатын... Анасы табалдырыққа дейін алып келіп, тап-таза сүлгі мен киімдерін беретін... Сосын, бұқтырылған шайға кептірілген неше түрлі шөптерді қосып алып келетін... Ол қабырғаға сүйеніп тұрып, әдейі шәйнектің түбін қаттырақ қағатын. Оған жауап ретінде әдетте ол жөткерінетін. Бұл жай ғана дауыстар болғанымен ерекше мәні бар ұзақ әңгіме еспеттес болатын: «Ал, қалай, балам? - деп сұрайтын анасы. – Барлығы жақсы, пештің қызуы қатты болмаса, өзіме де жақсы болар ма еді? – Жақсы, мама, бар болғаны ыстықтан құлақ күйіп барады, менде қалғанының барлығы жақсы...

«Ал енді міне, мен бейтаныс жаңа анама кетіп барамын», - деп ойлады ол. Әрине, оның күлкісі келді. Ия, тағы қандай анасы! Өзімен тетелес өскен қисық Нәфиса үшін! Шындығы сол, лақап атына қарамағанда, Нәфисаның көздерінде еш ақау жоқ, тек көздерінің түсі әртүрлі болғаны болмаса.  Бір көзі сұр, ал екіншісі - жасылдау... Бұл көздерге кезінде қаншама жігіттер ғашық болып, тіпті түн тыныштығын алған да еді. Бұл жанардың адамды өзіне тартып тұратын жасырын сиқыры бар еді. Біреуі аяқасты ғашық қылып, бір мүмкіндік беріп тұрса, екіншісі бас имейтін аса бір тәкаппарлықпен суық шығарып салатын... Тек Қарабықтан келген қызыл шашты жігіт қана екінші көзге түспеді. Қыстың қаһарлы күндерінің бірінде Нәфисаны шанаға лақтырып жіберіп, жұлдызды түннің қараңғылығына сүңгіп кетті. Таңертеңгісін бұлақ басында ауыл жастары Нәфисаны алып қашып кеткендігін айтып, шұрылдасып жатты. Арасындағы білімділері үнсіздік танытты. Дәл осы уақытта қыздың әкесі де өзінің келісімімен кеткенін көпшілікке жеткізді. Бұл өлкеде қалыңдықты ұрлап кету дәстүрі ежелден жалғасып келеді. Бірақ, қазіргі кезде күйеу жігіт қалыңдықтың келісімімен  алып қашатын болды. Ертесіне ауыл жігіттеріне қыз үшін басыңды қандай бәйгеге тіккеніңді аса бір мақтанышпен айтасың.

Осылай, сананы тіміскілеген сан түрлі ойлармен арпалысып, күздің көңілсіз кешінде орманға да жетті. Бірақ, ол Күлкерау өзенінен өту керек еді... Өзеннен өту! Өзенде жатқан екі бөренені көрген суретшінің денесін суық тер басты. Ол көліктің кабинасын қолымен соғып: «Қазір құлаймыз!»,-деді. Шайтан суға сылқия тойып алған Хатмолла былқ еткен жоқ. Трактордың жылдамдығын тежемеген қалпы «көпірге» қойып кеп берді. Ақырын екі бөрененің үстімен өтіп кетті.

Міне, орман. Суретші артынан мыңдаған жалмауыз аңдып келе жатқандай елеңдеулі күйге енді. Тіпті әне біреулерінің қарасы көрінгендей, санауға да болады.  Әрбір ағаш жанынан өткенде  белгісіз жалынышты орман Иесінің дауысы естілетіндей. Орманнан шыға берісте қатты жел соғып, жас үйеңкі ағашының ары-бері шайқатылғаны жол үстінде қолын ербейтіп, тапқанын қызылды-жасылды етегіне лақтырып отырған сығандарға ұқсайды. Бұл жерден Қарабық ауылы алақандағыдай көрініп тұр,  бар болғаны төмен құлдиласа болғаны.

Күздің көңілсіз жаңбырына шомылған ағаштар келісіп алғандай бірдей діріл қағады. Осынау кешкі тыныштықты бұзған Хатмолланың дырылдаған тракторы ауылдағы шеткі үйге келіп тоқтады.

Орыстың кең қақпасынан сыртқа біреу шықты. Басынан асыра мата байланған ұзын ағаш ұстап алыпты. Байланған матасы оны жаңбырдан қорғайды деген түрі болар. Әлгі адамның үстіне киген көмескі пальтосының түсін ажырата алмады. Жағасының айырынан байланған галстуктің «шоқпары» көрінеді. Бір көргенінен мүлт кетпейтін көзі шатаспаса суретші бұл адамды бір жерден көрген секілді... Қайдан көруі мүмкін? Суретшіге назар аудармаған әлгі еркек машинадан жас балаша секіріп түскен әкесіне қол созып: «Күйеу бала, келдің бе?», - деді.

Иә... Демек, әкесі бұл жаққа бекер келмепті... Барлығы алдын-ала жоспарланып, дайындық жүргізіліп қойғанға ұқсайды. Оның үстіне  мына ағатай да оларды галстукпен бекерге күтіп алмаған ғой...

Дегенмен күйеу жігіт оны қостағысы келмей: «Кеттік!»

  • Саған не болды!- деп таңқалған қожайын, - шыдамың таусылып бара ма! Алдымен шай ішіп, дем басып, әйелім пісірген бәліштен ауыз тиейік.

  • «Оған үлгереміз, алдымен оны көріп алайық...» Галстук тағынған қария күліп, қолына ұстаған біртүрлі жауыннан қорғағышын қозғап: «Хе-хе, бәрі солай келісілген. Бүгін, әлгі жас әйеліңді қойныңа алып, құшақтап жатасың, хе-хе-хе... Габделжаппардың ағасы қалай? «О Құдайым, анау жас қызды қасымда жатқызып, ернінен сүйгізіп, құшағыма енгізе көрші!»


