Қазақстандықтардың шетелде мыңнан астам жылжымайтын мүлкі мен көліктері бар болып шықты. Бұл - жалпыға бірдей табысты декларациялау шарасынан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті тіркеген фактілер, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың шетелде 286 көлік құралы және 1002 жылжымайтын мүлкі тіркелді. Мұны ел азаматтары декларацияның 270.00 нысанын толтыру кезінде көрсетті, делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің LS басылымының ресми сауалына берген жауабында.
"Қазақстан азаматтарына тиесілі ең көп шетелдік жылжымайтын мүлік Ресейде орналасқан - 780. Екінші орында – Түркия (81), үшінші орында – Грузия (18) тұр. Ал АҚШ-та төрт нысан тіркелген", делінген хабарламада.
Ал көлік құралдары, құнды қағаздар және басқа да қаржылық активтер бойынша ең көбісі АҚШ-та (177), одан кейін Ресейде (59), Грузияда (6) тіркелген.
Былтыр қарашада жарияланған деректерге сүйенсек, 18 853 қазақстандық декларацияның 250.00 нысанында елден тыс жерде 24 541 жылжымайтын мүлкі барын көрсеткен. 6,6 мың азамат шетелде 7 мыңнан астам көлікке ие екенін мәлімдеген. Бұған қоса, 9,9 мың қазақстандық шетелдік банктерде 4,6 мың банк шотын ашқаны анықталды.
Сонымен қатар, 22,6 мың азамат шетелде дебиторлық және кредиторлық берешегі бар екенін көрсеткен. Ал 4,3 мың адам шетелдік компаниялардың жарғылық капиталында үлесі барын айтқан: олардың жалпы саны 5,3 мыңнан асады.
Бұл деректер қазақстандықтардың шетелдегі активтерінің айтарлықтай көптігін әрі олардың шетелдегі инвестициялық белсенділігін көрсетеді. Мұның барлығы еліміздегі капиталдың сыртқа кетуімен қатар, қазақстандықтардың қаржылық мүмкіндіктері мен халықаралық нарықтардағы белсенділігінің де айқын дәлелі болып отыр.