Бүгінгі мақаламыз Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының арбада отырып билеуді үздік меңгерген қызмет алушысы, бірнеше жарыстардың жеңімпазы, дарынды, ешкімге ұқсамайтын тағдыр иесі Журавлев Алексей туралы болмақ.
Жарық дүниеге денсаулығындағы кінәратпен келген Алексей туған сәттен-ақ тағдырдың тауқыметіне тап болды. Сырт келбетінің күрделі кемістігімен дүниеге келген сәбиден ата-анасы туылған сәтте бас тартты. Дүниеге шыр етіп енді келген нәресте ата-анасының қамқорлығынсыз қалды.
5 жасқа дейін Алексей Өскемен қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. 2011 жылдан жоғарыда аталған мекемеде тәрбиеленеді. Орталықта оған әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызмет түрлері толығымен көрсетілді. Сол сәтте ол орталықтағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала болды.
Ес кіріп өсіп келе жатқан балаға өзінің достарының күнделікті үйлеріне қайтып, демалыс күндерін отбасымен өткізетіні мінез-құлқына әсер ете бастады. Алайда, Алексей тағдыр тауқыметіне қарамастан өз-өзін жеңе білді, мойымады. Иә, екі аяқсыз өмір сүру мүмкін еместей көрінетінін мойындаймыз.
Бірақ, Алексей өзінің өжеттілігімен арбада отырып қолының көмегімен барлық нәрселерді өздігінен орындуды үйренді, қазақ тілін еркін меңгеріп, «Б.Тұрлыханов атындағы орта мектебі-бақшасы» КММ-де қазақша білім алды, қол еңбегімен айналысып, ән айтып, сахнада өнер көрсетуге, арбада отырып билеуге қызығушылығы артты. Арбада отырып биді бағындыруға бағыт беріп, спорт арбасымен қамтуда демеушілерді тартқан Рысқан Жағыпарқызының және білікті бапкері Наталья Анистратованың жаттықтыруымен Алексей арбада отырып билеудің қыр-сырын меңгеріп облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда өз өнерін көрсете бастады.
2017 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен дәстүрлі «Құрлықтар кубогы» арбадағы би сайысына Қазақстан атынан алғаш қатысқан 11 жастағы Алексей ел намысын қорғап жүлделі бірінші орынды иеленді. 2018 жылы арбада отырып билеуден Қазақстан чемпионатында «Single man», «Single freestyle» номинацияларында екі бірдей алтын жүлдеге ие болды.
2018 жылы тағы да «Құрлықтар Кубогынде» жасөспірімдер арасында топ жарып «Single man Junior» кубогын және «Паралимпиадалық үміт» кубогыне ие болды. 2019 жылы XIV Халықаралық «Жұлдызай» ерекше қажеттіліктері бар балалар шығармашылығы фестиваліне қатысып жүлделі 1 орыннан көрінді.
2019 жылы Санкт-Петербург қаласында арбадағы би бойынша өткен додада Алексей «Әлем кубогы» мен «Құрлықтар кубогын» иеленіп Германияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алған.
Алексей арбада отырып билеуден Құрлықтар кубогына қатарынан үш жыл қатысып, үш ретінде бірінші орын алып, байрағымызды көкке желбіреткен Шығыс Қазақстандық биші-спортсмен.
Ерекше тағдыр иесі Журавлев Алексей біздің орталықтың ғана емес, Үржар ауданының, Қазақстанның мақтанышы. Орталықта мемлекет тарапынан және қызметкерлер тарапынан тиісінше қамқорлық көрсетілгенімен, балаға ата-ананың аялы алақанына ештеңе жетпейтіні анық еді.
Отбасы – ол баланың қалыпты өмірі мен дамуы үшін ең жақсы орын. Ол – біз жақсы көретін, үлгі алатын, қамқорлық жасайтын, жақсылық тілейтін адамдар.
2018 жылы орталық мамандарының нәтижелі іздестіру жұмыстарының арқасында Алексейдің ата-анасының мекен-жайы табылып, екі жақты байланыс орнатылды.
Орталық директоры және тиісті мамандар бастапқы кезде ата-анасымен телефон арқылы байланысып, кейін келе бетпе – бет кездесіп сөйлесіп, Алексейдің отбасымен қауышуына барынша ат салысты, көмектесті. Соның арқасында, Алексейдің тілеуіне, қуанышына, арманына орай 2019 жылы ақпан айында бала туған отбасына оралды. Алексей бұл күнді тағатсыздана күтті, қобалжыды. Отбасымен қауышу баланың психологиясына жақсы әсер етті.
Алексейді спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне жеткізіп, қамқорсыз қалған сәтте жылуын беріп, жабыққанда қолдау көрсетіп, ерекше баланың жан-жақты дамуына әсер еткен, жақсы тәрбие-білім берген Айжан Аманжолқызы басшылық ететін Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерінің еңбегі зор.
Алексей демалыс уақытында үйіне барып, қалған уақытта орталықта қызмет алуын тоқтатпай, мектепте білім алуын жалғастырып, арбада отырып билеуден жаттығуын шыңдауда. Бүгінгі күні біздің орталықтың тәрбиеленушісі Алексей Журавлев Шемонайха ауданы Усть-Таловка кентінде көпбалалы отбасының жанында жазғы демалысын өткізуде.
Орталық директоры Айжан Аманжолқызы Алексейдің биологиялық отбасымен қайта қауышуына қолдау көрсетіп, Алексейге мықты денсаулық, отбасылық бақыт, барлық қиындықтарды ата-анасымен бірге жеңуге тілектес болды. Ұжымымызбен Алеша сияқты әр баланың өз отбасына оралуын тілейміз.
«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік
қызмет көрсету орталығы» КММ.