Қарт баласына ақырын ғана бас изеді. Қожайын тіркемеде тұрған жас жігітті енді байқағандай кейіп танытып: «Е-е, балаң да келген екен ғой! Қалайша келмейді... мұндай жауапты іске... бұл ойын емес...» Осы кезде бастырмалата үрейлі дауысымен баласына: – Түс, саған не болды, қаққан қазықтай қатып тұрсың... Іштей түсінгенімен, ұяттан қызарған бетін жасырғысы келген баласы күзгі жауыннан кейінгі балшыққа секіріп түсті. Міне, енді есіне түсті, галстук таққан қарияны қай жерде көргені. Ол қайбір жылы оның мектебіне «Білім» серіктестігінен келіп, дәріс оқыған болатын. Сол кезде де галстугін «шоқпардай» қылып байлаған еді.

– Кеттік! - деп ақырын бұйырды әкесі.

– Ол үш үй ары тұрады... - деген дәрісші суретшінің арқасынан ақырын ғана қағып, жұбатқандай болды. Суретші көз салса трактордың ішінде Хатмолла рөлге басын қойып, тәтті ұйықтап жатыр екен.

Олар аулаға кірді. Қарама-қарсы жалғызсырап, кішкентай ғана сабан кірпіштен соғылған кепе құлағалы тұрғандай. Суықтан қалтыраған суретші сол жаққа қарай қадам басты. Ал жол бастаған дәрісші батыл есік тұтқасын ұстады.

Кепеден мұрын жаратын мал боқтығының ащы иісі сезілмеді. Соған қарағанда ұзақ уақыттан бері үйінде мал ұстамаса керек-ті. Қалайша өмір сүріп жатыр сонда? Ауылда, бір сиырың немесе ұзынның қысқаратын шағында бір қозың болмаса күн көруің қиындайды. Бірақ, оларды ұстау, жем-шөбін дайындау... Жалғыз басты әйел мұндай жұмысты қайдан істесін... Оның үстіне, егер де ол бір мекемеде жұмыс істесе, соның өзі қара басына жеткілікті болар.

Шалбарының түймесін қадап, үйге қарай бұрылды ол. Іштен күткен дауыс та шықты. Есікті ашпай тұрып, ол есіктен құлақ түрді: «саяси» жағдайдан хабардар болғысы келіп. Дәрісші айтты: «Тоқта, сүйкімді... Ол саған бар ықыласымен келіп тұр. Адамгершілігі мол, аздап шаруашылығы да бар... Қорасында сиыры бар дегендей... Жылқы сатып алсам ба деп жоспарлап жүр. Біздің өлкеде жылқысыз өмір сүру мүмкін емес... Жылқы, өз-өзін асырайды...» Осы кезде әйелдің нәзік дауысы сөзді бөлді: «Мен қайта ойландым...» Енді міне, тағы да дәрісші сөйледі:  «Бұл, әрине, өте орынды сұрақ... Бізге пайғамбарымыз ешқашан асықпа деген... Бірақ, сөзде тұрмау да күнә... «Айтылған сөз – атылған оқ», -деген бабаларымыз. Демек, сен бабалар өсиетін бұзған болып тұрсың ғой, Нәфиса...»

Суретші ақырын ғана есікті ашты. Мүмкіндігінше кіргенін білдіртпеуге тырысқан ол табалдырықта тұрды. Түпкі бөлмедегі орындықта Нәфиса отыр. Пештің жанында күйеу бала – әкесі тұр. Ортада тұрған дәрісші әрі қарай ақылын айтып жатыр: «Сарым абыз сол сөзге сеніп келіп отыр. Жалғыздық – тірі пендеге қиын. Шариғат бойынша ұзақ түнде бір-бірінің арқасын жылытқанның өзі үлкен сауап болып саналады».

Суретшіні ешкім байқамады. Осы аралықта дәрісшінің соңғы сөзі оның күлкісін келтірді. Күлкі қысқасы соншалық дауысы шығып кете жаздады. Ия-ия, бұрын Маркс пен Лениннің ілімдерін сөз арасында келтіріп отыратын дәрісшінің сөйлеу мәнері, ойы бүгіндікке өзгеріпті. Дәл қазіргі жағдайда күлудің өзі жағдайды күрделендіріп жібереді... «Саяси» жағдай кәдімгідей өршіп кетуі мүмкін.

  • Білмеймін, не айту керектігін де,- деп міңгірледі Нәфиса.


Суретші бөлме ішіне көз жіберіп қарап тұрып, оның сөзден ауытқып тұрғанына таңқалды. Үйде темір төсек, кішігірім стол және ескі шкафтан өзге көзге ілінетін ештеңе жоқ. Бұл жерде кедейлік пен жауапсыздық адам еңсесін басып тұрды. Сәті түссе бақытсыздық жайлаған үйден қашып кеткісі келді. Мүмкін, Нәфиса өз абыройын жоғары көтеру үшін істеп отырған болар? Қанша айтқанмен әйел ғой. Әлі де адамды өзіне тартатын қасиеті бар сияқты. Көзі де сол қалпы өзгермеген. Бір жері тартымды болса, екінші қылығы жас кезіндегідей емес, керісінше адамға кері әсер береді... Бірақ, дене бітімі өте әдемі сақталған... «Медициналық пункте жұмыс істеймін, өз өміріме жетеді»,- деп қадап айтты.

Шамада дәрісшінің айтатын сөзі таусылса керек-ті: – Міне, баласы да келіп тұр, осыны айту үшін...,- деп тыныштала қалды.

Дәл осы кезде суретшіні байқаған Нәфиса орнынан атып тұрып:

  • Сәлеметсіз бе!.. Қалай келдіңіздер?


Суретші көзін төмен қаратты... Көз алдына театрдағы жанталас елестеді.

