Омандық екінші ұшқыш Хамам әл-Хаммамиге Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағын басып алмақ болғаны үшін Біріккен Араб Әмірліктерінде өлім жазасы тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы израильдік Ynet басылымы БАӘ-дегі жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасап жазды. Дереккөздің айтуынша, Абу-Даби әл-Хаммамиге қатысты ең қатаң жаза қолдануды көздеп отыр.
29 жастағы Оман азаматы Хамам әл-Хаммами Flydubai компаниясының 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан FZ1073 рейсінің екінші ұшқышы болған.
Ұшу кезінде ол кабинадағы командирге шабуыл жасап, апаттық балтаны пайдаланып, ұшақты басқаруды қолға алуға әрекет жасаған. БАӘ Бас прокуратурасы оқиғаны террорлық шабуыл жасау әрекеті ретінде сипаттады.
Шабуылдан кейін ұшақ күрт төмендей бастаған. Капитан кабина есігін ашып, жолаушылар мен экипаж мүшелері әл-Хаммамиді залалсыздандырған. Бортта болған қосалқы ұшқыштардың бірі басқаруды қолға алып, ұшақ Сауд Арабиясының Табук қаласына шұғыл қонған. Борттағы 170-тен астам адамның барлығы аман қалған.
Тергеу барысында әл-Хаммамидің шабуылды алдын ала жоспарлаған болуы мүмкін екені анықталып жатыр. The Guardian мәліметінше, тергеушілер оның бастапқыда шабуылды шілде айында жасауды жоспарлағанын, кейін оны кейінге қалдырғанын қарастырып жатыр. Сондай-ақ ол ұшақты Бен-Гурион әуежайына немесе Тель-Авив маңындағы басқа нысанға құлатуды көздеген болуы мүмкін деген нұсқа бар.
Әл-Хаммами бұған дейін Оманның ұлттық әуе компаниясы Oman Air-де жұмыс істеген. БАҚ-та Оман билігі оның радикалды көзқарастарына байланысты ұшу қызметінен шеттетілгені туралы мәліметтер жарияланды. Кейін ол Flydubai компаниясына жұмысқа орналасқан.
Қазір істі Біріккен Араб Әмірліктері тергеп жатыр. Тергеуге Израиль және басқа елдердің тиісті қызметтері де қатысып отыр. Негізгі мәселелердің бірі – әл-Хаммамидің жалғыз әрекет еткені немесе басқа адамдармен байланысы болған-болмағанын анықтау.