Бірақ, арқасына біреу ыстық басып алғандай ерекше күйге енді. Бірден басын көтеріп алған ол Нәфисаға тағы да көз жіберді. Жәудіреген көздері күлімсірегенімен еріндеріне не әсер еткені белгісіз ернеуі кезеріңкірепті. Оның бетінің қалай қызарып жатқанын суретші сезіп тұр. Тамырлары арқылы қандай да бір ауыр және тәтті жұбаныш тарады. Бала кезінде ол Нәфисаны клубтан үйіне дейін шығарып салған. Ол кезде қаншада еді? Он екі, он үш?.. Нәфиса он-он бес қадам алдыда, бұл артынан ілесіп отырды. Ол кезде Нәфисаның кеудесі үрпиіп, аяғын айқастыра басып, бұраңдап жүретін бойжеткен қыз еді... Ол артында көршінің баласы көз салып келе жатқанын сезіп келеді. Бірақ, онысын байқатпады.

Өз қақпасына жеткенде, кенеттен бақша қоршауының жанында жатқан бөренеге отырды.

Бала өз бетімен келе жатқан кейіп танытып, ысқырған қалпы одан өтпек болды. Оған неге ысқыруға болмайды, ол үйіне келе жатыр емес пе? Әне оның үйі, таяқ тастам жерде.

  • Бері келші,-деп қыз оны шақырды.

  • Не керек саған?

  • Отыр...


Ол бөрененің шетіне отырғысы келіп еді, бірақ қыз қолынан тартып жанына отырғызды. Нәфисаның алақаны бұжыр-бұжыр болғанымен ып-ыстық, кішкентай құсқа ұқсас болды.

  • Мені құшақтағың келе ме? – деп сыбырлады қыз. Баланың аузы құрғап, тілі таңдайына жабысып, тек белгісіз дыбыстарды шығаруға қана мұршасы жетті. Кенеттен Нәфиса оны құшақтап, дымқыл ернімен оның сөйлеуден қалған еріндерін іздей бастады. Бала өз-өзіне келіп, есін жиғанда қыз қасында жоқ еді.


...Сонымен әкесі, ақсаңдап, қызыл бұрышқа келді. Бірақ, бір орында тұра алмай бүкіл үйді айналып жүр.

  • Сіздер оған қараңыздар!-деп сұқ саусағымен Нәфиса жақты нұсқады. – Ол не айтып тұр, а? Не деген бір беткей қыз! Мен оған бар құрметпен... – Суретші өз әкесінің мінезін біледі, сондықтан оқиғаның оқыс бұрылғанына қатты таңқалмады. – Егер менің ашуыма тисең, мен бас тартуым мүмкін!

  • Еркің білсін... Сені ешкім мәжбүрлеп тұрған жоқ,-деді Нәфиса.

  • Қаншама адамды әуреге салдың, - деп әкесі бөлме ішінде шолтаң басып жүр.

  • Мүмкін, бұл сенің тағдырың шығар! Қарсыласа бермеші Нәфиса,- деп араға дәрісші қыстырылды. – Кеттік, абыстай пісірген құймақпен шай ішеміз.

  • Сен, молда аға, жаман кеңес бермейсің, мұны білем ғой... Нәфисаның қатқыл дауысы басылған. Мүмкін, оған «күйеу жігіттің» айтқан сөздері, әлде, оның әрекетінің шұғыл өзгеруі әсер еткен болар?


Суретші де өз пікірін білдіру керек деп ойлады. – Бірге тұрып көріңіздер, Нәфиса... Ары қарай белгілі болады ғой...

  • Сен солай ойлайсың ба? - деп күтпеген жерден Нәфиса күлді. – Сен солай ойлайсың ба?.. - қайта қайталады. Бірақ, көзінен қуаныштың лебі де сезілмеді.

  • Менің балам босқа ақыл айтпайды, ол өте ақылды!- деп қария баласымен мақтанды.

  • Онда келістік, - деген Нәфиса пештің артындағы ауыр үлкен сөмкені алып шықты. Мұндай «алып» сөмкені бір кездері үлкен базарларға тауар әкелген саудагерлерден көрген-ді. Демек, Нәфиса о бастан бұлармен кетуге дайындалған. Оның қарсылық танытқаны алдын ала ойластырылған болып тұр. Алайда, әйел сізді бүкіл денесімен және жанымен қаласа да, ол «лайықты» көрінуге тырысып, «жоқ» деп айтады. Егер әйел бірден берілсе, онда ол өзінің ұстамсыздығын «менің ойымша, мен сені бұрыннан танимын» деп психологиялық тұрғыда өзін жеңдіргенді жөн көреді. Бұл таңқаларлық жағдай емес. Ал, ер адам өз мақсатына жету үшін жүрегіндегі сырын ашады. Әйелдің жүрегіне сенім ұялатқанды жақсы көреді. Тіпті, жан қалауы екендігін сездіртіп, бар сырын ақтарғаны сонша жүрегінде ешқандай көлеңкелі «жасырын бұрыштар» қалмайды. Алайда, ерлердің көпшілігінің жүрегі өте қатты емес, ол бос бөлмеге ұқсайды, оны тек әйелдер түрлі қажетті немесе қажетсіз дүниелермен толтыра алады... Ол жерде сіз өзіңізді жоғалтуыңыз да мүмкін…


Кетер алдында әкесі үй ішін толтырып тұрған ұсақ-түйекті қолымен нұсқап: – Мыналар ше?

  • Қала берсін,- деді баласы.

  • Сен жассың әрі денсаулығың бар! Үйге барлық нәрсе керек қой...


Аз уақыттың ішінде төсек, үстел, көнерген шкаф және екі орындық секілді заттар трактор тіркемесіне салынды. Төсекті қозғаған кезде ескірген пружиналары сықырлап, бейне бір соңғы сапарға аттанып бара жатқандай қоштасты.

– Молда аға, сіздікіне кірмей-ақ қояйық... - деп  Нәфиса бастаған еді.

  • Болмайды, Нәфиса. Неке қиылмай болмайды, - деген сөзбен бірден бөліп жіберген бұрынғы дәрісші, дәл қазіргі молданың жағымды дауысы шықты. Толық денелі, әрі қонақжай абыстай оларды есік алдынан күтіп алып: – Өте жақсы, міне бәрі жақсы болды. Бақытты отбасы болуды жазсын! Абыстайдың да беті қызарып тұрды. Пештің қасында көп жүргендіктен бе, әлде Нәфисаның ойда жоқта тұрмыс құрып жатқанына шынымен қатты толқығаны ма екен. Әйел адамдар жүрегіне жақын алады ғой, әсіресе осындай тұрмыс құру, тіпті сырттағы бейтаныс адамдар туралы сөз қозғалса көңілдері көтеріліп, жайнап жадырап шыға келеді.


Табалдырық алдында тұрған қонақтарды абыстай үстелге отыруға шақырды. Күтіп отырғанына біраз уақыт өтсе керек-ті, дастарханды қайыстырып қойыпты. Неке қию дәстүріне жылдам кірісті. Абыстай молданың алдына аппақ сүлгіні төседі де үстіне тұз салатын ыдысты қойды. Молда күйеу жігітке аса бір сабырлы, ерекше көзқараспен қарап бұрылды. Оның жүзінен дәл қазіргі молда болғандығы өзіне ұнайтыны байқалады. Жан-жағындағы жақсылардың өміріндегі қуаныштарына ортақтасқысы келіп тұрғаны көз жанарынан көрініп тұрды.

  • Фасхетдинұлы Сарым, Темірғали Нәфисаны өзіңе жар етіп алуға келісім бересң бе?

  • Келісем, хазірет... - деп ернін тістеледі.

  • Темірғали Нәфиса, Фасхетдинұлы Сарымға тұрмысқа шығуға келісесің бе?


Нәфиса күлімдеп, майысқан кірпіктерін төмен түсіріп, алғаш тұрмысқа шығып жатқан қыздай сызылып: «Келісем...»-деді.

Дастархан астынан молда қағазын алды. Сосын қолын тілімен сулап жіберіп, керекті бетін тезірек ашу үшін парақтады. Осы кезде жүзіне күлкі үйірілді де, кешірім сұрап: – Неке қию рәсімі өте аз болады. Ауылда жастар да қалмады... Нәфиса кенеттен қандай да бір себептермен күліп суретшіге бал құйылған ыдысты жылжытты да ақырын айтты:

  • Дәмін татып көр, балам.


Молда байсалды отырған қалпы қағазға жазылған сөздерді дауыстап оқи бастады: – Әлхамдуллиля, әлхамдулилля, әлхамдулиллязи, энникаха сүннәти… «Дауысы жақсы шығады екен, тек мақамы дұрыс емес секілді»,-деп суретші ойлады. «Құранды оқу үшін музыкалық ерекше мақам керек қой». Молда оқуын тоқтатып, тыныштық орнай бастаған кезде әкесі қалтасын ақтара бастады. Қалтасының ұзақ қараған ол мыжылған елу сомдық қағаз ақшаны алып шықты. Тойы болып жатқанда күйеу жігіт барын  шашады.

Суретші де қалтасынан он сом ақшаны алып шығып, молдаға ұсынды. Берген садақаны дастархан астына қойған молда риза пейілмен ұзақ бата бере бастады.

Олар аулаға шыққан кезде Хатмолда әлі ұйықтап жатыр еді. Трактор кабинасының есігін ашқан суретші оның бүйірінен түрткенде қызарып кеткен көздерін ашып, жан-жағына таңдана қарап: – Мен қайдамын?

– Қарабықтамыз, әкеме әйел айттырып келдік, -деді суретші.

– Ал, Макарыч қайда?

– Үйде, үйде, -деген әкесі аяғын асығыс басып келді.

  • Әлгі «ыстық суыңнан» болмаса ешқайда да жылжымаймын!


Былғары күртешесінің қай қалтасынан алып шыққаны белгісіз, Хатмолдаға бір бөтелкені ұсынды. Ожаудай үлкен қолдарымен дереу бөтелкенің қақпағын ашып, бөтелкені аузына төңкеріп, «ыстық судан» қылғытып-қылғытып жіберді.

  • Бәрі дұ-р-ы-ссс!


Өмірге разы трактор бар дауысымен бақырды. Күйеу жігіт әйеліне қарап: – Сен кабинаға отыр.

– Жо-жоқ... Сен үлкенсің ғой, алдыға отыр. Біз баламыз екеуміз тіркемеде отыра береміз,- деген Нәфиса арбаға жармасты.

  • Еркің білсін,- деп күйеу жігіт артынан демей бастады. Етегі ашылып, алтын балықтай жалт еткен сандарын көрмеу үшін суретші теріс қарады. Кеш батыпты.


Трактор алға қарай ышқынғанда арба секіре қозғалды. Нәфиса арба жиегінен қатты қысып ұстаса да орнынан қозғалып кетті. «Отырайық!»,-деп суретшінің құлағына айқайлады. Осылай ыңғайлы болған секілді, өңмеңнен өтер жел де саябырлағандай сезілді. Шынында да, денесі қатты тітіркенді. Кейде келіншек күліп отырып оған қарай сүйеніп кетіп жатты. Суретші оны ақырындап жылжытып отыруға тырысты. Қанша дегенмен өгей шеше ғой! Бірақ, бір орында жылжымай отыруға жол мұрша бермейді.

Күлкерау өзеніне келгенде трактор тоқтады. Хатмолда кабинадан секіріп түсіп, бөренеден ұстап тұрып басын қасыды.

– Біз мына жерден өттік пе? - деп таңқалып сұрады.

– Тіпті, тежегішті баспадық!

– Ондай ерлікті екінші рет жасау мүмкін емес! - деп сөзін тоқтатқан Хатмолда арбада жатқан балтаны қолына алып, ағаш кесіп алып келу үшін орманға қарай бет алды. Суретші артынан ерді. Қараңғылық жан-жақты тұмшалап алды. Трактордың жарығымен орман ертегідегідей әрі қорқынышты көрінді. Тоқта, мынау не? Құдай-ау, мынау Үй иесі ғой... Ой, мынау біз бұған дейін жолықтырған анау үй иесіне ұқсамайды ғой, - деген оның көзінен күлкі қылғандығы мен қуақылық байқалды. Мына бір жерінен түртіп жіберсең, еріндері елжіреп күліп жібереді. Жанына серік болған кішкентай арасын қалтасынан алып, суретші діңгегінен өсіп шыққан Үй иесін ажырата бастады.

– Өзенге қарай тасы! Немеге тұрсың, қаққан қазықтай! Қатқыл шыққан Хатмолданың дауысы «көкте жүрген» суретшіні  күнә көтерген жерге түсірді.

Аз уақыттан кейін кескен шыбықтардың ешқандай да пайдасы болмайтыны белгілі болды. Хатмолда тағы да трактордың дөңгелегін екі бөренеге туралады. Сөйтіп ешбір кедергісіз өзеннің екінші бетіне өтіп кетті.

– Бақытты боларсың, Нәфиса!-деді суретші, қуанышын білдіруге тырысып.

–  Алдыңғы күні сен туралы радиодан айтты, -деді Нәфиса.

–  Мен радио тыңдамаймын...

– Қызықсың сен... Мүмкін, өзің туралы радиодан есту жағымды шығар... Өз-өзіңді бағалай білмейсің, балам! – деген сөзін жанына тигізе сөйледі «өгей шеше» Оның сөйлеген сөзі суретшіге ұнамағандықтан Үй иесі есіне түсті. Мына жерін кесіп таста, мына жерін қысқарт, ал мына жерін пышақпен қашап жіберу керек...

– Сенің жұмысың құрысын,- деп жалғады Нәфиса. – Тауықтарға да  күлкілі. Неғұрлым аса талғампаздықпен қарап, тармақтарын тауып, біріне-бірін келтіре жабыстыру керек. Жалпы саған осы үшін ақы төлей ме?

–  Сатылса ақша түседі..

– Таңқалмаймын, сатып алса... Қазіргі кезде шіріген байлар көп қой...

Суретші тым-тырыс бола қалды. Ол ары-бері тау тасында секірген ешкідей секеңдеп келе жатқан тіркеме үстінде шығармашылықтың не екенін түсіндіргісі де келмеді. Нәфиса күліп отырып бұған тағы құлады. Жаңадан сауылған сиыр сүтінің иісі мұрынды жарды. «Қызық... Нәфисаның сиыры жоқ еді ғой», -деп ол таңқала ойланды.

Олар жеткенде түн ортасы болды. Нәфисаның жүктерін асығыс аулаға кіргізді. Күйеу жігіттің қолынан тағы бір бөтелке алған Хатмолда қоштасуды да ұмытып, үйіне қарай асықты.

Суретші бастырмаға қарай жүрді. Шешесі тірі кезінде осы жерде тамақ дайындайтын. Суретші кереуетте созылып жатып, көптен бері жанын жегідей жеген ойларына шомғысы келді... Дәл қазір өміріндегі өзгерісті саналы түрде мойындай бастады. Енді ол балалық шағы өткен үйде өзін ешқашан үй иесі секілді сезіне алмайды. Жүрегінің жартысын жолбарыс жұлып алғандай күй кешті...

  • Мүмкін, шай ішерміз? - деп ұсыныс жасаған әкесінің шай ішуге құлқы жоқ екенін байқау қиын емес еді.

  • Жоқ, жатып ұйықтайық, - деп жауап қатқан суретші өз бөлмесіне бет бұрды.


Күйеу жігіт пен жас келіншек үйге кірді. Өмірі май көрмеген есік топсалары  шиқылдап, адам жүйкесіне тиеді.

Ұйқысы келмеді. Қашау мен пышақты үстел үстіне қойып, тағы не бар екенін Құдай біледі, орындыққа жайғасқан ол Құлкерауден әкелген Үй иесін қолына алды. Қызық, Үй иесі – әйел ма, ер ме? Мүмкін, біріншісі немесе екіншісі... Бірақ, суретшінің қолындағы бұтаққа пышақ тиген сайын әйелге көбірек ұқсап келеді. Тоқта, оның көзі, басқаша, екі түрлі еді ғой?.. Қазір, оның езу тартқан түрі күлкілі секілді... Ол тіпті оның қарқылдаған күлкісін естігендей, көп ұзамай оған тағы бір дауыс қосылды: «Бұдан жақсылықтың болуы екіталай, балам ...».

... Ал мынау қандай дыбыс... Әкесі балтамен ағаш шауып жатыр! Ол бар күшімен Үй иесінің басын шауып түсірді. Онысына өзі мәз: – Моншаға жағатын біраз отын жиналды.

Суретші орнынан атып тұрып, кереуетке отырды.  Есікті қақты... Әне Үй иесі, тірі және сау, күлімсіреп оны қарсы алады...

– Құймақ дайын, шай қайнап тұр, ас үйге жүр, - деді жап-жас өгей шеше. – Ой, ұйқың қатты екен... Сөреден Үй иесін алып, суретші Нәфисаға ұсынып: – Мынау менің Сіздердің тойларыңызға берген сыйлығым болсын!

  • Раққ-ммм-еее-ттт!.. Әйел алған сыйлығын ары-бері аударыстыра қарады. – Бұл Мыстан ба?


Суретшіні өткен өкініші таңқалдырды.

  • Бұл Үй иесі... Өзінің талай уақытын сарп етіп, бар ынтасымен істеген дүниесінен айырылып, Нәфисаға сыйлыққа бере салғанына аяқ асты жыны келді. – Бұл – үйдегі тыныштықты сақтайтын әулие.


Нәфиса қуанған кейіп танытты.

  • Тыныштықты сақтайтын бұл емес, басқа, балам...


Қораның сынған есігін жөндеп жатқан әкесі күтпеген жерден күлді.

  • Ха-ха, Сен қалада көп ұйықтауды үйреніпсің...

  • Мен түнімен ұйықтамадым,-деп ақтала сөйлеген баласы Нәфисаның қолындағы Үй иесін меңзеп.

  • Қуыршақ ойыпты?.. Нәфиса күліп: – Мынау Үй иесі дейді ол...

  • Ей-й,- деп кейіген әкесі қолын бір сілтеп: – Еңбекқор бала тәрбиелеу менің қолымнан келмепті...


Үй іші жиналған, еден жуылған, тазалығы соншалық, үй төбесі сары еденнен көрініп түр. Үстел үстіне буы бұрқырап қайнаған самауыр қойылған. Жаңа піскен құймақтың ыстығы ұрып, піскен картопты салған ыдыстан бу бұрқырап, жаңадан пісірілген ешкі сүтінің иісі бүткіл үйді алып тұр. Үй иесі ретінде әкесі төрге жайғасса, суретші мен Нәфиса қарама-қарсы отырды.

– Біраз боласың ба? - деген жас жұбай – әкесі ағаш қасықпен кәртөшкіні аузына салып, сүттен ұрттады.

–  Бүгін қайтамын...

– Жұмыс өте көп, мүмкіндік тауып келмейсің бе?..

  • Енді ол жиі келіп тұратын болады, солай ма, балам?- оған қарай көз салған Нәфиса күлімсіреді.


Суретші пештің жоғарғы жағында тұрған Үй иесіне қарады, оның жүзіндегі күлкісінде бір мән бар секілді еді. Шәй ішіп болған әкесі үй артындағы ешкілерге шөп беруге кетті. Нәфиса жып-жылы алақанын суретшінің қолына қойды.

  • Сен әйел таңдау жағынан шатастың ба? - деген ол өзімсіне әрі жылы сөйлей.

  • Сен араласатын шаруа емес... –деп орнынан атып тұрған суретші жинала бастады.

  • Мен енді сенің анаңмын...

  • Қай-қайдағыны айтпа, Нәфиса біз кішкентайымыздан бірге өсіп едік қой...


Шолтаң басқан әкесі кіріп келді. Көңіл-күйі көтеріңкі, жүзінде бақыттың лебі есіп тұр.

  • Ешкінің мазасы қашып тұр, бүгін фермаға апарып, мал дәрігерге көрсету керек...


Бірақ суретші ауыл тіршілігінен қол үзгелі біраз уақыт өткен еді. Қолына сөмкесін ұстаған қалпы ауылдың бас жағындағы аялдамаға қарай адымдады. Қақпа алдына дейін жас келіншегімен шығарып салған әкесі ары қарай көзбен шығарып салып тұр еді.

Жедел хатты ұстаған қалпы біраз уақыт тұрған суретші телефонға келді. Дәл осындай сәттерде достар керек бола қалады... Ол бір журналдың Бас редакторы болып жұмыс істейтін досына қоңырау шалуды жөн көрді. Ананы, мынаны әңгімелескеннен кейін достар арасында аз ғана уақыт үнсіздік бола қалды.

  • Ауылдан жедел хат келді,- деп суретші басты тақырыпқа қарай ойысты. – Мені шақырып жатыр... Ойланып тұрмын, «әкеме бірдеңе болып қалды ма?»,- деп.

  • Саған ертерек жолға шығу керек, - деп редактор айтты. – Кейде ол осылай тез жауап бергенді жақсы көреді.

  • Сен маған көлігіңді бере тұрмайсың ба?.. – деген суретші осы кездегі досының түрін көз алдына елестетті. Ернін тістеген, салмақты түр жасаған, терін сол қолындағы бет орамалымен сүртуде.


Суретшіге досын қинап жатқаны ыңғайсыздық туғызды. Редакция көлігін шопырымен танымайтын адамның құзырына беріп жіберу – аса жауапкершілікті іс. Кейінге қалдыруға болмайтын іс шыға қалса ше? Редакция үнемі түрлі мәселелер мен сұрақтарды дер кезінде шешуге дайын тұруы тиіс мекеме ғой. Оған қоса, баланы мектепке алып барып, әйелін жұмысқа жеткізуі тиіс деген секілді...

Суретші көлікті сұрағаны үшін өзіне іштей кіжінді.

  • Сен бүгін жолға шықпақпысың?

  • Солай болғанда жақсы болар еді...

  • Бір сағаттан кейін сенің үйіңнің алдында машина келіп тұрады. Редактор үнсіз қалды. – Сабыр сақта! Аз үнсіздіктен кейін: – Шопыр сендердікінде түнеп шықсын. Ертең кері қайтарарсың...

  • Керемет! Досының қадап-қадап сөйлейтіні үнемі көңіліне кірбің түсіретін. Осы жолы ұнады.


Бір сағаттан соң олар Шеремшаннан өтіп бара жатты. Шопыр көп сөйлемейтін бір тоға адам секілді, мұнысы жақсы болды. Әйтпесе, әрнәрсені айтып, шектен тыс көп сөйлеп, мәнсіз анекдот айтатын адамдар да бар ғой. Ал суретшіге бүгін ойлану үшін тыныштық керек болып тұр... Шынымен әкем ауырып қалды ма...  Әкесінің аяғын сылти басып, үйде жүрген кезін еске алды. Қарлыққан даусымен күлгені қалай...  Олардың бір-бірінен алыстағанына да біраз уақыт болып кетіпті, әсіресе ұлына, бірақ дәл қазір соны есіне алды. Көптен бері ұмытылып бара жатқан сезім толқыны жұдырақтай жүрегін елжіретіп жіберді: сөйтсе,  ол әкесін жақсы көреді, әкесі ол үшін шексіз қымбат екен! Бала кезіндегідей дәрменсіз және сенімді түрде басын кеудесіне қойып, маңдайын маңдайына тақап иіскеп, талай жылғы бейнеттің табы түскен әжім шекесінен сипап, түрлі мәселенің шешімін іздеген, жүрекке жүк болған ойдан арылғысы келді.

Мүмкін, жас әйелмен өмір сүремін деп денсаулығына салмақ түсіріп алды ма екен? Жас әйел алған күйеулер жас көрінуге тырысады ғой. Қанша дегенмен күнделікті тәртіпке жаңа ережелер еніп... дәл осы өзгеріс денсаулыққа зиян болып тиеді ғой...

Алайда, суретші жас әйелдерге үйленіп, шынымен жасарып кеткендерді біледі. Бірақ, мүмкін, бұл жай елес шығар?

Олар ауыл шетіне іліккен кезде жауын да басталды. «Қап, біздің үйге түсетін жолға жете алмай әлек болатын болдық қой»,- деген ауыр ой мазалады. «Сәтсіздік етегіңе жабысты ма, соңына дейін сәтсіздікті көруге беліңді бекем буу керек»,- деп жігерлендіріп қояды. Ой, үйдің алдына жете бергенде машинаның терезесінен шынтағымды сәл шығарып, басымды тік ұстаған сәтімді көршілерге көрсетсем, оған біреулері сүйсінсе, ал екіншілері қызғанышпен қараса... Оны да Құдай қош көрмеді ғой...

Көлік ауылдың басына келіп тоқтады. Шопыр «Ары қарай бара алмаймын»,-деп тұрып алды.

  • Бастығыңыз түнеп қайтсын деген...

  • Мына жерден кері қайтсам, онша қашық емес қой. Үш сағаттан соң мен Қазанда боламын... Жүргізушінің бұл жерде түнеуге шыдамы жетпейтіні түрінен анық көрініп тұр. Жүргізушілер мұндай саяхаттардан өздеріне мүмкіндігінше пайда көздейді.


Сөмкесін басына көтеріп, илеуі шыққан жолдың ылайынан аяғын әзер көтеріп, әкесінің үйіне қарай бет бұрды. Күн бұлтты болған соң туған үйінің төбесі қарауытып, өзіне шақырып тұрды.

Үйіне балшығы шыққан жолмен әзер жеткен кезде жаңбыр да басылды. Айналаны алманың хош иісі алып тұр. Ауаның тазалығы соншалық, ол шөліркене жұтты... Жол да анау айтқандай болмады, балшық аз екен. Шопыр асықты, ия асықты...

Есікті аса сақтықпен ашты... Әкесі пешке сүйеніп отыр, картоп аршып. Баласын көріп, орнынан атып тұрып, алдынан шықты. Құшақтасты. Суретші әкесінің қырылмаған бетін бетімен сипады. Арқасынан қақты. Қария азып кетіпті, жауырыны одырайып тұр.

  • Ауырып қалдың ба, әке?

  • Маған не болады дейсің, кәрі адам болған соң... Кых-кых...

  • Жедел хат...

  • Жедел хатсыз сені орныңнан жылжыту мүмкін бе? Қорықпа, сені қатты көргім келді.

  • Нәфиса... (Ол оны «ана» деп айта алмайды!) Үйде жоқ па не?


Әкесі, ақсап, еті қашып, сүйектері көрінген қолымен үстелді ұстап айналып өтіп, пияздың қабығын үйді. Содан соң ақырын: – Ол кетіп қалған.

Баласы бөлме ішін көзімен аралап шықты. Айналаның бәрі ескірген  сияқты. Соңғы бірнеше күнде бұл үйде әйелдің қолы тимегені байқалады. «Тоқта, оған сыйлаған сыйлығым қайда – Үй иесі?» Бірақ, дауыстап басқаша сұрақ қойды:

–Қайда кетті?

– Ажырасты. Қарабығына қайтып кетті. Оныншы күн болып қалды.

  • Ұрсысып қалдыңыздар ма?


Суретші әкесінің қызба мінезін білетін. Ашуы келіп, қызбалыққа берілген кезде аузына келгенді айта салуы да мүмкін. Тоқтатып үлгере алмай қаласың... Есесіне, тез қайтады. Қалай тез ашуланса, соншалықты жылдам қайтады... Өйткені, ол әділ. Мұны бөтен әйелге қалай түсіндіресің, әлі әкесін танып-білмеген? Иә, қазір әйелдерді де түсінбейсің, өте асығыс, ертерек еркек атаулыны алдарында жығу үшін «мүйіздерін» тақап тұрады. Қарсы шықсаң болды сені оңдырмайды! Билік үшін күрес кең етек алып, төске шапты...

  • Әйел қыңыр болып шықты, - әкесі шолтаңдай басып, бөлме ішінде ары-бері жүріп алды. – Бірақ, маған ұнады...


Суретші орындыққа жайғаса отырып: –  Ұрыс шығарды ма?

  • Сенің, жолдан қарның ашып келген болар? Қазір картоп қуырып жіберейін. Әзірше, шай іше тұр. – Ал әкесі үстелдің ортасына ыстанып кеткен қара күйе шайнекті қойды. Суретші сөмкесінен алып келген сыйлықтарын шығарып: – Өзің де отыр. Картопты кейін пісіреміз,- деп жауап берді.


Әкесі осы сөзді күтіп отырғандай, бірден орындыққа отыра кетті.

  • Қызғаншақ болып шықты, әйелім... Мынау кіреберістің терезесі жолға қараған ғой, соны сен көшеден өткен қыздарды көріп отыру үшін әдейі істегенсің деп миды жеді... – деген әкесі біраз үнсіз отырды да кері бұрылып жатып: – Құмарлығы да сұмдық өзінің. Бірақ, мен... сен өзің де түсінесің, баяғыдай күш қайда?..


Мұндай жағдайда әкеңе не кеңес бересің? Міңгірлеп: – Қапа  болмаңыз, әке... бәрі жақсы болады, -деп суретші аулаға шықты. Қораға кірді, сосын жиналған отындарға қарады. Өзінің іздегенін тапты: еденде аяғын көтеріп Үй иесі жатыр. Суретші оны ақырын көтеріп, шаңын тазалады. Үй иесі әдеттегідей күлімсірей қарады. «Маған осы жерден орын тиді, не істейсің мұндайда...»,- дегендей болды байғұс.

Өзінің туындысына мұндай қиянат жасау суретшіге үйреншікті. Ол алғашқы көрмесін өткізгенде газет-журналдардың бетінде неше түрлі пікір берілгенін есіне алды. Суретші исламды жоққа шығарады және пұтқа табынушылықты қолдайды. Содан кейін ол пұтқа табынушылық та халықтың өткен жолы, кешегі тарихы екендігімен өз-өзін жұбатуға тырысты.

Біреулер аса діншіл болып кетті. Кешегі жезөкше атын мұсылманша өзгертіп, ақ орамал тағып алып, теледидарда «Бисмілдә» деп әңгіме айтып отыратын болды. Мүмкін бұған таңқалудың қажеті де шамалы болар. Жай айтылмаған болар, Алла үшін дұрыс жолға түскен күнәҺар үнемі әділдік жолда жүргендерге қарағанда әлдеқайда қымбат.

Баласының қолындағы Үй иесін көрген қария ақырын көзін тайдырып, күмілжіді:

-Нәфисаға осың ұнамаған еді… Оны үнемі келемеждеп тұрғандай көрінетін оған. Мен едім оны отындардың арасына апарып тастаған, ол оны отқа жағып жібере ме деп қорықтым. Бұл үшін ашуланбай-ақ қой балам…

–  Мұны өзіммен бірге алып кетемін.

Олар үнсіз сүт пісірімдей уақыт отырды.  Тыныштықты әкесі бұзып:  – Көрдің бе, балам, өмір тағы да қисық жолға бұрылды. Ер адамға жалғыз өмір сүру қиын… Өз-өзін жоғалтып алады. Кых-кых…

Суретші үнсіз ғана әкесін бақылап отырды. Тағы да үйленгісі келетін секілді.

–  Тағы біреуіңіз бар ма еді?

  • Мен сені бекерден-бекер жедел хат жолдап шақыртты дейсің бе?.. Өйткені… Сенсіз ештеме болмайды. Бұл дегенің өте маңызды, жауапкершілігі мол іс…


Әкесіне көз салып, осындай жасқа келіп көп сөйлей бастағанына таңырқап, күлді.

– Мен Хатмолдамен келісіп қойдым. Қазір ол келеді…

  •  Сонымен қай тұсқа қарай шаңғыңды түзедің?


Қария аса бір сақтықпен баласына қарады. Ол мүлдем түсіне алмады, аса маңызды мәселені ақылдасып отырғанда баласының қалжыңға бұрғанын…

– Қарабыққа барамыз,-деп кесіп айтты ол. – Хатмолда қазір келіп қалуы керек.

–  Бұл жолы молда сені кіммен қосар екен?

– Нәфисаның артынан барамыз…

Жетпегені осы еді! Басына қаны қалай шапшығанын суретші сезді. Ол Нәфисаның артынан барып, әкесіне тұрмысқа шығуын өтініп сұрағысы келмеген еді. «Суына батқан өзенге екінші рет баруға болмайды»,-деген көнеден қалған нақыл бар. Әкесінің жас әйелге деген ынтызарлығына ашуы келіп, бірден жауап қатты:

–  Мен ол жаққа бармаймын! Өзің жалғыз бар.

– Мен ол жаққа үш рет бардым. «Өлтірсең де бармаймын»,-деп сазарып тұрып алды. Оны біреулер оқытып қойды ма, әлде көз тиді ме?.. Әкесінің дауысы жалынышты шығып: – Егерде сен барсаң ол бас тартпайды. Бірден салмақтай сөйлеп: – Сен өте мәдениетті сөйлейтін жансың ғой. Орынды сөйлей білесің… Әйел деген жылы сөзге жаны құмар емес пе?.

Суретші басын ұстаған бойда отыра кетті. Ол Қарабыққа өлтірсе де құда болып барғысы келмеді, екінші жағынан барудан бас тартса әкесінің наласына қалары сөзсіз. Әйтпесе өмір жолы мүлдем өзгеріп кетуі де мүмкін.

Тез арада Хатмолда келді. Неге екені белгісіз, бүгін ол ішпепті.

- Кеттік пе, күйеу бала?- деп қарқылдап күлді ол. Содан соң суретшінің қолын алып жатып: – Мхм, тойға баласы да келіпті. Біздің ауылда тек қана Сарым аға ғана бұлай жиі үйленеді, - деп әзіл-шыны аралас көршісін мақтады. – Бүгінгі күні әйелдер де өсектерін осы туралы бастайтын болған…

Суретші кенеттен әкесін аяп кетті: – Менің ойымша, қарттың арқасында көпшілікке күлкі болды. Ол Нәфисаны жек көре бастады, себебі осының барлығы соның кесірінен болып жатыр.

– Кеттік, - деп ол нық айтты. – Егерде қарсылық танытатын болса біз оны күштеп алып келетін боламыз.

Әкесі қуанғаннан күліп жіберді. Хатмолда күдіктене қарады.

  • Онда ертерек жүрейік, – деді ол. – Аз уақытта қараңғы түседі…


Асыққаны соншалық есіктерді құлыптамастан тракторға қарай жүрді. Әкесі кабинадағы Хатмолданың қасына жайғасса, баласы тазаланбаған тіркемеге отырды.

Кеттік…

Ркайыл Зайдулла, 2001 жыл.

Аударған Нұрғиса Өмірбайұлы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар